Қазақ тілін үйренудің қандай рецептісін ұсынасыз?
Роман КИМ, «Қазақстанның корейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Тіл үйретудің әмбебап бір рецепті бар деп ойламаймын. Меніңше, кез келген тілді үйрену үшін ең алдымен адамның ниеті, ішкі қалауы болуы керек. Екіншіден, өзіңді-өзің жігерлендіретін күш-қуат болу керек. Содан кейін барып тіл үйретуші ұстазға және оның методикасына байланысты болып келеді. Мысалы, менің ұстазым тіл үйрету барысында сөз жаттатып қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрін, жораларын, таным-түсінігін бірге жеткізуге тырысады. Мұндайда тіл үйрену де әлдеқайда жеңіл болады. Себебі түсініп барып оқисың, есте сақтауға да жақсы. Қазақ тілі үйренуге жеңіл деп айта алмаймын, бірақ, ол – қызық. Сөйлемді дұрыс құрамасаң мүлде бөлек мағына беріп кетеді. Ал өзге тілдерде атауларын білсең болды, әйтүп-бүйтіп түсінісе аласың ғой. Соған қарамастан, алынбайтын қамал жоқ, менің қазіргі қазақшам жаман емес. Айтылған сөзді түсінемін, өзім де қарапайым ауызекі сөздерді пайдаланып сөйлесемін, оқи аламын. Жолда кетіп бара жатқанда, жол бойындағы жарнамаларды қалдырмай оқып отырамын. Түсінбегенімді өзгелерден сұраймын. Бұл да бір әдіс шығар.
Ию ИИ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенті, Қытай азаматы:
– Қазақстанда жүргеніме екі жыл болды. Алайда қазақ тілін үйренуді бастағаныма – 10 ай. Осы уақыттың ішінде ауызекі тіл деңгейінде кез келген адаммен тілдесе алатын дәрежеге жеттім. Қазақ тілін тек ҚазҰУ-дің қабырғасында жүріп, ешбір қосымша сабақтарсыз университеттің бағдарламасымен-ақ үйрендім десем болады. Дегенмен мен біздің оқу орнында қазақ тілін үйренуге аз сағат бөлінеді деп есептеймін. Қазақстанның білім министрлігі бойынша студенттерге қазақ тілін үйретуге алты кредит бекітілген болса, ҚазҰУ-да оның жартысы ғана беріледі. Мәселен, егер қазақ тілі пәніне алты кредит берілсе мен бір жылдың ішінде мүлде жақсы сөйлей алатын дәрежеге жетер едім. Әзір мен төрт тіл білемін: қытай, ағылшын, орыс және қазақ тілі. Осылардың арасынан қытай тілі ауыр деп ойлаймын. Алғашқы кезде маған қазақ тілі де үйренуге ауыр тіл болып көрінді. Алайда кейін түсінгенім, қазақ тілін үйренуші адам ең алдымен бұл тілдегі сөйлемдер құрылысы қалай болатынын ұғынып алуы керек екен. Яғни тілдің жалпы сипатын білуі тиіс. Осыдан кейінгі маңыздысы диалог деп есептеймін. Қазақ тілінде неғұрлым көп қарым-қатынасқа түсу қажет. Әрине, ұмтылыс жасаған адамның бірте-бірте сөздік қоры арта бастайды. Меніңше, Қазақстанда жүрген өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрену өте жеңіл болады, себебі өздері күнделікті естіп, тыңдап жүрген – тіл.
Василий КРУЧЕВ, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті:
– Меніңше, мемлекеттік тілді меңгеру үшін қазақ тілінде таза сөйлей алатын бір жақсы досың болу керек. Бұл – бір жағынан қалжың болғанымен, екінші жағынан рас сөз. Мәселен, менің қазақ тілін үйренуіме достарым себеп болды. Мектеп кезіндегі достарымның біразы қазақтар еді. Алғашқы кезде өзім білетін бір-екі қазақша сөзді қалжың ретінде қолданып жүрдім. Солай қалжыңдаса жүріп, біраз сөз біліп қалдым. Кейіннен сол білгендерімді мектептегі қазақ тілі пәнінде сауатты түрде жүйелеп алдым. 11 сыныпты тамамдаған кезде-ақ менің қазақшам тәуір деңгейде болды. Қазір де оны жетілдіріп жүрмін.