Алаш жұрты алып абызынан, ұлы дала дарабозынан, қазақ ғылымы қара нарынан айырылды. Тәуелсіздіктің туын тігіп, азат елдің Ата Заңын әзірлеуге белсене үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ заң ғылымының тұңғыш академигі Салық Зиманұлы Зиманов ағамыз тоқсан жасында артына телегей-теңіз мұрасын аманаттап бақиға аттанып кете барды. Дәуірінің дарабозы, талай буынға ұстаз болған академик Салық Зиманов – көрнекті заңгер-теоретиктердің бірі, танымал мемлекет зерттеушісі, Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой тарихының шежірешісі, оқу-ағарту ісін ұйымдастырушы, ұлттық әдет-ғұрып құқығын зерттеуші ғалым еді. Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарды қорғап алаңға шыққан, Колбиннің көзінше қазақ мемлекеттілігінің көне тарихын қозғаған, сол кездегі басшылар қателігін бетке айтқан қаһармандық істері ел жадында.
Салық Зиманұлы Зиманов 1921 жылы 19 ақпанда Гурьев қаласында, қазіргі Атырау қаласында туған, сонда 1938 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіріп, Форт-Шевченко қаласындағы қазақ орта мектебінде математика мен физика пәні мұғалімі болып жұмыс істеді, сол жерде бір жылдан кейін әскерге шақырылып, Грузияда әскери борышын өтеп, соғысқа қатысты. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол Бас Кавказ жотасында жаудың жолын бөгейді.
1941 жылдың қыркүйегінен Салық Зиманұлы түрлі майдандарда – Оңтүстік Закавказдық, Солтүстік Кавказдық, Степной, Воронеж, 2-ші Украиналық және 2-ші Белорусстық әскерлердің солтүстік бөлімшелерінде соғыса жүріп, әскери жолдастарымен Бугтан, Днепрден, Одерден өтті. 1943 жылдың желтоқсанынан соғыстың соңына дейін бес танк армиясында сегіз механикалық корпуста болды, басында дивизион командирі, содан кейін 615-минометтік полктің саптық бөлімі командирінің орынбасары, ал соғыстың соңғы айларында 66-механикалық бригаданың артиллерия бойынша командирінің орынбасары болды.
Төрт рет жараланған. Кеңес Одағы әскерінің құрамында Кубань, Воронеж, Харьков, Кировоград, Кременчук қалаларын азат етуге, Данциг, Кенигсберг қалаларын алуға қатысқан. Осылайша, Берлинге де жетіп, жеңіс туын қадауға үлес қосты. Соғыс аяқталғаннан кейін бір жылдан соң С.Зиманов артиллериялық полк штабының бастығы бола тұра әскерден қайтты. Әскери зор еңбектері үшін Ұлы Отан соғысының I дәрежелі орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «За участие в героической обороне Кавказа», «За участие в героическом штурме и взятии Кенигсберга» медальдарымен және басқалармен марапатталған.
Армиядан елге оралған соң Гурьев облыстық прокуратурасында тергеуші – аға тергеуші (1946-1947), Қазақ ССР прокуроры жанында маңызды істер бойынша тергеуші (Алматы, 1947-1948 жж.) болып еңбек етті.
Салық Зиманұлын Қазақстанның жоғарғы заң білімінің және құқықтық ғылымының патриархы деп атауы тегін емес. Өнегелі бар ғұмырын Қазақстанның саяси және құқықтық тарихын зерттеуге арнады. 1948 жылы сырттай Бүкілодақтық заң институтын бітіріп, ол өзінің негізгі қызметін Ұлттық Ғылым академиясымен байланыстырды, 1950 жылы аспирантураны тамамдап, заң ғылымының кандидаты атанды. Кандидаттық диссертациясының тақырыбы — «Бөкей хандығы және оның саяси-құқықтық құрылысы». Салық Зиманов 1961 жылы «ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылысы» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Өмірі ғылыммен егіз еді. 1948-1952 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі. 1952-1954 жылдары – Алматы мемлекеттік заң институтының директоры. 1955 жылдан – Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің деканы. 1958-1969 жылдары – Қазақ ССР Ғылым академиясының Философия және құқық институтының директоры. 1969-1995 жылдары – Қазақ ССР Ғылым академиясының Философия және құқық институты, кейіннен Мемлекет және құқық институтының құрамына шыққан мемлекет теориясы мен тарихы бөлімінің меңгерушісі. 1976-1977 жылдары – Қазақ ССР Ғылым академиясы Президиумының бас ғылыми хатшысы. Қазақ ССР-інің халық депутаты, ҚР Жоғарғы кеңесі комитетінің төрағасы әрі Президиум мүшесі (1990-1995). 1996-2003 жылдары ҚР ҒА Мемлекет және құқық институтының құрметті директоры. 1995 жылдан бері – Академиялық құқықтық институт – Қазақ академиялық университетінің ректоры. 2004 жылдан бастап өмірінің соңына дейін – «Интеллектуал-Парасат» заң компаниясының Бас директоры қызметін атқарды.
Ол әмбебап һәм энциклопедист ғалым, зерттеу жұмыстарының ауқымы өте кең заң ғылымы мен қазақтың ілкідегі үкім-кесімдерін, дәстүрлі сот билігін шебер ұштастырып, осы бағыттағы соны зерттеулерге даңғыл жол салды.
230-дан астам ғылыми мақала жазып, бірнеше іргелі зерттеулер мен еңбектерін артына қалдырды. Үштомдық «Кеңестік Қазақстанның мемлекеті мен құқығы тарихының» бас редакторы (1956-1964). «Қазақтың ата заңдары – Древний мир права казахов» атты 10 томдық іргелі еңбектің жетекшісі, бас редакторы әрі әзірлеушілердің бірі. Бүгінгі күні тоғыз томы толық жарыққа шықты (2004-2009). 18 монографияның авторы, олар: «В.И.Ленин и советская национальная государственность в Казахстане» (1970), «От освободительных идей к советской государственности в Бухаре и Хиве» (1976), «Общая теория права и ее место в курсе теории государства и права» (1979), «Россия и Букеевское ханство» (1982), «Теоретические вопросы советского национально-государственного строительства» (1987), «Конституция и Парламент РК» (1995). «Политические взгляды Ч. Валиханова» (в соавторе с Атишевым А.) (1968), «Теория и практика автономизации в СССР» (2001), «Государство и контракты в сфере нефтяных операций» (2007), «Казахский суд биев – уникальная судебная система» (2008), «Казахский академический университет и государственно-правовая наука» (2008) және т.б.
Салық Зиманов Парламент қабырғасында Тәуелсіздікті нығайтуға зор еңбек сіңірді. 1990 жылы С.Зиманов республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды және тез арада белсенді заңнамашылар қатарына қосылды. Ол Парламенттің бір комитетінің төрағасы болып тағайындалды, Қазақ ССР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасын дайындауда комиссияны басқарды. Оның тікелей қатысуымен басқа маңызды саяси құжат – «Қазақстан Республикасы мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң дайындалды. Ол мемлекеттің жаңа Конституциясының жобасын дайындауда сарапшылар тобын басқарды. 1994 жылы С.Зиманов екінші рет Жоғарғы Кеңестің XIII шақыртылымының депутаты болып сайланды.
ҚР ҰҒА академигі Салық Зиманұлы Зиманов мемлекеттің өркендеуіне, отандық ғылымның дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Президенттің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы бірінші сыйлықтың иегері, «Парасат» орденінің, ғылым саласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды, Атырау облысының және Алматы қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.
Жексенбі күні, яғни 6 қарашада сағат 10.00 ден 11.00-ге дейін Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында заң ғылымының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Салық Зимановпен қоштасу өтеді.
Тәуелсіз қазақ елінің Ата Заңын әзірлеуге белсене атсалысып, ұлттық-мемлекеттік құрылыс теориясы мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағытты қалыптастырушы ғалым Салық Зиманұлының өнегелі өмірі мен мол мұрасы – мәңгілік ел жадында, мәңгілік Қазақстанмен бірге жасай бермек!
Жаныңыз жаннатта болсын, әз аға, аңыз аға, абыз аға!
Мұрат Жұрынов, академик, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті:
Жақсы адамның өлген күні болмайды
– Салық аға – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ғұлама ғалым, елі үшін атқарған еңбектері ерен, өсіп-өніп келе жатқан жастарға өнеге болатын еліміздің ірі тұлғасы, заңтану ұлттық ғылымының негізін салған ғалымның бірі, юриспруденцияның мемлекеттік деңгейдегі жетекші ғалымы.
Ол – Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, иығына әскери полковник погонын тағып қайтқан қазақтың батыр ағасы. Сұрапыл соғыстан кейін де қаймана қазақ жұртының еңсесін көтеруге бағытталған ғылым майданына, Қаныш Сәтбаев бастаған зиялы қауымның қатарына келіп қосылды. Сол кезден бастап Салық аға Қазақ КСР Ғылым академиясында жұмыс істеді. Ұзақ жылдарғы еңбегінде ол кісі бас хатшы қызметіне дейін көтерілді. Академия жанындағы Философия және құқық институтының директоры болды. Одан кейінгі өмірінде осы академия атынан ұсынылған бес орынның бірі бойынша Қазақ КСР Жоғары кеңесінің алғашқы сайлауында депутат болып сайланды.
Колбин заманында бірінші болып мінберден сөз алып, «қазақ тілі мәртебесін мемлекеттік ету керек» деп Сұлтан Сартаев екеуі батыл пікір айтқан болатын. Іле-шала ақ түйенің қарыны жарылып, қазақ өз Тәуелсіздігін алып, алғашқы Ата Заңымызды қабылдадық. Сондай тарихи да мәртебелі сәтте ол кісі еліміздің Конституциясының іргесін қалауға жан-тәнімен атсалысты.
Міне, осындай-осындай қилы заманды бастан өткеріп, тарихи маңызды істердің басы-қасында болып жүрген ірілігіне қарамастан, Салық аға өмірде өте қарапайым адам болатын. Жақын тұтқан адамнан ақылын аямайтын. Бүгінгі академияның президенті ретінде ол кісімен көп мәселелер бойынша сұхбаттасушы едім. Ауырып қалғанын естігенде қасынан табылып, Тәңірден жан жарасының жазылуын тіледік.
Өзі сезген болуы керек, осы бейсенбіде ауруханадан үйіне шыққан екен. Ертеңінде, барша мұсылманның қасиетті күні – жұмада көз жұмды. Иманы жолдас болғай! Ал жерлеу күні – жексенбіде, құрбан айтқа келіп тұр. «Жақсы адамның өлген күні болмайды» дейді бабаларымыз. Міне, осындай ағамыздың қазақ жұртының жадынан ешқашан өшпейтіндігіне кәміл сенімдімін.
Елбасы академик Салық Зимановтың отбасына көңіл айтты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, халқымыздың мақтан тұтар аяулы перзенттерінің бірі Салық Зимановтың өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
«Салық Зиманов отандық заң ғылымының дамуына, құқықтық мемлекеттің қалыптасуына, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан зиялы тұлға еді. Ол кісі шын мәнінде кісілік пен даналықтың үлгісіндей, әділдіктің таразысындай абыз ақсақалымыз болатын. Адамгершілік қасиеттері мол, жаны жайсаң, жүрегі кіршіксіз, абзал азаматтың елге сіңірген еңбегі мен жарқын дидарын халқымыз әрдайым жүрегінде сақтайды деп сенемін. Оның ғылымдағы мол мұрасы мен ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Марқұмның топырағы торқа, жаны жаннатта болсын», – делінген жеделхатта.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Сенат депутаты:
Қазақ заңгерлерінің атасы
– Рухани әлеміміздің көрнекті өкілі, аса ірі тұлғасы, ұлтымыздың келбетіндей ғалым, Салық Зиманұлы Зиманов дүниеден өтті. Бұл кісінің біздің қоғамға сіңірген еңбегі зор. Әсіресе еліміз Тәуелсіздік алар тұста Егемендік туралы Декларацияның, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңының қабылдануына айрықша қайраткерлік, білімділік көрсетті. Салық Зимановты қазақстандық заңгерлердің атасы деп атауға да болар еді. Әрине, бұл кісінің қалдырған мұрасы айтарлықтай көп. Заңнама саласындағы еңбектерін тек заңгерлер қауымы ғана емес, біздің барша қоғам жақсы біледі. Ұлтымыздың айрықша өнегелі тұлғасы. Бұл кісі жастарға интеллектуалдық ғалым ретінде, ғылым-білім саласының майталманы ретінде өнеге бола алады. Қоғамда болып жатқан әртүрлі құбылыстардың әрбіріне қатысты өзіндік көзқарасы бар ерекше адам еді. Сондықтан бұл қаза — барша қазақ үшін ортақ қайғы.
Мақсұт НӘРІКБАЕВ, саясаткер:
Ағамыз ақыл алыбы еді...
– Біздің мемлекетімізде Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалаушы бірнеше алып жүректі тұлғалар бар болса соның бірі де бірегейі – Салық ЗИМАНОВ. Міне, осы алып тұлғаның бақилық болуы бүкіл елдің қабырғасын қайыстырып отырғаны хақ. Әрине, ол кісінің орны біздің еліміздің тарихында ерекше болып қалады. Тоқсанға қараған шағында дүниеден өткен Салық Зиманұлы өз өмірінде келелі істер тындырып кетті. Ол кісінің соңғы жылдары зерттеу жүргізген «Билер соты» жайлы еңбектері қоғамды елең еткізбей қоймады. Ол бұл еңбегінде қазақ халқының бүкілұлттық құрылымын сипаттады. Осы еңбегі арқылы ұлтымыздың білікті, мығым, білгір ұлт екенін айшықтап кетті. Салық ЗИМАНОВ – өзінің алдына ізгі мақсат қойып, соның жолында өнегелі іс тындырған, тереңнен ой толғап, артына сөз қалдырған адам. Академик туралы сөз қозғағанымызда адами қасиеттің жоғарыда айтылған ең биік өлшемдерін нысанаға алғанымыз дұрыс сияқты. Өйткені қазақ руханиятын зерттеуді, оны дамытуды өзіне мақсат етіп, оларды орындау жолында келелі істің өнегелі үлгісін көрсеткен оны «ақыл алыбы» деуімізге толық негіз бар. Зиманов сияқты шынайы зиялы жандар үшін өмірде рухани байлық тек жоғары деңгейден көрінері хақ.
Салық Зиманұлының ұлтжандылығы, мемлекеттілігі, өзінің терең білімімен ұлттық мемлекетті құру, дамыту, сақтау жолындағы күресі, азаматтық ұстанымы біз тәрізді ізбасарларына ерекше үлгі. Шынайы күрескер, көрнекті ғалым өзінің өр жаратылысын өмірлік азаматтық бағдарламасына айналдырып, тынымсыз тіршілік етті. Оның ғылымдағы озық орны, ұста-уақыттың көрігінен басылып шыққандай сара сөзі, ауқымға сыя бермейтін жүрдек ойы біздің көкірегімізде сайрап тұр. Алып тұлғалы ел ағасын халқы әрқашан жадында ұстарына мен сенемін... Өйткені ол тек халық үшін еңбек еткен абзал азамат еді... Ол өз ғұмырдариясында маңызын жоғалтқан жоқ, жоғалтпайды да...
Сұлтан САРТАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері:
Ұлы Сократтың бейнесіндей көзге түсетін еді
– Еліміздің көрікті де көрнекті азаматтарының бірі, әрі ұлы ғалым Салық Зимановпен қоштасуға мәжбүр болып отырмыз. Салық Зиманов – Қазақстан Республикасының тарихында өзінің өшпейтін өрнегін қалдырған ғалымдардың бірі. Біздің Салық бар өмірін қазақ жерінің тарихына бағыштаған еді. Академик Зиманов Салық Зиманұлы өзінің ерен еңбегімен, таза адами махаббатымен заң ғылымының маңызды мәселелерін зерттеумен айналысты. Сондықтан біздің қоғам оны заң ғылымының басты патриархы деп қабылдады. Дәл бүгін осы патриархымыз өмірден өтті дегенге сенудің өзі қиын болып отыр. Дегенмен табиғат өзінің өлшеп берген өмірінің шегіне жеткен кезде кімді де болса алып кететіні белгілі. Біздің Сәкең қай жерде жұмыс жасамасын, Қазақстан Республикасының Ғылым академиясында да, республиканың жоғары оқу орындарында да, ол өзін әрқашан ойшыл, ғылыми-зерттеуші, дарынды педагог ретінде көрсете білді. Салық Зиманұлы аудиторияға кіріп келіп, «Ау, жігіттер, бүгінгі әңгімеміз – Қазақстан Республикасының маңызды мәселелерінің бірі – республикамыздың қалыптасу процесі» деп бастаған кезде, шыбын ұшса, ызыңы естілетін тыныштық орнайтын, бүкіл аудитория оның әрбір сөзін, әрбір сөз құрылымын естерінде сақтауға тырысатындай болып тыңдайтын. Салық Зиманұлының қаламынан «Шоқан Уәлихановтың саяси көзқарастары», «Құқықтың жалпы теориясы мен оның мемлекет және құқық теориясы курсындағы орны», «Кеңестік ұлттық-мемлекеттік құрылыстың теориялық мәселелері», «Конституция және парламент» деген ірі еңбектері шықты. Академик Зиманов – Қазақ Республикасындағы мемлекет пен құқықтың тарихын жан-жақты зерттеуші. Бұл кісінің еңбегі қазіргі қазақ жастарының буынына ғана бағышталып қойған жоқ, сонымен бірге ол келешек жастардың білім алуына, олардың ой-өрістерін өркендетуге үлес қосады деп есептеймін. Ол «Кеңестік Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихы» атты үш томдық монографияның авторларының бірі және басылымының жетекшісі болды. Өзінің зерттеу мәнері оны тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ көршілес республикалардың да мемлекет және құқық тарихының түп-тамырына жетелеген. Мұның жарқын дәлелі – оның «Ресей және Бөкей хандығы», «Азат ету идеяларынан Бұхара мен Хиуадағы кеңес мемлекеттілігіне» атты еңбектері. Академик Салық Зиманұлы әрқашан халық назарында, қай жерде болмасын ол өзінің тік жүрісімен ғана емес, ұлы Сократтың бейнесіндей сенімді тұлғасымен де көзге түсетін еді.
Ой түбінде жатса да,
Сөз маржанын терейін.
Ғалым жайлы бір сырды
Жыр ғып айтып берейін.
Аққан судай жастық шақ
Келер ме едің керуен боп?
Болар еді бұл бір бақ
Жүретіндей серуендеп.
Ой, шіркін-ай, жиырма бес
Өтті-дағы кетті ғой,
Ол да өзінше бір белес
Асыл арман терең ой.
Қолымнан келсе, Сәкежан,
Жиырма бесті берер ем.
Бар дүниенің қызығын
Сізбен бірге көрер ем.
Оған бүгін дәрмен жоқ
Әзір ойым болмаса.
Барына енді көңіл тоқ,
Еңбекті бүгін қолдасақ.
Сүйікті ағам, ұстазым, әрі жолдасым, Сәке, «қош бол, қош бол, қош бол!» деуге бүгін мәжбүрмін. Алдыңнан Алла жарылқасын! Жатқан жерің торқа болсын! Сіздің қаза болғаныңыз бүкіл қазақ халқының ойынан шықпайтын оқиға деп санаймын.