Қырық жыл қапаста болған қаламгердің мәңгілік ғұмыры басталды
Қазақтың қайсар қаламгері Қажығұмар Шабданұлының жарық дүниемен қош айтысқанына да бір аптаның жүзі болыпты.
Туған жердің еркін ауасы тұрмақ, бір шөкім топырағы бұйырмаған Алаштың қайран ақтаңгер ұлының сүйегі Қытай жеріндегі Шәуешек қаласы маңындағы зиратқа жерленді. Елге өзі жетпесе де, сөзі жеткен тағдырлы жазушының артынан қалың-қалың он томға жүк боларлық шынайы да шымыр шығармалары – бізге мұра. Түрлі саяси себеп-сылтаулармен Қытай өкіметі Қажығұмар ақсақалды еліне қайтаруға заң жүзінде қатал тыйым салды. Қазақстан тарапынан бірнеше мәрте сұрау салынғанымен, бұл мәселенің түйіні шешіле қоймады. Қиын күндерде де қаламын қолынан тастамаған қарт қаламгер түрмеден шыққан кездің өзінде де тиісті органдар оның әрбір сөзі мен басқан қадамын жіті бақылып, үйқамақта ұстады. Елге деген сағыныштан ет жүрегі езіліп, жан-тәнімен бостандықты аңсаған Қаж-ағамыз шын мәнінде де арманда кетті. Артында жоқтау айтып, топырақ сала алмай аңырап ел-жұрты қалды. «Саяси қылмыскер» деген жаман атқа таңылған қазақ қаламгерінің көзі тірісінде де іздеушісі, жанашыры болды. Осындай азаматтардың арқасында ол кісінің еңбегі елге жетті, аты аталып, кітаптары жарыққа шықты.
«Тыңдаушысы болмаса – сөз жетім, іздеушісі болмаса – ер жетім» демекші, Қажығұмар есімін ардақтайтын ел ағалары мен бір топ азамат кеше Алматыда ол кісінің жеті күндігін өткізіп, марқұмның аруағына құран бағыштады. Елге танымал ақын-жазушылар, өнер адамдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан бұл рәсімді Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры, Ғабит Мүсірепов атындағы қор мен Абай.кz ақпараттық порталы ұйымдастырды. Дастарқан басында Қажығұмар Шабданұлының өмірі мен шығармашылығы жайында сөз болып, ол кісінің көзін көріп, сол бір азапты күндерде қасында бірге болған адамдар естеліктерін айтты. Қарт қаламгерді еске алу сипатында өткен басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшелері және Қабдеш Жұмаділов, Ғаббас Қабышұлы, Мұхтар Шаханов, Мұрат Әуезов сынды белгілі қаламгерлер де қатысып, Қажығұмар шығармашылығы жайында, жалпы, шетелдегі қазақ әдебиетінің жағдайы туралы келелі ойларын ортаға салды.
Бүгінде Қажығұмар Шабданұлының ел арасына кең тарай бастаған «Қылмыс» атты сан тараудан тұратын романы азапты ғұмыр кешкен жазушының ғана өмірбаяндық эссе-естелігі емес, ол шетте қалған исі қазақтың қиын тағдыры, азаттыққа ұмтылған ұрпақ шежіресі іспетті.
Кезінде Қазақстан Жазушылар одағы ол кісіні Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына лайық деп тауып, сырттай марапаттаған да болатын.
Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның Халық жазушысы:
– Қажығұмар Шабданұлы – Шыңжаңдағы жаңа сипаттағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ұлтымыздың классик жазушысы. Бұл кісінің өмір жолы бұралаң, тағдыры тым ауыр болды. Жастайынан еркін ойлары үшін қудалауға ұшыраған ол жанкешті ғұмырының 20 жылын Такламакан шөліндегі қатаң тәртіптегі Тарым лагерінде өткізді. Одан кейінгі 15 жылға жуық уақыт Үрімжінің бірінші түрмесінде қамауда болды. Осының арасында бір босап, бір ұсталып жүргенде үш-төрт жылға жабылып, босаған күннің өзінде үйқамақта отырған. Қажекеңнің абақтыда отырған мерзімін есептесек, барлығын қосқанда 40 жылдан асып кетеді. Менің білуімше, жазушы атаулының ішінде әлемде түрмеде ең ұзақ отырғаны осы қазақ қаламгері Қажығұмар ғана. Ал әйгілі рекордтар кітабында бір шетелдік жазушы (аты-жөні есімде жоқ) өмірінің 20 жылын қапаста өткізіпті. Расында да, дүниежүзінің ешбір ұлтында ешбір жазушы 40 жыл түрмеде отырмаған екен.
Қажекемнің қазақтың жарқын болашағы үшін күрескен ақиқатшыл азамат, қайраткер қаламгер екені даусыз. Өкінішке қарай, біз Қажығұмарды көзі тірісінде елге жеткізе алмадық, тіпті ол өмірмен қош айтысқаннан кейін де сүйегін ала алмадық. Енді Қажекең біздің арамызда өлмес шығармаларымен ғана мәңгілік ғұмыр кешпек.
P.S.
Ішқұсалықпен күн кешіп, жарық дүниеге темір тордың арғы жағынан көз салған Қаж-ағамыз қажыған жоқ, ол еліне, жеріне сенді. Үлкен үмітпен өмір сүрді. Көрген-білгенін, түсінген-түйгенін хатқа түсіріп кетті. Бірақ жазушының өзегін өртейтін бір сағыныш бар еді. Ол атамекенге оралу болатын. Амал нешік, қатал тағдыр Қажығұмар қарияға мүлдем қырын қарап кетті..