Қазақстанның халық әртісі, әнші Бекен Жылысбаев қайтыс болды
Қазақстанның халық әртісі, әнші, педагог-ұстаз, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Бекен Жылысбаев 93 жасына қараған шағында дүние салды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Бекен Жылысбаев 1923 жылы 9-шы мамырда Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданындағы Бірбет ауылында туған. 1940-1941 жылдары Мәскеудегі П. Чайковский атындағы консерваторияның ән факультетінің дайындық курсының бірінші жылын аяқтағанда Ұлы Отан соғысы басталып, 1942 – 1944 жылдар аралығында соғысқа қатысады.
1946 жылдан бастап, Қазақ радиосында әнші болып жұмыс істей жүріп, 1951 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітіреді. Сондай-ақ, өзі оқыған консерваториясында дәріс беріп, 1957 жылы ән факультетінің кафедра меңгерушісі болады. Ал 1973 жылы педагогтар арасында тұңғыш профессор атанады.
Бекен Жылысбаев – қазақ халық әндерін, орыс классиктері мен шет ел композиторларының ән-романстарын шебер орындаушылардың бірі болған. М. Төлебаевтың «Тос мені, тос» (өлеңі А. Лекеровтікі), «Кестелі орамал» (өлеңі Н. Баймұхамедовтікі), Абай өлеңіне жазылған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романстарын, «Қазақстан оттары» (өлеңі Н. Шәкеновтікі) кантатасын, тағы басқа әндерді алғаш орындап, өзінің жоғары кәсіби білімін, дауыс диапозонының кеңдігін танытты.
Атақты әнші КСРО-ның «Ленин», 1-2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және «Еңбек Даңқы», «Құрмет белгісі», Қазақстан Республикасының «Отан» ордендерімен марапатталған.
1970-ші жылдары Қазақстанның халық артисі атағына ие болды.
Айта кетейік, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең 24-ші желтоқсан күні Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында өтеді.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: «ҚазАқпарат».