Қазақша мультфильмдерге қандай кейіпкерлер жетіспейді?
Мультфильм бала тәрбиесінде ерекше роль атқаратыны даусыз дүние. Бір сөзбен айтқанда, идеологиялық қару десе де болады. Бүгінгінің баласын, ертеңгінің батырларын қалыптастыруда ұлттық кино, мультфильмдердің үлесі басым екенін ұққан көптеген шет мемлекеттер жыл сайын анимация саласына қыруар қаржы бөліп келеді. Ал біз өзге елдің тарихын дәріптейтін мультфильмдеріне мәз болып жүрсек, алпауыт дейтін Қытай шетелдік өнімдерді балақайларына мүлдем көрсетпейді. Содан болар оларда өз өнімдері жетерлік.
Ата-аналарымыздың Кеңес Одағы тұсында «Союзмультфильм» түсірген туындыларға ештеңе жетпейді дегендерін жиі естіп қаламыз. Ия, кеңестік мультфильмдер баланы мейірімділікке, үлкенді сыйлауға, тазалыққа, достыққа, адалдыққа, оқу-білімге баулыды. Алайда, өз елін сүюге, ана тілін, ділін сақтауға, имандылыққа шақыра алған жоқ. Себебі темірдей тәртіп мұндай «қылмысқа» жол берген жоқ. Тәуелсіздіктің көк туы желбіреген жылдардан кейін отандық анимация саласы қарқынды дамыды деп айта алмаймыз. Қазақ мультфильмдері жұтаңдығынан балалар көк жәшіктегі шетелдің туындыларына еліктей бастады. Қазақ балаларының шет елдік мультфильмдердің қаһармандарына еліктеуі – жойқын ақпараттық экспансиясының жемісі деуге әбден болады. Бүгінгінің балалары «Том және Джерри», «Спанч Боб», «Шрек» секілді мультфильмдерді жатқа соғады. Шетелдік өнімдердің сюжеті жарқын, кейіпкерлері тартымды, сценарийлері қызықты болғанымен бала тәрбиесіне кері әсері жетерлік. Олар қазақ балаларын патриоттыққа, ұлтжандылыққа шақыруға қауқарсыз. Психологтардың пікірінше, шетелдік мультфильмдер баланың санасына жағымсыз әрекеттерді құюда. Мұны жақында АҚШ психологтары да мойындады. Расында да егер мультфильмде басты кейіпкер ашушаң, қатыгез, қиратқыш, зұлым болса, сосын сценарийде оның бұл қылығы өзгелер тарапынан жазаланбаса, сондай-ақ, ол кейіпкер соңына қарай атақты болып, байып кетсе, онда бұл анимациялық фильмдерді балаларға көрсету опа таптырмайтыны психологтар айтпаса да түсінікті ғой. Сондай-ақ, эпизодтарда адамдар тарапынан жануарлар әлемі мен өсімдіктерге қиянат жасалған мультфильмдерге тыйым салу керектігі де жиі айтыла бастады.
Балаларға пайдасынан зияны басым шетелдік өнімдердің орнын кейінгі жылдары отандық мультфильмдер алмастыруға ұмтылуда. Мәселен, «Алдар көсе», «Қанатты Барыс», «Мұңлық пен Зарлық», «Қошқар мен теке», «Ер Төстік пен айдаһар», «Толағай», тағы басқалар. Қазақ мультфильмдерінің кішкентай көрермендерінің біртіндеп көбейіп келе жатқанына, әрине, қуаныштымыз. Алайда, бөтен елдің кейіпкерлерін үлгі тұтып жүрген балақайларымызға отандық өнімдер өз қаһармандарымызды қаншалықты насихаттап, олардың жүректеріне жеткізіп жүр? Ертең ел тізгінін сеніп тапсыратын балдырғандар «Ер Төстіктей» немесе «Алпамыс батырдай» болғысы келер ме екен?! Жалпы бүгінде қазақ мультфильмдеріне қандай кейіпкерлер жетіспейді? Өзгелер не дейді екен?
Ерлібай Қадырбай, журналист:
«Тартымдылық жоқ»
Кейінгі кездері қазақ мультфильмдері көп болмаса да көрсетіле бастады. Олардың барлығын көрмесем де, бірнешеуін тамашалаған жайым бар. Ақиқатын айтсам көпшілігіне көңілім толмайды. Себебі, кейіпкерлердің жүріс-тұрысы маған тым қопал болып көрінеді. Шынайылық аз. Яғни, мамандарға техникалық біліктілік жетіспейтін секілді. Техникалық біліктілік кез келген телетуындыда негізгі роль атқаратынын ескеру қажет. Шетелдік мультфильмдерді қарасаңыз безендірілуі, ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеті үйлесіп тұрады. Мұны тартымдылық дейді. Біздің мультфильмдерде кейіпкерлер қопал қимылдап, ондағы көріністер адамды жалықтырып жібереді, көрерменнің көңіл-күйі бұзылады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, біздегі мультфильмдер көбіне ертегілер желісі негізінде құрылып жүр. Сондықтан шетелдік туындыларға қарағанда мазмұны жағынан біздікі әлдеқайда артық. Бірақ, техникалық кемшіліктің салдарынан тартымдылықтан айырылып жүрміз. Жақында «Қазақстан барысы» деген анимациялық роликті көрдім. Өте әдемі шығыпты. Жануарларды жарыстыра отырып, қазақша күрестің абыройын асырған. Мазмұны да, техникалық жағы да маған қатты ұнады. Мультфильмнен қазақыланған аңдар мен жануарлардан басқа халық батырларын, әншілерді, ел тізгінін ұстаған болыс-билерді көргім келеді. Қазақ мультфильмдеріне, міне, сондай кейіпкерлер жетіспей тұр.
Аршат Ораз, блогер:
«Нақты бір батыр насихатталса...»
Әр елде батырлық культін жасаудың өзіндік әдістері болады. Яғни баланы балабақшаға барғаннан бастап, телеарналардан күнделікті не көріп жүргенін бақылап, оқып жатқан оқулықтарынан өзі еліктейтін қасиетті ұғымдар мен кейіпкерлердің образдарын қалыптастыру керек. Көрші Ресей мемлекеті мультфильмдердің патриоттық тәрбиесіне аса мән береді. Мәселен, олардың заманауи техникамен түсірген «Три богатыря», «Илья Муромец», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич» секілді мультфильмдерінде батырлардың образдары керемет жасалған. Балаларға қызықты, әрі тарихтан хабар алады. Осы секілді туындылар бізге де қажет деп ойлап жүруші едім. Жақында теледидардан «Батырлар сериясын» көріп, қуанып қалдым. Жауынгер халқымыздың небір мықты батырларын насихаттаған екен. Алайда, жалпылама емес нақты бір батырға тоқталып, оның ержүректігі жайлы сериялық мультфильмдер жасалса баланың жадында жақсы сақталар еді. Тағы бір мәселе - біздің туындыларда жануарлардың аттары кездеспейді. Жәй ғана “Қошқар мен теке”, немесе “Аю мен қоян” деп қоя салады. Бұл кішкентай балақайларға қызықсыздау деп ойлаймын. Салыстырмалы түрде шетелдің мультфильмдерін алсаңыз, барлық кейіпкердің Маша, Самсам, Пороро, Кокомонг сияқты өз есімдері бар. Аниматорларымыз осыны ескерсе екен деймін.
Айнагүл Исаева, Шымкент қаласы №5 «Нұрсәт» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі:
«Әлі қамтылмаған кейіпкер көп»
Өздеріңізге белгілі, балабақшада күнделікті жаттығулар жасап, сабақтар өтіп, шығармашылық жұмыстармен айналысамыз. Сондықтан, мультфильм тамашалатуға уақытымыз тапшы. Оның үстіне теледидар алдында ұзақ отыру балалардың денсаулығына да зиянды. Мультфильм көруге күніне 15-20 минут уақыт жеткілікті. Осы аралықта «Алдар көсе», «Ер Төстік», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» секілді мультфильмдерді көрсетеміз. Қазір «Балапан» телеарнасында «Сен білесің бе?» деген секілді оқу-жазуға, санауға үйрететін қазақша мультфильмдер көбейген. Балалар осыларды қызықтап отырады. Арасында шетелдік мультфильмдерді де көрсетіп отырамыз. Бір жақсысы, қазір шетелдік туындылардың көбісі қазақ тіліне аударылып жатыр ғой. Солардың ішінде «Көліктерді(Тачки) ер балалар сүйсініп тамашалайды. Шетелдік өнімдер қанша жерден қызықты болса да отандық мультфильмдерге не жетсін? Тек мультфильмдердің тәрбиелік мәнін жоғалтпай, сапасын одан әрі жоғарылату қажет. Сонымен қатар халқымыздың ауыз әдебиеті, фольклоры, ертегілері мен аңыз-әфсаналары, жырлары мен дастандары өте көп. Олардың әрқайсысы тұнып тұрған тақырып. Тек ретін тауып, мультфильм туындыларына ыңғайлай білсең болғаны. Сол себепті біздің ашылмай жатқан қазынамыз іспетті болып отырған ауыз әдебиетіміз, ертегілеріміз, ондағы кейіпкерлердің барлығы бір-бір мультфильм кейіпкерлеріне сұранып тұр. Аниматорларымыз қазақ ертегілерінде әлі қамтылмаған кейіпкерлерді жарыққа шығарса деймін.
rgmedia.kz