Жуырда Бішкек қаласының опера және балет театрында Қырғыз ұлтының мақтанышы, көрнекті ақыны Байдылда Сарногаевтың 80 жылдығы салтанатпен атап өтілді. Бар өмірін халқының руханиятына арнаған, сол жолда ешбір қиындықтарға қарамай жыр маржандарын дүниеге әкелген шайыр елдің жүрегінен ойып тұрып орын алған.
Кеште 73 жасында «қырғызым-жалғызым» деп өмірден өткен Байдылда байкенің өмірінен сыр шертетін қойылымдар ұсынылып, ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Кеш барысында «Жетімен» қоры ұйымдастырған ақындар арасындағы Халықаралық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Қордың төрағасы әрі құрылтайшысы барлық қазақ атбегілерінің досы , қырғыздың ұлттық батыры Болатбек Есентайұлы Шерниязов. Тұңғыш рет бұл беделді сыйлыққа қазақтың талантты ақыны, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері – Ұлықбек Есдәулетов лайықты деп табылып, зор марапатқа ие болды.
Бүгінде «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бас редакторы қызметін атқарып жүрген Ұлықбек ақынымызды айыр қалпақты ағайындар ұсынған еларалық айтулы сыйлығымен құттықтаймыз. Ақынға шығармашылық табыстар тілейміз.