Қазақтың қас батыры

Өр мінез, батырлық пен батылдық, қайсарлық – қазақтың қанға сіңген қасиеті. Ел басына күн туып, оның болашағына қауіп төне бастаған кезде бүкіл Одақ жұртшылығымен бірге қазақ халқы да жұдырықтай жұмылып, қан майданға аттанды. Бүкіл қажыр-қайратын жеңіс жолына сарп етті, тіпті өз өмірлерін қиды. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қазақтың қас батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы-партизан Қасым Қайсеновтің туғанына бүгін 95 жыл толып отыр.

Өмір өткелдері
Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуі­рін­де Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауда­нында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қала­сын­дағы саяси-ағарту техникумына түсіп, оны 1938 жылы бітірген. Павлодар облыс­тық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұс­қау­шысы болып жүргенде әскер қата­рына шақырылып, әскери-барлау мекте­біне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі бар­лаушылар мектебінде оқиды, іле-шала жау қолында қалған Украина жеріне ат­тан­дырылады. Жау жайлаған елге ұшақ­пен келіп түскен сәттен бастап, Қасым аға­ның партизандық өмірі басталады.
Майданда «партизан Вася» атанды
1941 жылы Қасым Қайсенов Украина же­рінде партизан отрядын құру үшін жау тылына аттанады. Ол жерде Чапаев атын­да­ғы партизан құрамасының үшінші отря­дын басқарады. Одан кейін 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның За­кар­патье, Чехословакия, Румыния жерін­дегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау ты­лын­да жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Кар­пат­ты азат етуге қатысқан. Ол Киев және Пол­тава облыстарындағы партизандар қоз­ғалысын алғаш рет ұйымдастырушы­лар­дың бірі ретінде тарихта қалды. Парти­зан­дардың қалың қолын басқара отырып, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткеріп, фашистерді сан рет тізе бүктірді. Майдан даласында украин жауынгерлері Қасым ағаны бауырларындай көріп, өз аттарымен «Вася» деп атапты. Қасым аға бір естелігінде «Украина – менің екінші Ота­ным. Украиндіктер – мәңгі ұмытылмас бауырларым. Осылай ұлы украин халқын шексіз сүйіп, бауыр басып кеткен адам­мын. Әлі де шығатын, жазбақ кітаптарым да сол Украина жеріндегі жойқын айқасқа арналған. Сол үшін де өзімді украин жазу­шы­ларының бірімін деп есептеймін. Өзімді украин жазушыларының осындағы елші­сін­дей сезінемін», – деген екен.

                                    Солдан оңға қарай: В.Д.Лавриненков – Кеңес Одағанының екі мәрте батыры, генерал-полковник; А.И.Покрышкин – Кеңес Одағының үш мәрте батыры, авиация генералы. Алматы, қаңтар, 1966ж.

                                    Рақымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсенов, 1965

Бейбіт өмірдегі ерлігі
Қан майданда етігімен су кешкен Қасым аға­ға бейбіт өмірге бейімделу оңай­ға түс­кен жоқ. Осы ретте ағалық ақы­лын, қам­қорлығын көрсеткен Жұмағали Саин болды. Қасым аға Сәбит Мұқанов, Бауыр­жан Момышұлы, Рақымжан Қош­қар­баев, Мұқан Иманжанов, Мәлік Ғабду­лин, Әди Шәріпов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аман­жолов сынды қазақ зиялы­ла­ры­мен жақсы қарым-қатынаста болған. Май­даннан оралғаннан кейін аз уақыт Қа­зақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының ап­паратында қызмет атқарған. 1945 жыл­дың орта шенінде партия қатарына алы­нып, білімін жетілдіру үшін Лениндік курс­тың совет бөлімінде оқыған. 1945-70 жыл­дары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, Жам­был об­лысындағы Жуалы және Сверд­лов аудан­дарының атқару комитет­те­рінде төр­а­ға орынбасары ретінде соғыс­тан ке­йін­гі ауыл шаруашылығын қалпына кел­тіру науқанына белсене араласқан, 1953-­1970 жылдар аралығында Қазақ­стан Жазушылар одағында және «Жазу­шы», «Қай­нар» бас­па­ларында қызмет істе­ген.

Замандас лебізі
Тәуелсіз елінің тынысын жырлаумен өтті
«Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде әркім әртүрлі бөлімдерде болып, неміс-фашистеріне қарсы күресті. Бірі – танкист, бірі – ұшқыш, бірі артиллерист болды. Енді біреулер жаяу әскер қатарында жаумен айқасты. Қасым Қайсеновтің үлесіне партизандық тиді. Ол алғашында Чапаев атындағы 8-партизан құрамасында №3 отрядтың командирі болып, Украина жерінде жауға желке жағынан соққы берді. Соғыс кезінде қалыпты әскердегі бізді ел қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Ұрыста сиреген қатарымызды да халық толтырды. Елдегі туыстарымыздан, сүйген жар, сүйікті қыздардан үнемі хаттар алып тұрдық. Осының бәрі бізге күш-қуат берді. Ал майданның сырт жағындағы партизандарда мұндай мүмкіндіктердің бірі де болған жоқ. Олар «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дегендей, ордалы жыланның ортасында, фашистердің қоршауында жүріп, шыбын жанын шүберекке түйіп, өздерін азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Жау сыртына барып түскен 23 жасар Қасекең осындай күйде жүріп, партизан отрядын ұйымдастырды. Кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жігерінің арқасында Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін Нұрекең өз Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа да, Қасым Қайсеновке де Халық Қаһарманы атағын берді. Қасекең бұл лайықты атақты аса зор тебіреніспен қарсы алған еді. Ол өзінің соңғы сағатына дейін Тәуелсіз елінің тынысын жырлаумен өтті. Еліміздегі елеулі оқиғаларға газет арқылы үздіксіз үн қосып отырды. Жеңістерге қуанды, кемістіктерге ренжіді. Бәрін ашық айтып отырды» (Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, «Ағалар туралы аңыз»).

Қос қарудың иесі
Қарудан кейін қолына қалам алған Қасым аға өзінің партизандық жорықтары туралы жазуға бекінеді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдері, жа­уын­гер­лердің өшпес ерліктері жайында қа­лам тербейді. Қасым Қайсеновтің бұл ор­ай­дағы шы­ғармалары қазақ әдебиетінің әскери тақы­рыбын байытты. Қасым аға­ның «Жас партизандар» атты алғашқы кіта­бы 1954 жылы орыс тілінде жарық көре­ді. Одан кейінгі кездерде «Илько Вит­ряк», «Пе­реяс­лав партизандары», «Ажал аузы­нан», «Жау тылындағы бала», «Дне­пр­де», «Жау тылында», «Пар­тизан соқ­пақ­тары» сияқты басқа да әңгіме, очерк, по­весть жи­нақтары оқырман қолы­на тиді жә­не артынша орыс, украин, қыр­ғыз, вьет­нам тіл­деріне аударылды. Кейін­нен «Елім­нің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жаз­балар» кітаптары жарық көрді. Жалпы, Қа­сым Қайсенов 30 шақты кітап жазып қалдырды. Қаһарман жазушы жайын­да 150 ақын-жазушы поэма, естелік жазып­ты және ол туралы екі деректі кино түсірілген.
Қазақтың біртуар перзенті Қасым Қай­сенов ерлік пен батылдықтың символы іс­петтес. Ұлы Жеңіске айтарлықтай үлес қос­қан батыр ағамыздың өмір өткелі, көр­ген-білгені, соғыс туралы шығармалары жас ұрпақ тәрбиесіне негіз болары анық.
Жансая РАХИМОВА

Көзкөрген
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Халық жазушысы:
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай еді...
– Ол біздің қанды қасаптан оралмай қалған мыңдаған ағаларымыз бен әкелеріміздің ақырғы көзіндей еді. Оған қарап, опат болған сол бір ержүрек ұрпақтың келбеті мен қасиетін көргендей болушы едік. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезіне әрі сүйсінуші едік, әрі именуші едік. Сүйсінетініміз – оның бір басына ғана емес, окоп түбінде ойрандалып қалған мыңдаған замандастарының бәріне де тән сол бір қайтпас қайсарлықтың арқасында аман қалып, адыра шаңырақтарды қайтадан қатарға қосу үшін алға тырмысып, азамат болдық. Қаймығатынымыз – ортамызда тірі жүрген оны ренжітсек, опат болған қаһарман ұрпақтың бәрін ренжітетіндей көруші едік. Бірақ Қасекең тас түйін қайсарлығын сонау Карпат ормандарында қалдырғандай, қайсымызбен де: «Айналайын, амансың ба?» деп жайма-шуақ амандасатын. Күркірей шыққан жуан дауысы құлағымызға майдай жағушы еді... Ол дүниеден өткенше кешегі күркіреген II дүниежүзілік соғыстың жауынгері болып қала білді. Украинада жау басып алып, тірідей шерменде болып отырған қауымға Жаратушының өзі аяқ астынан жіберген ақ қанат періштедей көрінген құтқарушылық панагөйлігін Қазақстанға қайта оралған соң қара қағаздардан еңсесі түскен қайғылы қауымның қайта тыңайып, қайта еңсе көтеруі жолындағы қалтқысыз еңбекке арнады. Қанжарын қаламға айырбастап, тым майса кезінде үсік шалып, жапырылып қала жаздаған жетім ұрпақтың жауынгер әкелері мен ағаларының ерлік дастандарын жазды. Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлттық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де Тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, Халық Қаһарманы құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгіл, бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жо­лында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста