Көкшетаулық Маргарита Боярова небары бір жылдың ішінде қазақ тілін меңгеріп алған. Айтуынша, шын ден қойған адамға күнделікті 15 минуттың өзі тіл үйренуге жеткілікті. Өмір бойы тек орыс тілінде оқып, орысша сөйлеген Маргарита қазір Youtube әлеуметтік желісінде жеке блогының авторы. Онда ол қазақ тілін үйренудің қыр-сырымен бөліскен.
- Маргарита, қай жердің тумасы боласыз? Қазақ тілін қанша жастан үйрене бастадыңыз?
- Мен Көкшетауда туып-өстім, одан кейін Степногорск қаласына көшіп, дарынды балаларға арналған мектепте оқыдым. Мектеп бітіріп, грантқа оқуға Алматыға түстім. Мұнда журналистика мамандығы бойынша білім алдым. Барлық оқу орындарымда орыс тілінде оқыдым. Қазақ тілін кез-келген оқушы сияқты бірінші сыныптан басқап оқи бастадым. Алматыға университетке түскенде барлық студенттер көбіне қазақ тілінде сөйледі, жатақханада да, барлық материалдар көбіне қазақ тілінде жазылды. Содан кейін қазақ тілінде сөйлей бастаймын деп шешім қабылдадым. Шамамен бір жыл уақыт қажет деп өзіме меже қойдым.
- Маргарита, қазақтармен тек қазақ тілінде сөйлейсіз бе?
- Жоқ, тек қазақ тілінде сөйлемеймін. Өйткені кейбір қазақтар қазақша түсінбейді. Мен өзіме көбіне қазақ тілінде сөйлейік деп ұсыныс жасасам қазақ тілінде жалғастырамыз.
- Қазақ тілін білу сіз үшін қандай да бір жеңілдіктер берді ме?
- Ешқандай жеңілдіктер берген жоқ, өйткені біздің елде қазір ағылшын тілін білсең, мүмкіндіктер көбірек. Бірақ күнделікті тұрмыста, базарда, дүкендерде қарапайым адамдармен сөйлескенде, олардың көңіл-күйі көтеріледі. Олар менің қазақ тілінде сөйлегенімді естігенде, кәдімгідей қуанады, риза болады.
- Қазақ тіліндегі көркем әдебиетті оқи бересіз бе? Қандай ақын-жазушылардың туындылары ұнайды?
- Жоқ, оқуға уақытым болмай жүр. Қазір кішкентай екі балам бар. Одан кейін маған қазіргі орыс тілінде оқу жеңілірек.
- Маргарита, өзіңіз сияқты қазақ тілін үйренемін деушілермен қандай кеңестермен бөлісе аласыз?
- Мен сөздерді жаттап, адамдардың сөйлегенін мұқият тыңдап, жұмыста, тұрмыста күнделікті пайдаланатын қарапайым сөйлемдерді жаттауға кеңес беремін. Сондай-ақ сөйлей беру керек, ұялудың, басқалары не ойлайды, не айтады деп уайымдаудың қажеті жоқ. Мен өзімнің Youtube каналымда да айтып өткенмін, қазақтар сенің қазақша сөйлеп тұрғаныңды естігенде өте қатты қуанады, қолдауға даяр тұрады. Қазақ тілінде сөйлеуге талпынып жүрген азаматтарды өте жылы қабылдайды. Бұл - керемет нәрсе және халықтың бұлай қолдауы өте маңызды. Себебі сенің өз-өзіңе деген сенімділігің артады. Мұндай қолдау сені қанаттандырғандай болады. Сондықтан сөйлей беріңіз, тіпті араластырып болса да, бастысы сөйлей беріңіз. Мені барлығы түсінеді, кейде білмей қалған сөздерімнің орнына орысша сөздерді қосамын. Қалай сөйлей аласыз, солай бастай беріңіз. Тілді тұтастай меңгеріп алғасын сөйлеймін деп арнайы уақытты күтпеңіз.
- Маргарита, ал тілді меңгеру үшін аптасына, күніне қанша уақыт жұмсау керек?
- Ең құрмағанда күніне 15 минут бөлсеңіз жетеді, 5-10 сөз, 5-10 сөйлем жаттаңыз. Бірақ ең маңыздысы, ол - қазақ тілінде сөйлеу. Достарыңызбен, қазақ тілінде сөйлейтін адамдармен тек қазақ тілінде сөйлесейік деп келісіп алыңыз.
Дайындаған: Жанар ЖАНСЕЙІТ