«Қолымыздан бәрі келеді»
Тағдыр маңдайына туабітті кемістікті жазды демесеңіз, олардың қолынан келмейтін өнер жоқ. Ән айту, би билеу, кесте тігіп, спортпен айналысу дейсіз бе, қай-қайсысын болмасын, шыр айналдырып әкетеді.
Мүгедек балалардың ойлау қабілетін, танымын дамыту, өнерге ұмтылдыру, өз-өзін бағалай білуге үйрету мақсатында облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен өткен фестиваль сондықтан да «Қолымыздан бәрі келеді» деп аталды. 296 өнерлі бала қатысқан байқаудың қорытындысын шығару қазылар алқасына оңайға соққан жоқ. Бірінен-бірі өткен өнерлі өскіндердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көрген жанның көзін тойдырардай асқан ыждағаттылықпен жасалған. Фестиваль қорытындысы бойынша №20 балабақша тәрбиеленушілері, облыстық №3 мектеп-интернат оқушылары, облыстық балалар денсаулығын қалпына келтіру орталығының тәрбиеленушілері және Құрманғазы, Исатай аудандарынан келген қатысушылар жүлделі орындарға ие болып, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.