Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп
Биыл халқымыз дауылпаз ақын, ерлік пен өрліктің жыршысы – Иманжүсіптің 150 жылдығын тойламақ. Тарихи тұлғаның мерейтойына орай Ертістің Павлодар өңірінде ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға дайындық жұмыстары басталып кетті.
Бұл туралы Иманжүсіп Құтпанұлының немересі Раушан Қошенова мәлімдеді. Философия ғылымының докторы, профессор Раушан Нұрханқызы Иманжүсіптің өнегелі өмірін зерттеумен айналысқанына 20 жылға жуық уақыт өтіпті.
Қазіргі таңда облыс көлемінде дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мерейтой қарсаңында аймақ жұртшылығына құнды тартулар жасалмақ. Мәселен, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Иманжүсіптің өнегелі ғұмыры, рухани мұрасын арқау еткен көрменің экспозициясы әзірленуде. Сондай-ақ «Ақбалдақ алмасының сынығысың» атты кітап жарық көрмек. Аталмыш кітапта ел бірлігін мұрат еткен тұлға туралы жазылған естеліктер мен шығармалар топтастырылмақ. Р.Қошенованың айтуынша, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың Иманжүсіпке арнап жазған «Кек жастығы» атты арнау шығармасы да оқырманға жол тартпақ. Сондай-ақ Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында пьеса сахналанады деп күтілуде.
Раушан ҚОШЕНОВА, Иманжүсіптің немересі:
– Өр рухты ақын, балуан, батыр Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақ тарихынан ойып орын алған тау тұлға. Туған елінің Тәуелсіздігін аңсап, «ереуіл атқа ер салған, еңку-еңку жер шалған» азаттық жыршыларының бірегейі. Қазақтың мұң-зарын бойына сіңіріп, өмір бойы «Елім!» деп өткен Иманжүсіптің қалдырған мұрасын насихаттау, ардақтау – парызымыз. Менің арманым – әр қазақтың жүрегінде Иманжүсіпті ояту. Әр қазақтың өз Иманжүсібі болуы керек. Атамның есімін ұлықтау мақсатында облыстық және республикалық деңгейдегі мәдени іс-шаралар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылса деген ниетім бар. Атамның есімі туған халқының жүрегінің төрінен орын алып, бостандықты, елінің Тәуелсіздігін жұмыр жер бетіндегі барлық құндылықтардан артық көріп, өзін қазақпын деп санайтын әрбір азаматтың санасында жатталып қалса деймін.