Қолыма Дантенің «Құдіретті комедиясы» тиді. Қазақшаға аударылған толық нұсқасы. Баспадан шыққанына көп уақыт өте қоймаған, небәрі 2000 данамен ғана шыққан кітап екенін есепке алсақ, бұл – баға жетпес мол қазына.
Қайта өрлеу дәуірінің бастауы болған Флоренцияда дүние есігін ашқан ойшыл ақынның бұл шығармасы бірнеше ғасыр бойы сөз таныған, жан таныған ғалымдар мен ойшылдардың талай-талай еңбектері мен зерттеулеріне арқау болған. «Тамұқ», «Бәрзақ», «Жұмақ» атты үш тараудан тұратын, бір қарағанда, ортағасырлық христиандық көзқарастар энциклопедиясы ретінде қабылдануы мүмкін «Құдіретті комедияда» адамның жер бетіндегі өмірі, қызметі, жан дүниесі суреттеледі. Көне дәуірдегі алуан түрлі образдар, ерте заман ақындары мен философтары да шығармада кеңінен сөз болған.
«Әлемді жаратушы – жалғыз Құдай, ал Құдайдың ең ғажайып жаратындысы – адам» деген негізгі идеяны қазық еткен бұл шығарма орыс тіліне бірнеше рет бірнеше аудармашының еңбегімен тәржімаланған екен. Ал қазақ тіліне мұндай салмақты еңбекті аударуға әркімнің батылы бара бермесі белгілі. Мұқағали Мақатаевтың аудармасымен институтта жүрген жылдары танысқан едік. Одан бертінде Дантені аударыпты деген ешкімді ести қоймағанбыз. Ал бұл жолы аударған кім деймісіз? Айтайық...
Жезқазғанда бір қаламгер бар, ол – ұстаз, жазушы, ақын, драматург, әдебиеттанушы ғалым және аудармашы Кенжебай Ахметов. Керемет жазушылардың, ақындардың бәрі не Астанада, не Алматыда деп жүргендер қатты қателеседі. Нағыз дарындылар мен таланттылар жыр жауһарлары мен сөз маржандарын ел көзінен тасада, үлкен қалалардан алыста жүріп өмірге әкелетіні талай рет дәлелденген дүние. Мінеки, Кенжебай ағамыз да Астанадан шалғайдағы Жезқазғанда байыпты да байсалды қалпымен, «мен осылай да осылай едім» деп айғайламай, аттандамай, тып-тыныш қана шын мәніндегі шедеврлерді дүниеге әкеліп жатқан адам. Кенжебай Ахметовті танымал емес дей алмаймыз. Жезқазған университетінде дәріс бере жүріп, талай филолог ұстаздар мен студенттерге жолбасшы құралға айналған «Әдебиеттану әліппесі» мен «Әдебиеттану негіздері» оқулықтарын жазды. Кенжебай Ахметов – ұлттық «Астана – Бәйтерек» конкурсының, Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясы ұйымдастырған республикалық конкурстың «Драма» аталымы бойынша жеңімпазы, республикалық «Бір өлең – бір әлем» мүшәйрасының жүлдегері, «Алағай да бұлағай бір дүние» атты прозалық жинағының авторы. Поэзиядан облыстық, республикалық мүшәйраларда жеңімпаз атанып жүргенін де айтып өту қажет.
Қаламгер Дантенің «Құдіретті комедиясын» асқан шыдамдылықпен төрт ай тапжылмай отырып аударған. Әлемге әйгілі шығарманы аудару оңайшылықпен жүзеге аса қоймасы белгілі. Өзі әдебиет теориясын жетік меңгергендігі мен асқан шығармашылық қабілетінің арқасында өлең өлшемі, ұйқас түрлері мүлтіксіз сақталған қазақ тіліндегі ерекше жырды дүниеге әкелген.
Аударма саласындағы бесінші көлемді еңбегі «Құдіретті комедия» болған ақынның бұдан бұрын қазақ оқырманына ұсынған еңбектері де осал емес. «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде 2008-2009 жылдары «Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы» деп аталатын төрт томдықтың ІІІ және ІV томдарын, «Ежелгі шығыс әдебиеті» жинағын, 2010 жылы Дж. Боккаччоның «Декамерон» новеллалар кітабын аударған. Бұл аудармалар жайлы республикалық баспасөз беттерінде бірталай оң пікірлер жазылғаны белгілі.
«Аударма саласы соңғы кезде ақсап тұр» дейтіндерге барынша мықты тойтарыс бере аларлық бұл туындылар – қаламгердің ғана емес, бүкіл ұлттық аударманың, әдебиеттің мол табысы. Ерекше ыждаһаттылық пен асқан білімпаздықты талап ететін қиын да күрделі салада талмай, қажымай, ерінбей, жалықпай еңбек етіп келе жатқан Кенжебай Ахметовтің лайықты орны Астананың не Алматының ірі оқу орындары немесе тіл-әдебиет институты болар еді. Болғанда да жай ғана оқытушылық емес, бұл кісіні қазір ұстаздардың ұстазы болу деңгейіне жеткен ғалым десек те, артық айтқандық болмас. Болашақта ел орталығына қарай көш басын бұру ойының бар-жоғын біле қоймаймыз. Ол қаламгердің таңдауында. Бізге белгілісі, Кенжебай ағамыз таяуда «Ежелгі Рим поэзиясын» аударуға кірісіпті. «Ол – ол ма, келесі жылға дейін қазақ оқырманына «Илиаданың» толық нұсқасын ұсынатын ойым бар», – дейді ақын.
Әлем әдебиетінің ең озық нұсқаларын сүт бетіне шыққан қаймақтай қалқып алып, қазақы оқырманға қаз қалпында жеткізем, жастардың көңіл көкжиегін кеңейтем, ойын өсірем деп маңдай терін төгіп жүрген қаламгердің ниетінің жүзеге асуына біз тілектеспіз.
«Құдіретті комедия» қазақ тілінде сөйледі
Последние статьи автора