«Қазақстанды таныту» жобасының идеясы Елбасының отандық бұқаралық ақпарат құралдарымен 2012 жылғы желтоқсандағы кездесуінен кейін пайда болды. Президент журналистермен бейресми кездесуде: «Қазіргі жастарға біздің халқымыздың бірегей тұрмысы мен мәдениетінің сипатын телевизия арқылы ұсынылатын айрықша жобалар арқылы ашып көрсетуге болады деп ойлаймын. Ал мұны түсінікті тілмен және заманға лайық форматпен жасау қажет», — деп еді. Елбасының сол ойын іске асырған «Қазақстанды таныту» телевизиялық жобасы кеше Астанадағы «Қазмедиаорталық» ғимаратында таныстырылды.
«Қазақстанды таныту» тележобасы қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы туралы баяндайтын, екі минуттан аспайтын 10 бейнероликті қамтитын топтама Наурыз мейрамы күндері «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарында көрсетіле бастады.
Бейнероликтердің өзіндік ерекшелігі – оларда көркем бейнетүсірілім мен графиканың, көрнекі арнайы эффектілер мен айтулы фактілердің үйлесім табуында.
«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова жобаның тұсаукесерінде: «Бейнероликтер тақырыптары халқымыздың өмірінің айшықты тұстарын танытуға арналған. Бұл роликтер шын мәнінде еліміз үшін мақтаныш сезімін оятатын қазақтың ұлттық брендтері туралы. Өте түсінікті тілде ұсынылып отыр. Мұны жасауға бізге «Кемел ел» деп аталатын өндіруші студия өз көмегін көрсетті», – деп атап өтсе, «Хабар» агенттігі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Алмагүл Ахметжанова жобаның жастарға арналғандығына тоқталды. «Жоба қазақ халқының ұлттық және мәдени бірегейлігін танытады. Біз дәстүрге айналған, баршаға таныс дүниелерді басқа қырынан, заманауи тұрғыдан көрсетуге тырыстық. Бұл бейнероликтер жастар үшін қызықты болар деген үміттемін», — дейді А.Ахметжанова.
Топтамада қамтылған тақырыптардың бәрі кез келген аудитория үшін қызықты әрі танымдық мәні бар. Олар: Асық ату ойынының тәртібі; Қазақ тілі (тарихы мен жазбасы, байлығы мен бейнелілігі); Музыкалық аспаптар және шығармашылық (домбыра жасау үрдісі: қобыздың ерекшеліктері, айтыс өткізу тәртібі); Қазақ күресінің тарихы мен ережелері; Тазы тұқымының ерекшеліктері; Ұлттық әшекей түрлері; Ержетуге байланысты мерекелер; Қымыз дайындау және оның шипалық қасиеттері.
Роликтегі басты рөлдерге кино және спорт жұлдыздары түсті. Қазақ балуаны, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев ұлттық күрестің айрықша қуаты мен айбарын танытса, актриса Бибігүл Сүйіншәлина қазақтың ұлттық әшекейлерінің өзгеше тартымдылығы мен әсемдігін паш етті. Асық туралы роликті түсіру барысында кәдімгі қала балалары ауыл балаларының арасына барып, асық ойынының әдіс-тәсілдерін меңгерсе, мыңнан астам музыкалық аспап жасаған шебер Мұса Әділов домбыра туралы роликтің басты кейіпкеріне айналды. Мұса домбыра жасаудың қыр-сырымен егжей-тегжейлі таныстырды. Қазақ тілі туралы бейнероликте қазақ тіліне қызығушылық танытып, мемлекеттік тілді оқып-үйренуге шақырған алматылықтар көрініс тапқан. Роликте қазақ жазба тілінің дамуының төрт кезеңі қысқа да нұсқа түрде баяндалған, Александр Пушкин, Уильям Шекспир және Мұхтар Әуезовтің сөз қолданыстары салыстырыла отырып, қазақ тілінің байлығы мен тереңдігі ашып көрсетілген. Сонымен бірге ер адамның жас ерекшеліктерінің 15 түрде айтылуын ерекше айшықтап көрсету қазақ тілінің көпқырлылығын аңдатады.
Бейнероликтер жыл бойы «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна», Kazakh TV, 24KZ, «Бiлiм» телеарналарынан көрсетіледі. Сонымен бірге оларды Youtube желісінен тамашалауға да болады, ал фотоматериал мен тақырыптық суреттер Flickr фотохостингінде орналастырылған.
«Қазақстанды таныту» жобасы халықтық жобаға айналады деп жоспарланып отыр. Таяуда жалпы жұртшылықтың қатысуымен Отанды сүю тақырыбына арналған бейнеконкурс басталмақ. Қатысушылар 90 секундтық дербес қысқа бейнеролигінде өзінің туған өлкесімен, оның көрікті жерлерімен, тағдыры қызық тұлғаларымен және айрықша дәстүрлерімен таныстырады. Яғни өз Отанына сүйіспеншілігін танытып, әлемнің Қазақстанға ықыласын оятатын нәрсенің бәрін қамтиды.
Жобаның тұсаукесер рәсіміне дейін БАҚ өкілдері арасында асық ойнаудан шағын жарыс ұйымдастырылып, нәтижесінде ер жігіттерді сұрмергендігімен қапы қалдырған «Заң» апталық газетінің тілшісі Тыныс Ахметжан жеңімпаз атанып, арнайы сыйлықты иеленді.
«Қазақстанды таныту» жобасы таныстырылды
Последние статьи автора