Қазақтың сотталған жүз әні жайында не білеміз?

Қазақтың сотталған жүз әні жайында не білеміз?

- 1990-шы жылдың маусым айында Зайсан зілзаласы болғанда мен сенің Марқакөліңнің орталығы болған Алексеевкада аудандық ауруханада аяғымнан баса алмай үшінші қабатта жатқанмын, - деді Келдекең біздің үйде шай ішіп отырған бір жолы.
- Үшінші қабатта жатқан бала-шаға жер-дүние сілкініп қоя бергенде жандарын қоярға жер таппай шырылдағанда, дүрліккен жұртқа басу айтып, сабырға шақырып, бәрі түсіп болған соң, жаралы аяғыңды сүйрелей ең соңында өзің далаға шыққаныңды кейін куә адамдар баяндап беріп еді. «Семейден келген бір әртіс жігіт ерлік көрсетіп, сүріне-қабына қашқан адамдарға жөн сілтеп тұрды», - деп.
Келдекең кеңкілдеп күлді: «Е-е, ол оқиғаны естіген екенсің ғой. Сол батырың мен боламын!».
Осы кеште ол сона-ау алыста қалған, түнде білте шамның жарығымен асық ойнап, күндіз талды ат қып мініп жарысқан, шіркін, сол бір балдәурен балалық шағы туралы сарытап сағынышқа толы әуезбен сыр шерткен болатын.

– Ертеректе шалдар балаларға «Батырлар жырын» оқытушы еді. Мен соның шет жағасын көрдім. 5-6 сыныпта оқып жүрген кезімде «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс батыр» сияқты бірталай жырды жатқа білетінмін. Ол – теледидардың жоқ кезі. Атам күн сайын кешке жыр оқытып қоятын. Сонда байқағаным, жай ғана мақаммен оқысаң, жатталмайды, ал әндетіп оқысаң, тез сіңеді, тыңдарманға да керемет ұғынықты болады, - деп бастап еді әңгімесін Келдекең.
Келдекеңнің арғы бабаcы Өлмесек азды-көпті малы, қазіргіше айтқанда, бірер отар қой, 5-6 үйір жылқысы бар, малшы ұстаған, өзі ескіше бала оқытқан, ауқатты адам болған. Өзі өмірден озғанда, шаруасына шаңырақ иесі - Фазыл иелік еткен. Кеңес өкіметі орнап, «бай-манаптар» кәмпескеге іліккенде, бұл әулет те бәлшебектің құрығына түскен.
Кеңестен көңілі қалған Фазыл ағайын-туыс, руластарымен Қытай аспақ болады. Соның алдында Еренқабырғаның арғы жағын бетке алып бара жатқан тоғыз жүз шаңырақ ақнайман руының елін қызылдар жолда тынығып жатқан жерінде тірі жан қалдырмай қырып тастағанын естіген соң тежеледі. Марқакөлдің Қарашілік ауылы маңында «Ақнайман қырылған» дейтін, сол қызылдар салған топалаңнан қалған белгі - қалың қорымның ізі әлі бар.
Содан заман ағымын сезген Фазыл ақсақал туыстарын бастап, көрші Марқа өңірінің Ақбұлақ елді мекенінде жаңадан ашылып жатқан, «Горный» алтын руднигіне жұмысқа орналасып, 1947 жылға дейін Горный ауылында тұрған.
Соғыс бітіп тұрмыс оңала бастағанда еліне қайтуды ойлап, 1947 жылдары ұлдары Қожа мен Раузаны, қызы Бағдатты ертіп, Күршім ауданының Құйған ауылына көшіп келеді. Сол жерде екі ұлына келін алып, қызын ұзатқан. Қожа, Раузаның балаларының бәрі Құйған ауылында дүниеге келген. 1957-1958 жылдары совхоздар құрылған кезде «Қалғұты» совхозының жаңадан ашылған №3 фермасына көшіп барған. Ол - бүгінгі Жылытау ауылы.
Фазыл атасы оқыған, ғұлама молда адам болғандықтан осы үйде бір сандық құран кітап сақталды. Бүкіл ауыл алдынан кесіп өтпеген, сыйлы қария бір күнін қаза қылмай, намазын бұзбай, Жаратқанға сыйынды.
Әкесі Рауза да жасында өз заманының серісі атанған адам. Қамшы өрген өрімші, жүген түйген, арқан ескен шебер еді. Шу асау жылқыны тақымынан босатпай үйреткен тақымы мықты көкпаршы болды. Қандай шу асауыңа да шалманы екі лақтырмайтын епті-тұғын. Мал сойғанда, жіліктің етін ауыстырмайтын қасапшылығы тағы бар.
Майемер қыстауында атасы совхоздың түйесін, әкесі жылқы табынын жайып отырды да, 1964 жылдан ауылда тұрды. Әртүрлі жұмыс істеді, бөлімшенің мініс аттарын бақты, мемлекеттік мейрамдағы бәйгелерге бәйге аттарды баптады.
Келденбай туғанда осы үйдің тұңғышы Дәукеннің екі жарым жастағы кезі, таңертең оянса, іңгәлаған сәбидің даусын естіп, көзі бадырайып, шауып жүр дейді: «аю, аю» деп. Содан ол мектепке дейін «Аю» атанып жүрді. Оны аға-бауырлары еркелетіп, Әйкен десті. Кішкене кезінен ширақ болды.
Апасы Әлпия қолы ісмер, шаруаны дөңгелетіп игерген кісі еді жарықтық. Туған анасы Зәкен ауыр науқастан 71-ші жылдың сәуір айында көз жұмса, мамыр айында Әлпия апасы қайтыс болды. Бұл отбасындағы үлкен ұл Дәукен Германияда әскер қатарында жүрген, кенжесі Мақсұттың екі жасқа толмаған шағы болатын. Осы жанұяға төнген қара бұлт аналары кеткен соң талай жылдарға дейін сейілмеді.
Ол кезде әр үйде іркес-тіркес сегіз-тоғыз бала. Тау қойнауында жатқан Жылытау ауылының мұқым баласы күндіз ойын ойнап, күн ысығанда ауыл аяғындағы тұзды көлге түсіп қарқ болады. Одан қалды, көгалда, қияқ арасында, болмаса, іргедегі шоқпар тасқа барып, «соғыс ойынын» ойнайды. Келденбай, әрине, бір жақтың командирі. Суға жүзгенде ауыл балаларының алды болды. Он бес жасынан совхоздың жұмысына араласты. Шөп шабу кезінде ат тараққа мінді, тіркемелі шөп машинасына отырды.
Бала кезінде әдеби кітаптарды көп оқыды. Әңгіме айтқанда, оқыған кітаптарынан алып, ойынан қосып, майын тамызып, тыңдаушысын ұйытатын. Ер жетіп, ел арасына шыққандағы шешендігі, тауып айтқыштығы сол бала кезден қалыптасқан қасиет.
Сегіз-тоғыз жасынан зерек, ән-күйге жуық болды. Өзі тақтайдан домбыра жасап, оған жіп тағып, өлең айтып жүргенін байқаған Фазыл атасы көрші жылқышы Имәмәди ақсақалдың домбырасын қолқалап сатып әперген. Тағы бір көрші баланың талабын ескеріп, үйіндегі кішкене гармоньды сыйлаған. Келдеш гармоньды де жақсы меңгеріп кетті.
Аз үйлі ауылда ол кезде телефон, теледидар деген жоқ. Киноны аудан орталығынан анда-санда ғана әкеледі. Электр жарығын кешкі 6-дан түнгі 12-ге дейін ғана жағады. Ауыл жастары, мектеп оқушылары мереке күндері концерт қояды. Осы концерттерде Келдекең өзі небәрі төртінші сыныпта оқып жүріп, мектеп хорын гармоньмен сүйемелдеп, домбырамен ән салатын.
Мектеп көркемөнерпаздарының белді мүшесі аудан мен облыстың үлкен сахналарында мектеп атынан ән шырқап, жүлдесіз қайтпайтын. Баянды еркін игеріп, пьесаларда ойнады. 1970 жылы орта мектепті бітіріп, аттестат алды. Бітірген жылы консерваторияға барып, үлкен оқуға түсе алмады. Кейін республикалық театр-өнер студиясын Жүсіпбек Елебековтың класы бойынша бітіріп шықты.
Келдекеңнің қажы әндеріне түбегейлі бет бұрғаны – Төкен ағасымен әңгімеден соң. Шәкерімнің өмірбаянын өзек етіп сценарий жазып берген сол кісі. Арада көп өтпей «Қазақ әдебиетінде» Қайымның философ-ақын туралы көлемді мақаласы шығады. Ол кісі осы мақаласында қажының Толстоймен хат жазысып тұрғанын жазды. Кейін Олжас ақын орыстың ұлы жазушысының 80-ге толған мерейтойына Шәкерімнің да қатысқандығын айтты. Шәкерім, тіпті, Парижге де барып, дәріс оқыған деген сөздер бар. Барса, барған шығар. Өйткені, Абайдың: «Қазақтың тарихы мен тегін жаз» деген аманатын орындаған Шәкерімнің Каир, Стамбул, Мекке мен Мединеде, Басра шаһарларында болғаны мәлім.
80-ші жылдардың аяқ шамасында, жаз шығып, ел арқасы кеңіген шақта Төкен ағасымен Құндыздыға жолы түсті. Кешегі дала жырауларының соңғы тұяғы Шәкер Әбенов осы ауылда тұратын. Қалақтай ғана қырсық қария: «...естерің енді ғана кірген екен ғой...», - деп бір шымшып алып, үш ішекті домбырасын қолына ұстаған. Зерек ақсақал «Шәкерімнің әні» деп Абайдың «Сегізаяғының» ізімен жазылған, жігіттің қызға ұрын баратыны жайында «Ең қызық жастық» деген ән берді. Келдеш-әнші дәл осы сапарында Мағжанның «Сен сұлуын» да Шәкер сияқты эпик ақынның өз аузынан естіп, есінен танғандай күй кешіп еді. 94 жасқа келіп қайтыс болған халық ақыны ескі әндердің керемет білгірі еді. Кезінде Сәкен, Жамбыл, Мұхтар секілді алыптардың жанында жүрген. Жас кезінде өзі де әнші, композитор болған.
Ал Ақсуат ауданын аралап жүргенде Қарпық Егізбаев деген қарт мұғалімнен Міржақыптың «Мұң» деген әнін алды. Ол кісі бұл әнді 1944-ші жылдары бір журналист туысынан үйренген. Ескінің адамдары есті ғой, қарияның соншама уақыт бойы ұмытпай, жадында сақтап келген сол әні алпыс жылдан кейін қолына тиді. Тағы бірде Шәкерімнің баласы Ахат шақырып алып, әкесінің өзі білетін әндерін тыңдатты. Шәкерім соқпағындағы сан тарау соны ізденіс осылай басталған.
Жалпы, бізге Шәкерім әндерін жеткізген үш адам болғанын оқырман білуі тиіс. Бірі – М.Әуезовтің досы, аңшы, Шәкерімнің сүйегін тауып берген Қабыш Айнақұлов, екіншісі – Ниязбек Алдажаров, үшіншісі – ақынның өз баласы Ахат Құдайбердиев. Ал әндерді осы үшеуінен тікелей жазып алған – отыз жыл Семейдегі Абай мұражайының директоры болған Төкен Ибрагимов.
Ә дегенде сөйтіп сол кісінің «тепкісімен» қажының төрт әнін үйренген. Мұражайдағы көне магнитофонға жазылған Ахат, Қабыш, Ниязбек ақсқалдардың айтуымен сақталған әндерді күндіз-түні тыңдаумен уақыт өтіп жатты.
Бөрілідегі Әуезов мұрайжайының шырақшысы Бекен Исабаевтан «Частушка» әнін жазып, оның қазақша сөзін Аягөзде тұратын Сұлтансейіт Жарқынбаевтан алады. Бұл кісі Қытайдан келген, ақынның ұлы Зиятпен аралас болған адам. Осылай-осылай жиған әндерін онға жеткізіп, дәріс-концертпен 1990-шы жылдан бастап ел-елді аралауға шықты. Шынын айтқанда, Шәкерімді біліп жатқан кім бар еді сол бір өліара шақта?! Кейін мектеп оқушыларының түсінігіне лайықтап сценарий даярлады.
Шәкерім әндерін ең алғаш орындаған кезі 1986 жылдың атышулы желтоқсан айлары еді. Бұл қажының ақталғанынан екі-үш жыл бұрынғы уақыт. Бастабында төрт-бес әнді үйреніп, орындап жүреді. Көкше жеріндегі шағын қаланың бірінде халық алдына алғаш алып шыққан. «Халықтың не ұққанын білмеймін, айтып тұрған өзімнің ұққаным да шамалы» - деп бірде өзіне ғана тән турашылдықпен ағынан жарыла мойындағаны бар. Ал Шәкерімнің 130 жылдық тойында «Анадан алғаш туғанымда», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әндерін алғаш рет орындады.
Соңғы жиырма жылда Шәкерімнің әндерін жинастырып, орындап жүргеніне орай біреулер «зерттеуші» деп санады. Дегенмен, оны дәстүрлі өнердің өкілі, жанашыры ретінде ескі ән-әуендерді, мәтіндерді жинаған әнші-этнограф ретінде қараған дұрыс шығар.
Адам ақылына арқа тіремеген, данышпандықты жоққа шығарған жаңа өкіметті қабылдай алмаған, Шыңғыстаудың шоқ-шоқ шиі ішінде күнұзақ жалғыз жүрер жанның бойындағы құса сарынын Келдекеңнің тыңдарманға қапысыз жеткізе алғаны шүбәсіз. Шәкерімнің ақындық жаңашылдығы тыңнан қосқан өлеңдеріне шығарған әндерінен, үздік композиторлық дарынынан да анық білінгенін жазбай таныды. Бұл жағынан Шәкерімнің қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл дүниежүзі әдебиетінде өте сирек құбылыс екенін академик Зәки Ахметов ағасының дөп басып айтқанын жан-тәнімен түсінді.
Шәкерімнің сазгерлігі Ақан сері, Біржан салдан бөлек-тұғын. Шәкерім әнді ойды жеткізу құралы ретінде пайдаланған. Сондықтан әндерінде қазаққа жат интервалдар көп болғандықтан, алғашқыда құлаққа тосындау естіліп, ауырлау қабылдануы да мүмкін екенін сезді. Әдетте, ән шумақтары төрт жолдан тұратын болса, бұл кісінің кейбір шумақтары сегіз-тоғыз жолға дейін кетіп қалады. Көкірегі ашық Келдекең Шәкерімнің жиырмадан астам ән-күйлерін орындап, тек орындаушы ғана емес, терең білімді шәкерімтанушы, әрбір әннің шығу тарихын, туу себебін тыңдаушыға жете түсіндіре алатын тамаша насихатшы болған кезінде қажының композитор болуды мақсат етіп қоймағанын, тек айтар ойын ән-әуен арқылы жеткізуге тырысқанын әбден аңғарған. Негізінде Шәкерімнің отызға жуық әндері болғанын да анықтап айтқан осы Келдекең.
«Шәкерімнің музыкалық мұрасы», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты лекция-концерттерімен бүкіл елдің түкпір-түкпірін аралады. Шәкерімді айта отырып, жалпы, қазақ музыкасы туралы да хабар беруге тырысты. Әңгімеге еліткен балалар халық әндерінің ерекшелігі туралы сұрайды. Шәкерімге байланысты бір қыз бала тіпті: «Абай» спектаклінде Керім Айдарға у береді ғой. Ендеше, неге біз оны насихаттауымыз керек?» – деп сұрақ қойғаны бар. Бұл сұрақтың астарында Керімді Шәкерім деп қабылдап тұрған сұңғылалық жатқан. Келдеке сонда пьесаның жазушы қиялынан туған көркем дүние екендігін түсіндіруге тырысқан.
Лекция-концерттерінің арқасында домбырамен орыс мектептеріне де емін-еркін кіретін болды. Біздің елдің кез келген қаласында қазақ мектебінен гөрі орыс мектебі көп екені мәлім. Міне, сол аралас мектептердің өзінде ол жылына екі жүзден астам концерт беретін.
Бұндай орындарда әңгімең қызықты, әндерің тартымды болмаса, тыңдаушы да болмайтыны белгілі. Құданың құдіреті, Келдекең сонда жасөспірімдердің Шәкерім әндеріне деген керемет қызығушылығын байқаған. Мысалы, орыстың 10-11 сыныпта оқитын қыздары концерттен кейін қолтаңба сұрап тұратын кез де көп кездескен. Демек, әңгімесінің, әндерінің олардың жүрегіне жетіп, санасына сәл де болсын бірдеңе құйғаны еді бұл.
Қайсыбір жылы Келдекең осындай лекцияларымен ел аралап жүріп Балташ ағасымен бірге оңтүстік облыстардың бірінің әкіміне кіреді.
Әкім сипай қамшылаған әңгіме айтты. «Қор деген көбейіп кеті. Қаржыны «жеп» қояды екен», - дегендей. Келдекең:
- Ағасы, қай қордың қандай екенін білмеймін. Менің Абай алдында, Шәкерім алдында арым таза, - депті сонда маймөңке әңгімені жақтырмай турасынан.
Балташ – кәдімгі Балтабек Ерсәлімов. Абайдың жиені, Абай қорының бастығы.
- Келдекеңмен жол жүру, шай ішу, әңгімелесу ғанибет еді. Әзілге бап, сөз саптауы кесек, әдебиет, тарих, саясаттың қай-қайсысына жүйрік. Көңілдегісін бетіңе айтады, - деп еске алды бірде Балтекең.
Шәкір қайтыс болғанда топыраққа бара алмай қалды. Шалды керемет жақсы көріп еді. «Шәкеңе топырақ сала алмадым» - деп қиналып жүрді. Бір күні Құндыздыға жол түсетін болды. Келдекеңе айттым, менімен жүр, деп. Қызы Санаға жағдайды өзім түсіндірдім. Текті атаның баласы, түсінді. Сонда Келдекеңнің арқасынан ауыр жүк түскендей, «Ух!» деп көкірегін кере дем алғанын көрдім.
Моңғолияға, Жамбыл, Түркістан, Бішкек, Петропавл, Қостанай, тағы басқа да өңірлерге екеуден-екеу бірге барып жүрдік. Талай сапарлас болдық. Ол маған еркеледі, мен де оны еркелеттім. «Күршім ауданының Құрметті азаматы» деген атақты бергенде еліне бірге бардық. Ауылдастары алақандарына салып құрмет көрсетті.
Келдекең көп оқитын, терең білімді, өз ізденісімен өрге басқан жігіт болды. Лекция-концертін оқығанда мектептің балалары тырп етпей тыңдап отырады. Дикциясы таза, логикасы мықты. Аудиторияны өзіне ілезде тартып алады. Орыс тіліне жүйрік, анау-мынау орысың тайталаса алмайды. Кроссвордты шемішкедей шағатын.
Ақсақалдың осы әңгімесін Келдекеңнің әріптес інісі, ағасы сықылды көп оқып-тоқыған терең азамат, әнші Толғанбай Сембаев одан әрі былай деп жалғаған:
- Әнді өзі де таза үйренген, өзі де солайша таза үйрететін. Өз мектебін аша алмай кеткені аса өкінішті. Керемет құймақұлақ еді! Әңгіме айтқанда, сюжетін байытып, қызыл тілмен әрлеп айтатын. Бірде үлкен бір жиында Абай мен Шәкерім туралы әңгіме басталып кетті де, Келдекең қызды-қыздымен Тұрағұлды Қызылорда «асырып» жіберді. Осы кезде Төкен-аға:
- Әй, Тұрағұлдың сүйегі Шымкентте қалды ғой, ол Шымкенттен әрі аспаған, - деп құлаққағыс жасады. Келдекең өзіне тән ерке мінезбен:
- Тыныш отырыңыз, өзі білем қайда апарсам да, - деді елді ду күлдіріп.
Филармонияда алғаш қызмет бастағанымызда, ойлайтынбыз, жанына жан жуытпайтын адам шығар деп. Сөйтсек, ақырын-ақырын, ептеп қалжыңдасып, ойнауға болатын, жаны таза, адал адам екен.
2008 жылы Парижде Абайдың 150 жылдығына арналып өткізілген этнографиялық көрмеде Келденбай Өлмесеков жоғары шеберлікпен Абай мен Шәкерімнің әндерін орындады. Сол сапардан соң:
– Көп халықтармен салыстырғанда, құдайға шүкір, біз өз дәстүрімізді, музыкалық мұраларымызды жоғалтпаған ел екенбіз. Мысалы, Францияның өз фольклоры жоқ көрінеді, - дегені бар.
Жалпы, Келдекеңнің халық әндеріне деген көзқарасы ерекше еді. Халық әндерінің негізінде дала тынысы, тау мен тас, табиғат, адамның адамға деген көңілі, адами қарым-қатынастары, өмір туралы түсінігі мен парасат-пайымы жататындығын қапысыз таныды. Батысқа көзсіз еліктеуден туып жатқан қазіргі әндердің көпшілігі соның салдарынан ойсыз, мән-мағынасыз екендігіне күйінді. Бірде тыңнан мынандай бір әңгіме қозғады:
-1933 жылы қазақ елінде үгіт-насихатқа қайшы келетін жүз әнге сот болған. Сонда «құдай», «пайғамбар», «бай» деген сияқты, жаңа талаппен үйлеспейтін талай мәтіндерді өзгерткізген. Негізінен, көп әндердің сөзін Иса Байзақов қайта жазып шыққан, кейбіріне түзету енгізген. «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін», болмаса «Алтайдың кен шығардым саясынан» деген тәрізді өлеңдердің көпшілігіне Исаның қаламы тиген. Олардың ән әуенімен үйлесіп, жатық шыққаны соншалық, қазір тіпті қайсы әннің өзгеріп, қайсы әннің өзгермегенін ажырата алмай қалып жатқан жайымыз бар.
Ал халық әндеріне келсек, өзектілігін жоғалтқандары да бар. Солардың мәтінін қайта жазып немесе о бастағы нұсқасын іздестіріп көрсе, артық болмас еді. Бір жағынан, баяғыда қазақ әнін жинастырғандар орыстілділер болды ғой. Соның салдарынан шалағай жиналды. Мысалы, Затаевичті әлі күнге дейін төбемізге көтереміз. Мен сол жинаған 1000 әнді де, 500 әнді де түгел қарап шықтым. Ішінен бір әнді ала алмайсыз. Осы тұрғыдан алғанда, Затаевичтің халқымызға пайдасы тиді ме, тимеді ме, ол жағын анық айта алмаймын. Көп композиторлар халық музыкасын пайдаланып кетті, талай дүние шықпай да қалып жатыр.
Негізі, халықтың байырғы ән мұрасына өте ықтиятты болып, мұқият қарау керек. Ән, күй жинақтарын да асықпай, жауапкершілікпен шығарса. Әуенге мән берілмегеннен кейін әйтеуір бір шикілігі шығып тұрады. Әсілі, фольклор деген – өте қауіпті нәрсе. Мысалы, бір әнді жазып отырып, өз жанымнан бірдеңе қосып жіберсем, сол бойы кетеді. Үйренген адам байқап, түзетіп айтса, жақсы. Түзетпесе, солай қалыптасып қалады. Міне, осы жағына абай болсақ деймін.
Шәкір Әбенов: «Әннің үш авторы бар: ақын, композитор, әнші. Осының ішінде ең көп жұмыс істейтіні – әнші» – деп айтып отырушы еді. Қазір өзі ән де, әнші де саңырауқұлақ сияқты қаптап кетті. Жақсысы да, жаманы да бар. Ең бастысы, талапты жастардың байырғы халық мұрасымен барынша сусындап, түп негізі, тамыры бар дүниелер туғызуға ұмтылғаны абзал. Абайды, Шәкерімді, Мұхтарды айтып отыратын, басқа да ғұламалардың көзін көрген, жөн білетін қаншама қариялар болды. Әттең, көпшілігі дүниеден өтіп кетті...
Дүниеден Келдекеңнің де өткеніне үш жылдың жүзі. Бұйра шашы желбіреп, түбіт мұрты қараторы өңіне жараса қалған жастық шақтағы Келденбайдың сымбатты келбеті күршімдік замандастарының көз алдында. Бес жасынан атқа отырған пысық жігіттің асауға қарғып мініп, ақсия күліп, желмен жарыса шауып бара жатқан сері бейнесі оны сыйлаған елінің есінде мәңгі қалды.
Ол көзінен от жарқыраған, кеудесі өнерге толы бозбала ғұмырын туған жер төсінде қалдырып, қалған өмірін Ұлы Абай еліне, өмірінің соңғы ширек ғасырын Шәкерім бабасына арнады. Мәңгілік мекенін де сол жерден тапты. Кешегі Өлмесек бабасының атын дүйім қазаққа паш етті.
Әншінің өмір сапарынан қайтардан аз уақыт бұрын: «Біржан салдың: «Қорқамын, ауруымның түрі жаман, Біржанның кім ұстар деп домбырасын», Қасымның: «Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» дегені сияқты, кейде мен де «халық әндері өліп кете ме» деп қорқамын. Мынау қиқуға қиқу қосқан өмір жарысында әннің қадірін білмей барамыз. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деп Абай тегін айтпаған!» - деп толғанғаны есімізде.
Осы мезетте алматылық ақын інісі Әбубәкірдің: «Келденбай аға – Керкиік, кермиық еді, Ежелгі ер мен сақидың сарқыты сынды» - деп толғағаны еске оралады. Ақын «Керкиік, кермиық жігіт» дегенде, тегінде Келдекеңнің алтын, абзал басы іркес-тіркес келіп-кеткен қос қоғамда ноқтаға симай кеткендігін меңзеді деп шүбәсіз түсіндік.
Сайлау ТӨЛЕУОВ, Семей.
Беттің анықтамасы:
Келденбай Өлмесеков - бүкіл республикада Шәкерім әндерінің бірден бір орындаушысы. Шәкерім әндерінің ноталық негізін алғаш қағазға түсірген Талиға Бекхожина болса, олардың түпнұсқаға ең жақын орындаушысы Ниязбек Алдажаровтан кейін – Келденбай. Бұл шындықты Шәкір, Ниязбек, Ахаттың өздері мойындап, ақ батасын берген. Ниязбек ағасы: «Шәкерімді енді саған сеніп тапсыруға болады» - деп әншінің маңдайынан сүйген. Әншінің 25 әні лазерлі дискілі қазақ әндерінің антологиясына енді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста