Қос қарашықтай қос қолтаңба
Бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған жері – Қарасаз ауылы мен атақты Шалкөде жайлауында ақынның 80 жылдық мерейтойы республикалық дәрежеде кеңінен атап өтілмек. «Алаш айнасы» газеті жыл басында осынау игілікті шараның шын жанашыры екенін және М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңа заман көзқарасындағы тың пайым-пікірлер мен жаңа деректерді жариялауға даяр екендігін жеткізген болатын.
Осы уақытқа дейін көптеген адамдар редакциямызға хабарласып, хат жолдаған еді. Бізге келіп түскен материалдардың дені ақын жайлы естеліктерге негізделіп жазылған. Олардың бірқатарын бұған дейін газет бетіне жариялаған болатынбыз. Жуырда редакциямызға белгілі ақын Мінуар Әкімханов ағамыз арнайы ат басын бұрып, кезінде Мұқағалидың өзі қолтаңбасын жазып берген екі бірдей кітапты ала келіпті. Мінуар Әкімханов: «Бұл қос кітапты Мұқағали ағамның қос қарашығындай 40 жылдан астам уақыт жеке мұрағатымда сақтап келдім. Бұл жинақтарды 80 жылдық тойы қарсаңында Қарасаздағы ақын мұражайына тапсырсам деп жүр едім. Мұражайға қалың көпшіліктің жолы жиі түсе бермес, бұл да бір ақын өміріне қатысты шағын дерек қой, оқырман жұрт мұны «Алаш айнасы» арқылы біле жүрсін деген ниетім еді», – деді. Мінуар ағамыз Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?» кітабын қолтаңбасымен ақынның үйіне барғанда, ал «Мавр» кітабын ауруханаға халін сұрай барғанда алған. Қайран Мұқаң «Маврды» ұсынарда: «Әй, қызталақ, арқаңды тос», – деп, кітаптағы қолтаңбаны Мінуар інісінің арқасына қойып тұрып жазып берген екен...