«Құстар фестивалі» Санкт-Петербург сахнасында салтанат құрады

«Құстар фестивалі»  Санкт-Петербург сахнасында салтанат құрады

Жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» атты пьесасы Санкт-Петербургтің мемлекеттік музыкалық комедия театрында қойылатын болды. Театрдың бас директоры Ю.А.Шварцкопфтың драматургке жолдаған хатына жүгінсек, «дәл қазіргі уақытта композитормен келіссөз жүріп жатыр және спектакльдің премьерасы биылғы жылдың желтоқсан айында өтеді» деп жоспарланып отыр.

Бір анығы, Санкт-Петербургтің мемлекеттік музыкалық комедия театры – құрылғанына тура 70 жыл болған және қай уақытта да, тіпті Ленинград қоршауда қалған 900 күн бойы да қала тұрғындарының рухын көтеру мақсатында тынбай еңбек етіп, үлкен ерліктің, табандылықтың үлгісін көрсеткен іргелі ұжым, киелі өнер ордасы. Сондай-ақ ол қашанда Ресейдің алдыңғы қатарлы театрларының көшбасында болған және онда бүкіл Одаққа аты мәшһүр талантты актерлер труппасы еңбек еткен.

Енді «Құстар фестивалінің» тарихына аз-кем тоқталып өтейік. Арқау еткен тақырыбы қандай, жалпы, нендей мақсаттан туындаған? Бұл реттегі айтарымыз, осыдан он жыл бұрын жазылған пьеса ең алғаш рет Мемлекеттік Қуыршақ театрында, одан кейін Шымкент, Түркістан театрларында сахналанған. Қазір Н.Сац атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында қойылуға дайындалып жатыр.

 

Алтын өзек

Дулат Исабеков аталмыш пьесаны театрларымыздың, жалпы мәдениеттің жағдайы өте қиын болып кеткен уақытта жазғанын және ішіне сыймаған ойларын ертегі түрінде жеткізгісі келгенін айтады. Ал пьесаның ұзын-ырғасы былай: Ну орман. Түрлі-түрлі құстар. Құстардың патшасы – бүркіт бәрін жинап алады да: «Қарнымыз тойған сияқты. Енді мәдениетті қолға алайық», – деп әнші құстардың бүкілормандық фестивалін өткізуді ұсынады. Құстардың арасында бәрі бар – тотықұс та, жапалақ та, сауысқан да, тоқылдақ та... Әділқазылар алқасы да сайланады. Бірінші орыннан әркімнің дәмесі зор: қара қарға да, әтеш те таласып жатыр. Екеуі тіпті бір-бірімен шайқасып та алады. «Бұл – құстардың сайысы. Әтештер құсқа жатпайды», – дейді қарға. «Сонда құс сен бе? Ата-бабаңда ән айтқан ешкім жоқ. Қарқылдағаннан басқа не білесің сен?» — дейді әтеш. Содан қырғын төбелес. Барлығының мақсаты – бұлбұлды сайысқа қатыстырмау. Сол үшін түрлі айла-шарғыға барады, сойыл соғарларын жіберіп, оны байлатып та тастайды, әр нәрсені айтып азғырады да. Қарға да, әтеш те қалайда бірінші орынды иеленудің қамына кірісіп кетеді. Қарға бүркітке балапандарын жемтікке қияды, әтеш мекиендерінің қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарып шулатып жүріп, бәлен жұмыртқа мен бәлен қап мамықты параға беретін болады. Тоқылдақтың ештеңемен шаруасы жоқ. Бұлбұлдың әнін ол өмір бойы естіп келе жатыр. Бірақ әнді айтушының кім екенінен бейхабар. «Қалайша білмейсің?» – деп таңырқаған жұртқа: «Қайдан білейін? Тіршілік. Бала-шағаның қамы өнерге мойын бұрғызбай тұр», – деп мұң шағады.

Фестивальға қатысушылардың тізімін шолып шыққан бүркіт: «Бұлбұл деген құс бар деуші едіңдер. Ол мұнда жоқ қой», – дейді жандайшаптарына. «Ол анда кетіп қалыпты», «өйтіп қалыпты», «бүйтіп қалыпты» деген әртүрлі жауап айтылады. Бірақ бүркіт: «Сайысқа бұлбұл қалайда қатысатын болсын!» – деп бұйырады. Сөйтіп, нөкерлер фестивальдің ақырғы күнінде бұлбұлды тауып, қатысуға көндіріп, алып келеді. Келсе, сайыс бітіп, жүлде тапсырылып жатыр екен. Бас бәйге қара қарғаға беріліп те қойыпты. Сол кезде бұлбұл әнге басады. Тапжылмай тыңдаған патша бүркіт: «Жаңағы әнді айтқан мынау жұдырықтай құс па? Мен неге оны бұрын ешқашан көрмегенмін?» – деп таңырқай сұрайды. «Әрине, сіз оны көрген жоқсыз. Өйткені сіз шырқау биікте, шыңда жүресіз. Бұлбұл төменде, орманда жүреді», – дейді нөкерлері. Патша бүркітке қайта-қайта ән айтқызады. Сосын: «Мен, әрине, музыка маманы емеспін. Бірақ осы фестиваль барысында құлағыма ерекше жаққаны бұлбұлдың үні болды. Сондықтан осы елдің патшасы ретінде қазылар алқасының жұмысына араласқым келіп тұр. Бас бәйгені бұлбұлға берсек», – деп қарғаның мойнындағы жүлдегердің алқасын бұлбұлға тағады. Бір-бірімен дүрдараз болып, қарға мен әтеш кетеді... «Жасасын әділдік!» деп шулаған құстардың дауысынан орман жаңғырады.

Қорыта айтқанда...

Әр елдің өз бүркіті, өз бұлбұлы, қарғасы мен әтеші, тоқылдағы мен жапалағы бар. Трагедиясы да ортақ, қуанышы да ұқсас. Сондықтан да күлетін жерінде күледі, жылайтын жерінде жылайды. «Жалпы, қасиетті нәрсенің бәрі ортақ болады, – дейді Дулат Исабеков. – Ойдан шығарылмаған, яғни өмірдің өзінен алынған нәрсеге бәрі сенеді. Біздің жазушылар өмірдің шындығын көркемдік шындыққа айналдырғанда нені алу керек екенін білмей қалады. Яғни қандай образ, қандай сөз, қандай қылық құндылау? Қандай мінез-құлық түсініктілеу және ортақ? Қысқасы, өзіңнің көрген-білгеніңді, түйгеніңді түсінікті етіп жазып берсең, жұрттың бәрі түсінеді. Саусақтан сорып, өтірікті шынға айналдырған нәрсеге ешкім сенбейді». Осы тұрғыдан алғанда, «Құстар фестивалінде» көтерілген мәселелер барлық ұлттарға таныс, түсінікті. Және мұндағы негізгі идея «мәдениетті ешқашан ұмытуға болмайды, қарынның қамын ойлаған дұрыс, бірақ мәдениеттен айырылған ел «ел» болмайды, қашанда таланттың бағасын білу керек» дегенге саяды. Бұл идея жазушының «Актриса» драмасында жалғасын тауып, одан әрі тереңдей түскен...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста