Алтын Орда дәуірінде қыпшақ даласындағы түркі халықтарының мәдениеті, әдебиеті қанатын кеңге жайып, жоғары дәрежеде дамыды. Аталған кезеңде әл-Хорезмидің «Мұхаббат намесі», Сайф Сараидың «Гүлістан бит-түркиі», Құтбтың «Хұсрау-Шырыны», Дүрбектің «Жүсіп-Зылихасы» және басқа да әдеби ескерткіштер дүниеге келді. Бұл жәдігерлермен бір қатардан орын алатын қыпшақ тілінің сөздігі – «Кодекс куманикус» атты кітаптың да манызы мен мәні өте зор деп айтуға болады. Бұл кітап заман талабына сай жазылған туынды деп бағаланған. Алтын Орда дәуірі кезеңінде ұлы даладағы түркі тайпалары әскери күші мен қуаты жағынан әлемде теңдесі жоқ күшке ие болып, олардың ықпалы алыс-жақын елдерге өте жоғары болған және қыпшақ тілі халықаралық тіл дәрежесіне көтерілген. Мұның айқын дәлелі – куман-латын-парсы-латын, герман-латын тілдерінің сөздігі түзілген «Кодекс куманикус», яғни «Қыпшақтар кітабы». Ол ескерткіш 1303 жылы жазылған.
«Кодекс куманикус» жазба ескерткішінің жазылу тарихы, оның тілдік ерекшеліктері жайында көптеген ғалымдар зерттеп те, жазып та келеді. Олардың қатарынан 1828 жылы «Қыпшақтар кітабы» жайында алғаш мақала жазған Г.Клапротты, А.Гаркавецті, Я.Дашкевичті, Ә.Құрышжановты, Н.Келімбетовті, М.Жолдасбековті, А.Кыраубаеваны және басқа да ғалымдарды атап өту керек. Жақында осы ғалымдардың қатарына «Кодекс куманикус» – бабалар болмысының баяны» атты ғылыми кітабымен журналист-қаламгер Зәкім Жайлыбай қосылды.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, автор 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірерде жазған «Кодекс куманикус» ескерткішіндегі септік жалғаулары және оларды қазіргі түркі тілдерімен салыстыру» (қазақ, қарақалпақ, ноғай, құмық) атты диплом жұмысын орта жолда тастамай, оны жаңа ой-пікірлерімен толықтырып, іргелі зерттеу жүргізіпті. Зерттеуші З.Жайлыбай ғылыми еңбегін «Кодекс куманикус» – бабалар болмысының баяны» деп өте орынды атаған. Себебі осы әдеби жәдігер арқылы кейінгі ұрпақ өздерінің бабаларының әлемді тітіреткен ұлы держава құрып, қыпшақ тілінің қазіргі ағылшын тілі сияқты халықаралық қатынас тілі дәрежесіне жеткенін мақтаныш етеді. Автордың зерттеу нысанына алған осынау жазба ескерткішті зерделеу барысында өзіндік соны пікірлерін Тәуелсіз елдің азаматына сай талғаммен ұштастыра отырып, ұлттық дүниетаным тұрғысында қазіргі қазақ тіл білімі саласында алар орны жоғары, маңызды да келелі мәселелерді қамтығандығы байқалады.
Жалпы, кітаптың құрылымы «Дананың дана тағылымы» атты кіріспе сөзбен, ғылыми жұмысқа берілген белгілі ғалымдар Ә.Құрышжанов пен Т.Қоңыратбаевтың және жазушы Қ.Түменбайдың пікірлері мен автордың ұстаздарымен жазысқан хаттарымен басталыпты.
Негізгі бөлімінің бірінші тарауы «Кодекс куманикус» – тілдік құндылық» деп аталған. Мұнда З.Жайлыбай жазба ескерткіштің құрылымын, тарихын, тілдік ерекшеліктерін сөз ете отырып, М.Кастрен, В.Бартольд, В.Радлов, П.Мелиоранский, С.Малов, Г.Рамстедт, Н.Баскаков т.б түркітанушы ғалымдардың зерттеулерін саралайды. Ал «Қыпшақ тілі туралы жинақ» атты бөлімде автор «половец», «куман», «қыпшақ» сөздерінің генезисін ашуға тырысып, өзіндік пікірлерін ұсынады.
Мамай АХЕТ, филология ғылымының кандидаты:
– З.Жайлыбайдың бұл еңбегі халқымыздың жүріп өткен мың жылдық тарихына сәуле түсіріп, өзімізге өзгенің емес, өзіміздің көзімізбен қарауға үндейді. Бүгінгідей талғамды тұмандандыратын әсіреқызылдың ішінен жаңалығы мол салиқалы еңбектің көпшілік оқырманға жол тартуы қуантады. Көне кумандармен қауышқандай, танысыңды жолықтырғандай, өз-өзіңнен күбірлеп, уақытыңды текке өлтірмейтініңе іштей разы боласың.