Қазақ жерінің ғұламалары ислам өркениетіне не берді?
Осыдан біраз уақыт бұрын еліміздің экономикасын, әлеуетін көтереміз деп ғылым мен руханият назардан тыс қалып жатты. Бүгінде осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мемлекет тарапынан ғылымға деген қамқорлық күшеюде. Соның бір дәлелі, күні кеше білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов биылғы жылы еліміздегі ғылымды дамытуға 49 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтқан еді. Осы орайда Қазақстанның ірі қалалары мен барлық аймақтарында қазақ ғылымы мен тарихына, руханиятына қатысты түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Таяуда Алматы қаласында «Ғылым ордасы» РМК және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы бірлесіп, «Қазақ жерінің ортағасырлық ғұламалары және олардың ислам өркениетіндегі орны» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Тарихымыздағы келелі тақырыпқа арналған жиынды «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Роза Кәрібжанова ашты. Одан кейінгі кіріспе сөздің кезегі тиген ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов конференцияның қазақ руханияты үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Академик М.Жұрынов қазіргі заман руханиятының, оның ішінде ғылым, мәдениет, өнер, философияның қалыптасуына зор үлес қосқан ортағасырлық ғалымдардың, тарихи тұлғалардың еңбегі ұшан-теңіз екенін, олардың шығармашылық мұрасы терең зерттеуді қажет ететінін тілге тиек етті. Аталмыш жиында бас қосқан ғалымдар, дінтанушылар, тарихшылар ортағасырлық ғалымдар туралы, қазақ тарихының этникалық мәселелері жайлы, ислам өркениеті мен түркілер хақында өте қызықты баяндамалар жасады.
Кезінде кеңестік биліктің дәурені жүріп тұрған шақта дін мүлде ысырылып, атеистік жүйе халықты өз айдауына көндіруге тырысып бақты. Осыған байланысты қоғамның, халықтың, ұлттың даму тарихында діннің орны бұрмалауға ұшырап, рөлі төмендетілді. Большевиктер партиясы халыққа ықпал ете алатын өздеріне балама күштерді мойындаған жоқ. Сондықтан қоғамда дін туралы жаңсақ пікірлер қалыптасты. Шын мәнінде, кез келген ұлттың этнос ретінде қалыптасуында діннің рөлі өте жоғары. Осыдан 1000 жылдан астам уақыт бұрын ата-бабамыз қабылдаған ислам діні ұлтымыздың мәдениеті мен ғылымынан, әдебиеті мен тұрмыс-тіршілігінен көрініс тапқан. Қазақ даласында туған талай ғұлама ғалымдар әлемдік ислам өркениетіне өте үлкен үлес қосты.
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі:
– Халық несімен күшті? Өзінің рухымен, ұлттық санасымен, мемлекеттілігімен күшті. Қазақ – Орта Азия халықтарының ішінде өзіндік орны бар халық. Мен қанша жылдан бері ислам өркениетіне қазақ топырағынан шыққан ғұламалардың қосқан үлесін зерттеп жүрмін. Осы зерттеулерімнің нәтижесінде мен қазақ халқының ислам өркениетін байытқанын еш күмәнсіз айта аламын. Тіпті шетелдерде болатын конференцияларда да осы ойымды ашық айтып жүрмін. Басқа елдің ғалымдары «барлық ортағасырлық ғұламаларды қазақ халқы меншіктеп алды ғой» деп те жатады. Бірақ бұл – даусыз мәселе. Өйткені ғұламалардың көбі қазақ жерінің тумалары екені анық. Бір ғана әл-Фарабидің өзін алатын болсақ, ол – толық бір зерттеу институтының еңбегін атқарған ғалым. Мен осыдан біраз уақыт бұрын қазақ жерінде 11 әл-Фарабидің болғанын жазғанмын. Бүгінде әл-Фарабилердің саны 30-ға жетті. Мүмкін 50 әл-Фараби болған шығар? Осындай ғұламаларымызды ғылыми түрде зерттеп, дәлелдеуіміз керек. Кеңес дәуірінде жазылған 5 томдық тарихымызға біздің көптеген ғалымымыз енбей қалған. Алдағы уақытта тарихымыз қайта түгенделіп, бұған дейін беймәлім болып келген ғұламаларымыз оқулықтарға енгізілуі тиіс.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Біздің қазіргі жазылып жатқан тарихымызға қолдаудың болмай жатқан себебі – оған балама тарихтың көбейіп кетуі. Бүгінде тарихшыларымыздың алдындағы ең ауыр жүк – қазақ деген халықтың қайдан шыққандығын зерттеп жазу. Ең алдымен, арғы түріктердің кім екенін анықтап алуымыз керек. Осы уақытқа дейін біз көптеген бұрмаланған тарихты пайдаланып келдік. «Түрік» этнонимі, «түргеш», «қарахан» атаулары қайдан шықты? Осындай мәселелердің басын ашу үшін қытай жазбаларын, басқа да деректерді ақтаруымыз керек. Біздің тарихымызда әлі күнге дейін «алаш» атауының қайдан, қалай шыққаны туралы жөнді дерек жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі шыққан 5 томдыққа неге «алаш» атауы енгізілмеген? Мұнда бұл атауға бір ғана абзац арналған. «Қазақ» сөзінен бұрын пайда болып, кейіннен синониміне айналған «алаш» атауы қайдан шықты? Өзімізді Алаш баласымыз деп атаймыз, бірақ бұл атаудың шығу тегін білмейміз. Сондай-ақ қазақтың ірі-ірі тайпаларының атауын зерттеп алмай, біз тарихымыздың тереңіне бойлай алмаймыз.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Ислам діні ортағасырлық кезеңдерде халықтардың жаңа сапаға көтерілуіне белгілі бір дәрежеде әсер етті. Дін – халықты тұтастырушы, біріктіруші ұйытқы элемент. Ислам дінінің қазақ даласында мемлекеттіліктің қалыптасуына ықпалы болғандығы даусыз. Алайда бұл мәселені біз әлі де ғылыми тұрғыдан дәлелдеуіміз керек. Рухани мәселелерге арналған осындай жиындар көп болу керек. Сондай-ақ мұндай конференциялардың мазмұнды, тағылымды болғаны жөн. Мықты ғалымдардың зерттеулері, құнды пікірлері сөз жүзінде қалмай, іске асырылып, оқу орындарындағы білім беру үрдісінде пайдаланылғаны дұрыс.
Қазақ халқының бастан өткерген тағдыры тарих парағына әлі толық жазыла қоймағаны көпшілікке мәлім. Ал біздің рухани тарихымыз өзгелердікінен көне болмаса, жас емес. Ғылым әділдікті жақсы көреді. Ғылым халыққа сенім береді. Сондықтан осы жиында көтерілген мәселелер шешімін тауып, тарихымыз түгенделе түссе дейміз. Жиында ғалымдардың тек ортағасырлық ғұламалардың ғана емес, кешегі Алаш қозғалысының қайраткерлері туралы құжаттық материалдардың толық ашыла қоймағанына алаңдаулы екенін аңғардық. Ендеше, тарихтың ашылмаған парақтары алдағы уақыттың еншісінде...