ҚУЫРШАҚТАР кімге ӨКПЕЛІ?

ҚУЫРШАҚТАР кімге ӨКПЕЛІ?

Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер. Театр – тәлім-тәрбие мектебі, театр—рухани азық алар орда. Ал, осы тәрбие мектебінің басында қуыршақ театрының тұратыны анық. Себебі, ол-- жасөскіннің қалыптасу кезеңіндегі тәрбие құралы. Жуырда облыстық қуыршақ театрында өткен қойылымнан осылайша ой түйдік. Өнерлеріне жарты әлемді сыйдыра алатын сол мәдени ортада көргеніміздің көбесін сөккенді жөн көрдік. 

Құдайға шүкір, еліміздің ірі қалаларымен қатар бізде де қуыршақ театры бар. Бұл жайында жуырда Маңғыстау облысының өңіріміздегі «Қазыналы Маңғыстау» атты мәдени күндеріне қатысқан мұнайлы өлкенің мәдениет басқармасының мамандары «Қандай керемет! Бізде жоқ қуыршақ театры сіздерде бар»,- деп өз таңданыстарын жасыра алмады. Бірақ, бірақ...

Балалар үшін қуыршақ театрында қойылым тамашалау қамыс арасынан қоян іздегенмен бірдей. Бір сөзбен, қонағымыздың аузының суы құрыған қуыршақ театрдың құрылысы сын көтермейді. Оқырманға түсінікті болуы үшін қуыршақ театры орын тепкен ғимарат туралы аз-кем баян етсек. «Кең баба» саябағы жағынан кіріп келе жатқанда қабырғасына «Қазақстан Республикасы Никольский шіркеуі XX ғ. Басы Ескерткіш мемлекет қорғауында» деген тақта ілінген. Сыртындағы кірпіштерінің арасы арса-арса болған үш қабатты ескі ғимарат көрінеді. Бүгінде қаракөздеріміздің үнемі келіп, рухани тәрбие алатын мәдени орталығы бұл. Анығында, жүз жыл бұрын сол кездегі Чимкент уездік қаласының Собор бағында архитектор Иван Антонович Маркевичтің жобасы бойынша инженер Ботвинкиннің орындауымен іргетасы қаланған Никольский соборының ғимараты еді. Тіпті, славяндарға қасиетті Николай Угодниктің атынан бата берілген собор сол кезден-ақ бір сәтте қасиетті, көз тартарлық архитектуралық ғимарат болып шыға келіпті. Бұл собор Оңтүстік Қазақстанның басқа шіркеулеріне қарағанда бұрынғы Түркістан епиархиясының ең жақсы қалалық ғибадатханаларының бірі деп бағаланады дейді сала мамандары. Кейіннен «құдайсыз» қоғамда Никольский собордың крестері алынғанын да тарих парақтары ақтарып отыр. Айтпағымыз, оның шіркеу немесе ғибадатхана болғандығында емес, ғасыр тоздырған ғимараттың түрлі кезеңдерде табиғаттың да зардаптарына ұшырағандығында.
Тоқетері, ғимарат ескірген. Ашып айтсақ, қойылым тамашалауға арналған көрермен залы талапқа сай емес. Сондықтан, сәтке болса да адамдық болмысын ұмытып, қасқыр не қоянның кейпінде көрерменін сендіремін деп сан мәрте жаттығудан жаңылмаған актерлер қауымының еңбегі еш... Өткенде ғана балабақша тәрбиеленушілеріне ұсынылған Әдібай Табылдының «Бәрекелді кірпі!» қойылымын бүлдіршіндердің көбісі толық тамашалай алмады. Олай дейтініміз, ондағы орындықтардың арқа сүйенер жақтауы жасөскіндердің бойына шақталмаған. Анығы, тойханалардың той үстеліне лайықталған орындықтарға көбірек ұқсаңқырайды. Отырса, алдындағы қызықтан құр қалатын болғандықтан соңындағылар қойылымды тікесінен тік тұрып көруге мәжбүр болды.
Тағы бір байқағанмыз, көрермен залының қабырғаларын жасөскіннің санасына ой саларлықтай, өнер әлеміне елітіп ала жөнелердей етіп безендіру жағы кемшін. Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, Еуропаның, Қытайдың қуыршақ театрларының қабырғаларында сол ұлттың төл фольклорындағы қиял-ғажайып ертегілеріндей аңыз кейіпкерлердің суреттері ілінеді. Жасөскін кітаптан оқып білгенін қабырға суреттері мен қойылымды тамашалау барысында сезінетін көрінеді. Ал, бізде осы жағы ақсаңқырап тұр.
Жуырда «Отырар» телеарнасы түсірген сюжетте шаһардағы өрт қауіпсіздігін сақтамаған 42 нысан жабылуы мүмкін деген ақпар тарады. Қалалық ТЖБ мемлекеттік өрт бөлімінің мамандары сол есігіне қара құлып салынуы тиіс болған ғимараттардың бірі облыстық қуыршақ театры екендігі де тілге тиек етті. «Тілсіз жауға» қарсы қауіпсіздік шаралары бойынша кем-кетіктер орындалмаса, өнер орталығы кезекті маусымын аша алмай қалуы мүмкіндігін айтқан болатын. Қызыл алаудан келер 15 қауіп бойынша сыналған ғимаратты мамандар әкімшілік айыппұлмен шектемей, жабылсын деген қорытынды шығарған. Осыған байланысты, жаман айтпай, жақсы жоқ, «театр ғимараты төтенше жағдайда «тілсіз жауға» сай ма?»- деп аталмыш театр директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Рашида Оразбаевадан сұрағанбыз. «Осы жағымсыз хабар біраз көрермендерімізден айырды. Олай дейтініміз, бұл ақпарат тараған соң театрымызға келетіндердің қатары сирей бастады. «Сіздер жабылады екенсіздер ғой»,- деген де сөздер естідік. Алайда, өрт қауіпсіздігіне байланысты олқылықтардың пысықталып, тиісті орындарға шартты белгілер, шырақтар мен түсіндірме жазулар ілінді. Бір сөзбен айтқанда, өрт қауіпсіздігіне театр ғимаратын толық дайындадық»,- деген уәж айтты ол. Расында, ғимарат ішін аралап шығу барысында көзіміз жеткендей тиісті ережелер сақталған екен. Былайша «шулатқанымыз», сабан өртенді дегенді, Самарқан өртендіге балап жүргеніміз екен...
Тіпті, театр ұжымындағы аты-жөнін атамауды өтінген бір апайымыз, үш қабатты ғимараттың сейсмикалық төзімділігі қанағаттанғысыз екендігін, бірнеше жыл бұрын сала мамандары ғимаратты тексеру жұмысын жүргізгендігін айтты. Бұл туралы театр директорының орынбасары Омархан Байсопы өздері орын тепкен ғимараттың жер сілкінісіне төзімділігі жағынан барлық талаптарға сай екендігін, 2009-2010 жылдары Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев бастаған мекеменің осындай шешім шығарғандығын алға тартады. Әйтсе де, көзге ұрып тұрған дүниені айтпай кетуге болмас. Шындығында, ғимараттың сыртын бір шолып шыққанда байқағаным, келбеті тозған. Жөндеу жұмыстары туралы ұсыныс болса да, мемлекет қорғауындағы архитектуралық нысан болғандықтан сыртқы қабатына қол ұшын тигізуге де болмайды екен.
Қуыршақ театрының жылдық түсімі 12 миллион 697 мың теңге. Ол театр маусымының қойылымынан жиналған қаражат. Дегенмен, мұны орындаудың өзі де қиынның қиыны. «Жақында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы театр актерлерінің жалақысының аздығын айтып, мәселе көтерген еді. Ендеше, еңбегіңіздің өтеміне көңіліңіз тола ма?»,- деп сыр суыртпақтадым. Кім өзінің жалақысын ашық жария ете қойсын. Директордың орынбасары Омархан аға қарамағындағы техникалық қызметкерлерден тыс шығармашылық топтың дәрежесіне сай еңбекақысы да жоғары екендігін, министр айтқандай төмен жалақы мұнда тіркелмегендігін мәлім етті. Ал, театрдың бас әкімшісі Ерғали Әбдіхадыров жалақысының Шымкентте күнкөріске жетіп артылатындығын жеткізді. Жалақысының мардымсыздығынан, «қара қазан, сары бала қамы» үшін той жағалап өнерін сатып жүргендер кімдер? Ащы да болса шындық, көбісі дерлік театр актерлері мен өнер адамдары. Әттеген-айы, рухани құндылықтан материалдық байлықты биіктетудің салдарынан бұл сұлу әлемге деген сұраныс аз. Сенбесеңіз, театрларға барыңыз. Кассасында 200 теңгелік билетін сата алмай қаңтарылған кассир апайды көресіз. Тіпті, ұжымдық рухани еңбектің өтемі 200 теңгені қымбатсынып жүргендер де табылады.
Ал, сіз шетелден келген даңғаза әншілердің (орындаушылардың) концертіне 400 долларға 2 билет алып, сонымен естелік суретке түскеніңізді мақтан етесіз. Есесіне қуыршақ театрының жылдық түсімін қайткенде де орындау үшін театр маусымының ашылуынан бастап 6 жаңа қойылым ұсыну үшін еңбек етіп келе жатқан актерлердің еңбегін бағаламайсыз. Театр мамандарының айтуынша, олар Астана, Тараз, Байқоңыр қалаларында жылына бір реттен гастрольдік сапарда болады екен.  Қала берді, балабақша мен мектеп директорларына өтініш жасап, билеттерін өткізіп тұратындығын жасырмады. Ал, Оңтүстіктегі аудан-қалаларға қарағанда өзге өңірлерде табыс жақсы. Себебі, Байқоңырдағы билет бағасы Ресей рублімен есептелсе, Астана мен Таразда баға біздегімен салыстырғанда қымбаттау көрінеді... Ал біздің қуыршақтар өкпелі... «Өнерімізді тамашалайтын көрермендер қайда екен?» - деп алаңдап қояды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста