Қазтуған Сүйінішұлы мен Шалкиіз Тіленішұлы – тек қазаққа ғана емес, ноғай, қарақалпақ, башқұртқа да ортақ тұлғалар. Дегенмен жыраулар туралы деректер оқырманды екіұшты ойға жетелейді. Себебі, екі жыраудың ғұмыр кешкен кезі әр жерде әрқалай беріліп жүр.
Қазтуғанды біздің кейбір зерттеуші-ғалымдарымыз Қазақ хандығы құрылған тұста өмір сүрген дейді. «Қайырлы болсын сіздерге, Менен қалған мынау Еділ жұрт!» деп аяқталатын толғауын алға тарта келіп, Қазтуғанды ноғайдың қазақ шығып, Жәнібектің ордасына жеткендiгiмен өлшейдi. Шынымен солай ма? Шалкиізді де сол дәуірде өмір сүрген деп жүрміз. Шалкиіздің Темір биге арнаған бірнеше толғауы бар. Осындағы Темір би кім? Қазаққа қатысы бар адам ба? Осы мәселелерді хал-қадерімізше талқыға салып көрсек.
Темір би – Ноғай ордасын құрған Едігенің Мансұрдан туған немересі. Қазан хандығы (1438), Қырым хандығы (1441), Ноғай ордасы (1440) секілді Алтын Ордадан енші алып шыққан Үлкен орданың (1433) беклербегі болды. Үлкен орданың аумағы ол кезде Еділден Теңге (Дон) дейінгі жерлер мен Повольже мен Солтүстік Кавказды алып жатты. Астанасы – Сарай Берке қаласы болды. Орданың алғашқы ханы Тоқтамыстың немересі Сейіт Ахмет еді. Одан кейін Ахмет таққа отырды. Темір бидің ордаға беклербек болатын кезі – осы Ахметтің тұсы. Үлкен орданың маңғыттарын биледі. Уграда болған орыстарға қарсы шайқасқа Ахметпен бірге Темір де қатысты. Алайда осы шайқастан кейін орданың шаңырағы шайқала бастайды. Соңында Ноғай ордасының биі Мұса бастаған мырзалар Ахметті өз сарайында жан тәсілім етті. Ханынан айырылған Темір би Қырым хандығына ауып кетті. 1486 жылы қызы Нұр-Сұлтанды Қырым ханы Меңлі-Керейге ұзатып, сол жақта қалды.
Шалкиіз жырау – осы Темірдің замандасы. В.Трепавловтың жазуынша, Шалкиіз Темірдің сенімді серіктерінің бірі болған.
Темір еді биіміз,
Теңіз еді халқымыз.
Тебірлерге қалғанда,
Теңселерге ұқсайды
Ауыр ноғай жұртымыз.
Жоғарыдағы жыр ноғай арасында кең тараған. Ал Шалкиіздің қазақ оқырмандарына белгілі Темірге арнаған мадақ жырында «Сұлтан ием, сен менің, Бармай тапқан Қағбамсың!» деп асыра мақтайды.
Жырау Темір биді осылай ұлықтағанымен, Уаққас биге іш тартпаған.
Ноғайлар арасындағы А.Сиқалиев, Б.Құлыншақова құрастырған жинақтарда Шалкиіздің «Мен көрермін» деген толғауы жарияланған.
– Он сан ноғай
Отаныма қарасам,
Оқас мырза
Оғырсызды көрермін, – деп жырлайды Шалкиіз.
Жыраудың мұндағы Оқас мырза дегені – Уаққас би. Темір де, Уаққас та – Едіге бидің немерелері. Темір Едігенің үлкен ұлы Мансұрдан, Уаққас кіші ұлы Нұраддиннен тараған. Үлкенордалық ноғайлар Темірге жақ болса, ноғайордалықтар Уаққасты қолдады. Бір атадан тараған Темір мен Уаққастың өштесуіне осы жағдай себеп болды. Өшпенділіктің соңы Уаққастың ұлы Мұса би бастаған ноғайлардың Ахметті өлтіруімен аяқталды. Осылайша, 1502 жылы Үлкен орда хандығы тарихтан жойылды.
Темір би XV ғасырдың екінші жартысында өмір сүргені белгілі. Демек, Шалкиіз де Темірмен қатарлас ғұмыр кешкен.
А.Сиқалиевтің «Ноғай әдебиеті» кітабында да, Б.Құлыншақова құрастырған «Жыр иесі мен едім» жинағында да Шалкиіздің туған кезін 1420 жыл деп көрсетеді.
Шалкиіз – жалғыз бала. Жыраудың өзі толғауында «Анадан жалғыз туғанмын» дейді. Темірге арнаған бір толғауында:
– Тебінісіп келгенде
Тең атаның ұлы едік.
Дәрежеңді бұл күнде
Артық етсе – Тәңірі етті, – дейді. Жыраудың «Тең атаның ұлы едік» дегеніне қарағанда Шалкиіздің ноғай билерінің ұрпағы болуы да мүмкін. Алайда бұған қатысты деректер сақталмағандықтан, болжам ғана. Шынымен жыраудың әкесінің аты Тіленші ме? Өйткені ел арасында тіленшілікке душар болғанда жұрттың таңған лақабы деген дерек бар.
Кейбір зерттеушілер Шалкиізді Мұса бидің қолында тәрбиеленген, тіпті бидің жиені деп жазып жүр. Әкесінің оғырсыздығын бетіне басқан жырау қалай баласы Мұсаның қолында тәрбиеленеді?
Шалкиіздің кейінгі өмірі Хақназар ханның тұсында қазақ даласында жалғасқаны айтылады, тіпті Кавказды да қоныс қылған. Бұған «Мен көрермін» толғауындағы жыраудың:
– Асқар тауға
Армай шығып қарасам,
Ана Еділдің
Ақ екенін көрермін, – деген жолдары дәлел бола алады. Шалкиіз жыраудың қазақ арасында да кең таралған:
– Асқар, асқар, асқар тау,
Асқардан биік тау болмас,
Басына балапан шарлап
ұшып қона алмас, –
деп келетін жыры бар. Осы екі жырдағы Асқар тау – Кавказдағы Эльбрус тауы. Айтпақшы, ноғайлардың бір аңызында Эльбрустың атын осы Шалкиіз қойған делінеді. Таудың үстінен қарағанда Ана Еділ арқырап, айнала алақандағыдай жарқырап көрініпті. Сонда Шалекең төменге көз тастап тұрып «бір уыс ел екен» деп таңдай қағыпты. Содан «Ел бір уыс», Эльбрус атанып кеткен дейді.
Ал Шалкиіздің қазақ шығуы өмірінің кейінгі жылдарында болған оқиғаға ұқсайды. Мұса биден кейін Ноғай ордасы тағына ұлдары Шейх Мамай, Жүсіп, Ысмайыл отырды. Одан кейін Ысмайылдың ұлы Дін-Ахмет, Ұрыс биледі. Алайда осы кездерден бастап Ноғай ордасы орыстың отарына айналды.
Шалкиіздің қазақ шығуына қатысты дерек те екітүрлі. Бірі Темір биден теперіш көрді десе, енді бірі жырауға тісін батырған Жүсіп би дейді. Темір биге арнаған толғауында Шалкиіз:
– Ей, би Темір, би Темір,
Қыр иесі мен едің,
Жыр иесі мен едім,
Қырды жырдан айырдың,
Омыртқамды қайырдың, – дей келе, «Қазақ та шығып барамын, Қайран да болып қаламын» деп тәмамдайды. Шалкиіздің мына жырына құлақ түрсек:
– Мен Темірдің күнінде,
Арғымақ міндім тағалап.
Әзіке Мансұр кезінде,
Бұқа міндім ноқталап.
Ары қарай Темірдің кезінде бал ішіп, Әзіке Мансұр кезінде быламық ішкенін жырына қосады. Соған қарағанда, Әзікеге оң қабақ танытпағаны байқалады. Әзіке Темірден кейін билікке келді. Деректерде Шалкиіз дәл осы Әзікенің тұсында қысым көріп, қазақ шыққан делінеді. Сөйтіп, 1490 жылдары Астрахань хандығына келіп, Еділдің шығыс бойын жайлады. Бұған сол уақыттағы Шалкиіздің ноғайларда сақталған «Еділім» толғауы дәлел.
Еділімсің – теңімсің,
Отың – шекер, суың – шәрбат,
Көп ноғайым кең жайлаған жерімсің.
Тәлейсіз Шалкиіз бүгінде,
Қазақ шығып барады.
Біздей болған жырауға,
Жолың болсын дермісің?!
Ноғай билерінен жеріп қазақ шыққан атақты жырауды қазақтың дана да дара ханы Хақназар асқан құрметпен қарсы алған деседі. Бұл Шалкиіздің қартайған кезі болса керек.
Ал Қазтуғанның тарихы тым беріде. Ол үшін Қазақ хандығынан бастауға тура келеді. Тарихта Қазақтың ханы Қасым қызы Бұлдыр ханымды Шейх Мамайға ұзатқан. Жоғарыда Шейх Мамайдың Мұса бидің ұлы екенін айттық. Қасымның ұлы Хақназар кішкентайынан апасымен бірге еріп, сол Мұсаның жерінде, Ноғай ордасында өсті. Кейін Ноғай ордасының тағына Шейх Мамай отырған кезде Хақназарды башқұрттардың басшысы етіп тағайындады. Қасымның ұлы Мамаштан кейін Қазақ хандығы Қасым ұлдарының уысынан шығып қалды. Таққа талас басталды. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келген ноғайдың биі Шейх Мамай қазақтарға қарсы шабуылдап, жеңіске жетті. Сөйтіп, өздерінің өкілі ретінде Хақназарды хан тағына қойды. Бастапқы кезде шынайы билік Хақназардың емес, ноғай мырзаларының қолында болды. Алайда Шейх Мамайдың қуыршағы болуды емес, әкесі Қасым ханның үмітін ақтауды мақсат тұтқан Хақназар қазақтың жерін кеңейту мақсатында ноғайдың өзіне қарсы шықты. Шейх Мамайдан кейін билікке келген Мұсаның тағы бір ұлы Ысмайыл бидің кезінде, нақтырақ айтқанда 1557 жылы Хақназар хан бастаған қазақ қолы, ноғайларды Еділден әрі ығыстырды. Міне, Хақназардан қаймыққан осы Ысмайыл Қазтуған жыраудың бесінші атасы болатын.
Қазтуғанның шынайы шежіресі былайша өрбиді: Едіге – Нұраддин – Уаққас би (1440 жылдары қайтқан) – Мұса би (1502 жылы қайтқан) – Ысмайыл (1563 жылы қайтқан) – Дінбай – Тінекей – Абдолла – Сүйініш – Қазтуған болып жалғасады. Ысмайылдан кейін билік ұлдары Дін-Ахмет, Ұрыстың уысында болды. Сондықтан Дінбай би бола алмады. Дінбай өзі би болмаса да ұлы Қанай (Тінекейдің інісі) би болды. Қанай Ноғай ордасының соңғы биі еді. Қанайдан кейін би қою дәстүрі жоғалды. Қазтуғанның «Билер өтті, би соңы, Би ұлының кенжесі» дейтіні содан.
1557 жылғы қазақ-ноғай арасындағы шайқастан кейін, 1558 жылы Ысмайылдың ұлы Дінбай Қырымға өтіп кетті. Кейін Дінбай ұрпақтары орысшыл Ормамбетті өлтіріп, Жемге жақындады.
– Сап-салпыншақ анау үш өзен,
Салуалы менің ордам қонған жер, – дегенде Қазтуған Еділ мен Жайыққа қосып, Жемді де атайды. Соған қарағанда, Дінбай ұрпақтары Тінекей, Абдолла, Сүйініш осы үш өзенді жайлағаны анық.
Архивтерде Сүйініш туралы бірнеше дерек бар. Соның бірі – 1673 жылғы қалмақ-орыс бітіміне осы Сүйініш Абдоллаұлы өзі бас болып барған. Себебі, Сүйініш қалмаққа күйеу болатын. Жоғарыдағы деректерді алға тарта келгенде Сүйініштің ұлы Қазтуған ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында туған жырау болады. Ендеше, біздің Қазтуғанды Жәнібектердің заманына апарып, «Алмас қылыш» фильмінде көрсетілгендей, алтыншы атасы Мұсаға қарсы қоюымыз тарихқа жасалған қиянат болмай ма?
Кейін Абдолла мен Сүйініш Еділ бойына қайта оралып, Қиғаш бойын жайлады. Ал Қазтуған оларға ілеспей, Оқ-Балқанға бет алған деседі. Алайда Қазтуғанның өмірінің соңғы жылдары қалай тәмамдалғаны белгісіз. Жыраудың ұлы Манаш аталарымен бірге кеткендіктен, Қазтуғанның ұрпақтары Қиғаш бойында қалды.
P.S.
Айтпақшы, тарихта бір емес, екі Қазтуған болған секілді. XV ғасырдың басында Литва князы Витовт пен Ноғай ордасының билеушісі Едігенің арасында Еділдің бойында ұлы шайқас болған. Сол ұрыста Польшаның атақты рыцары Любекпен шайқасып, жеңіске жеткен ноғай батырының аты да Қазтуған екен. Бұл қай қазтуған? Ол жеке зерттеуді қажет ететін мәселе.
aikyn.kz