Компьютерлік технология дамыған сайын хакерлік те күш алып келеді. IT-сферадағы қылмыс қазір елімізге таңсық емес. Хакерлер банктердегі сейфті кілтсіз ашатын мықты механиктерге балама іспетті, күшті қорғанысы бар деген мемлекеттік органдардың жүйелерін бұзып кіру олар үшін түк емес. Электронды ақша істеуге құныққан хакерлер шабуылынан жеке фирмалар түгіл, мемлекеттік органдар да сақтандырылмаған. Мамандар соңғы кезде виртуалды әлемде киберқарақшылықтың ғарыштық жылдамдықпен өсіп бара жатқанына алаңдаулы. 2003 жылы елімізде 17 веб-қылмыс орын алса, екі жылдан кейін 713-ке жеткен. Өткен жылы ғана ІІМ мұндай қылмыстардың саны 2000-ға жеткенін мәлімдеді.
Виртуалды қарақшыларды қылмыс үстінде қолға түсіру мүмкін емес. Кінәсін мойнына қойып, дәлелдеу де – қиын шаруа. Тәртіп сақшылары көбіне провайдерлердің көмегіне жүгінеді. Бүгінде осы провайдерлердің көмегімен киберқарақшылардың ізін аңдуға болады. Бірақ олардың басым бөлігі кодты бұзудың құпиясын аша бермейді. Осындай қылмыс түрінің өсуіне қарап, елімізде хакерлердің бүтін бір мектебі қалыптасқан деп болжам жасауға болатын сияқты. Бөтен бағдарламаларды бұзушыларды үш топқа бөлуге болады. Олар: хакерлер, фрикерлер, крэкерлер. Компьютерлік бағдарламалардың ұңғыл-шұңғылын жетік меңгерген олар тіпті миы мықты дамыған ғалымдарыңның өзін жолда қалдырады екен. Мысал да жетерлік.
Расында, бүгінде қазақ хакерлерінің әлем бойынша атақтары жер жарып тұр. Бір ғана мысал, Степногорскідегі 20 жастағы жігіт банктің есепшотынан ірі көлемдегі ақшаны аударып алып, Мәскеуге қашып кетпек болған. Қостанайлық хакер кеденшілердің компьютерлерінің желісіне жасырын кіріп отырған. Интернетті қажетінше пайдаланған ол әлемдік электрондық желімен байланысқа шығудың таңғаларлық жолдарын ойлап тауыпты. Мұрат Өртембаевты алғашқы қазақстандық хакерлердің көшбастаушысы десе де болады.
Ол Ресейдегі алып зауыттың жүйесін бұзып кірген. Соның салдарынан зауыт үш күнге жұмысын тоқтатқан. Әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазған сенсацияға кезінде шетелдік хакерлеріңнің өзі таңғалған екен. Мұрат Өртембаевтың осы әрекетінен кейін дүниежүзі елдерінің заң жүйесіне өзгерістер енгізілді. Тек осы оқиғадан кейін ғана бағдарлама жасаушының қатардағы қарапайым мамандық емес, мықты кәсіп иесі екендігі мойындалды.
«Заманына қарай – амалы» деген, бүгінде хакерлердің «заманауи» түрі пайда болды. Бұрынғы кезде компьютерді тек майда-шүйде алаяқтық жасап, былапыт сөздер таратып, ермек үшін пайдаланса, қазір онымен қап-қап ақша тауып, тіпті лаңкестік әрекеттерге жол беретін таптырмас құралға айналдырып алды. Мемлекеттік құпия сақталған сайттарға шабуыл жасап, саяси қоқан-лоққы жасайтындар да бой көрсете бастады. Хакер-терроршылар тобы да көбеймесе азаймай тұр.
Хакер қорғаныс
Құқық қорғаушылар байланыстың электрондық жүйесі хакерлер үшін ақша табудың таптырмас құралы бола алатындығын әлдеқашан-ақ мойындап қойған. Хакерлердің негізінен банк жүйесіне «аңсары ауып» тұратыны айтпаса да түсінікті. Олар аз-маз дүниеге бола қолдарын былғамайды. Әрине, хакерлерден аузы күйген банктер үрлеп ішуді үйреніп, бүгінде қомақты қаражаттарын өз хакерлерімен күзетуді қолға алды. Мұндай «милы бастарға» банк жоғары жалақы төлейді. Турасында олардың ішкені – алдында, ішпегені – артында. Басқа да ірі компаниялар құпияларының қауіпсіздігі үшін хакер ұстайды. Олар өзі жұмыс істейтін нысанның технологиялық процестерін бақылап, «сыртқа сыр» шашпаудың барлық жағдайын жасайды. Хакерлердің қоғамға тигізер бір ғана «пайдасы» бар. Ол бағдарлама жасаушылардың біліктілігін шыңдай түсуіне ықпал етеді.
Киберқылмыс пен жаза
Киберқылмыстың алдын алумен елімізде ҰҚК, Қаржы полициясы, ІІМ айналысады. ІІМ-де жоғары технологиялар саласындағы қылмыспен айналысатын «К» атты арнайы басқарма бар. Мамандардың айтуынша, хакерлердің шабуылынан 100 пайыз қорғану мүлдем мүмкін емес. Жуырда ТМД елдерінің құқық қорғау органдары бас қосып, хакерлерден қорғану шараларын талқылады. Әу баста бұл қазақстандық мамандардың ұсынысы болған екен. Хакерлікпен айналысу кез келген мемлекетте заңмен қудаланады. Жаза мәселесіне келсек, көпшілік елдердегідей бізде де үкіметтік құпияны сақтаушы органдардың электрондық жүйесіне заңсыз енген адамдар қатаң жазаланады. Ал көрші Ресейде осы қылмысқа қарсы күресті «Р» және «К» басқармалары жүргізеді. Аталған басқармалар 1999 жылы құрылған. Ресейлік хакерлер көбіне-көп компьютер желісі көмегімен бай-манаптардың жеке өміріне қол сұғу арқылы бар құпияларын өздеріне қарсы қару етіп, бопсалайтын көрінеді. Әрі банктерден «ақша саууды» да бірінші кезекке қойып отыр. Бізде де жағдай мәз емес. Дәл қазіргі кезде осындай қылмыскерлермен күреске айрықша күш жұмсалуда. ҰҚК-нің заңдық базасына осындай қылмыстарға қатысты істерді қарайтын арнайы бап та енгізілген. Сондағысы «компьютерлік жүйені бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады. Берілетін жаза – екі-ақ жыл. Екі жылдың ішінде есі кіріп, хакерліктен қатарға қосылатын пендені көрген көз жоқ. Сондықтан да хакерліктен аяқ тартатындай жазаның да қатаң болуы тиіс. Интернетке, жоғары технологияның сан тарауына қатысты заң қабылдануы керек деп біраз шу шыққанымен, түйенің етін жеп қойғандай әлі толғағы басталмай тұр. Бәлкім, қашпаған сиырдың уызынан дәметіп жүргенде, хакерлер тұзаққа түспеудің басқа амалын ойлап табар...
Хакер-ақпарат
«Хакер» сөзі ағылшынның «hack», яғни шабушы, бұзушы деген сөзінен шыққан. Ол – компьютерлік технологиялардың қыр-сырын терең меңгерген, білікті IT маманы. Негізінен, әу баста, әлемдегі ең ірі әрі күрделі саналатын компьютерлік желілерді пайдалануды жетік меңгерген, технологияның дамуын бүге-шігесіне дейін білетін «алтын милы» адамды айтады. Алайда көпшілік үшін қандай да бір электрондық жүйеге заңсыз шабуыл жасаған адам біздің қоғамда хакер деген атқа ие болған.
Хакер-дерек
Life Newsтің жазуынша, LulzSec және Anonymous хакерлік топтары кімнің күшті екенін дәлелдеуді қойып, енді бір мақсат жолында бас біріктірмек. Олар үкіметтік сайттар мен банк есеп шоттарын бұзып кіруді көздеп отырған көрінеді. Олардың операциясы «Антиқауіпсіздік» (Anti Security) деп аталады. Олардың бағдарламасында – ақпараттық салада олардың үстемдігін жою мақсатында және барлық үкіметтік сайттарды бұзып кіріп, оларды біраз қорқыту.
Жексен ҚАСЕНОВ, бағдарламашы:
– Киберқарақшылықтың көбейіп кетуінің басты себебі – хакердің кәсібилігі, мәліметтің құндылығы, ең бастысы, қауіпсіздікке жеткілікті түрде мән берілмеуі. Компьютердің «құлағында ойнайтын» кез келген бағдарламашы бөтеннің бақшасына түсе алады. Бірақ көбіне оның заңды жақтарына көңіл бөлгендер аяғын еппен басса, құныққандары қазынаға қолын молынан салып, аяғында темір торға қамалып жатады. Сондықтан да хакерлердің торына шырмалмас үшін қауіпсіздікке көп көңіл бөлінгені жөн.