Қазақ телевизиясының жауынгер басшысы

Қазақ телевизиясының жауынгер басшысы

«Провинцияда туып, Парижде өлетіндердің» қатарын тек ақындармен шектеледі деу қате. Себебі өз ұлты, өз елі, тіпті адамзаттың көгіне Күн болып көтерілген қандай алыптың болсын кіндігі ауылда кесіліп, қара ағаштың түбіне көмілері хақ. ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақтың қараша ауылында туып, қара шалғынында жалаңаяқ жүгіріп өскен қара баласынан ұлтының қамын ойлап, сол үшін жанын сала қызмет қылған данасына айналған ұлдарының бірі кейбір тұстас қаламгерлер жағы «ХХ ғасырдың Құнанбайы» атандырған Кенжеболат Шалабаев еді. Неге Құнанбай? Ол жағы кейінірек. Алайда алғашқы қазақ телевизия өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі, тұлғасы да, ісі де ірі осы бір есім иесі тірі болғанда тамыздың 15-і күні 90-ға толады екен... 

Соғыс майданының солдаты, ақпарат майданының генералы
1921 жылы Солтүстік Қазақстан облы­сының Ленин ауданында (қазір Алматы ауданы – автор) дүниеге келген Кенжеболат Нұртазаұлы ел басына күн туған заман­ның ұланы еді, сонысына лайық өз еркімен Отан соғысына аттанғандардың бірі болды. Рейхстагқа ту тігіп, майдан даласынан елге оралған ердің кейінгі тағдыры ақпарат майданында жалғасып еді. Осы саланың  солдатынан генералына өскен Кен­же­бо­лат Шалабаевтың еңбегін тек қазақ телевизия­сының басшылығымен өлшеге­німіз білімсіздік, көргенсіздік болар еді. Бүгін қалам ұстап жүрген әрқайсымыздың ол кісіге алғыс айтар ретіміз бар, себебі қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде жур­налистика факультеті­нің ашылуына тікелей мұрындық болған осы бір аяулы жан бола­тын. Әрине, қазақ телевизиясы мен радио­сының тәй-тәй бас­қан тұңғыш қадамдары дерлік жетістік­тер, жаңалықтар бастауында Кенжеболат Шалабаевтың тұрғаны – даусыз ақиқат. Қа­зақ радиосында неміс, ұйғыр, корей ре­дак­циялары құры­лып, телерадиокешенге қарасты төл эстрадалық оркестр, телетеатр құрылып, «Өткір объектив» сын­ды зама­нын­да ел сүйіп көрген сати­ралық журнал­дың дүниеге келгені де – осы азаматтың қолтаңбасы. Майдан көр­ген, соғыстың сұ­ра­пыл қиындығына қаймық­паған қайсар­лығын ол осы қызмет барысын­да, ұлттың үлесіне іс шешуде де дәлелдеген еді. Атап айтқанда, орыс тілінің түкірігі жер­ге түспей тұрған тұста қазақ телеви­зиясының 50 пайыз хабарларын қазақша жүргізуге қол жеткізді. Ол кез – қазіргідей телевизияның тәуелсіз ақпарат құралы емес, тікелей мемлекеттің, компартияның құралы болып тұрған кезі, яғни Кенжеболат Нұртазаұлы жай телевизия басшысы емес, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Телевизия және ра­дио хабарларын тарату мемлекеттік коми­те­тінің  бас­шы­сы болды. Нағыз билік орга­ны, на­ғыз министр бола тұра, қазақ тілін қай­мық­пай көтеруі көзсіз ерлік емес пе?!
«Жиырмасыншы ғасырдың Құнанбайы»
Ол – Қазақ телерадиокоми­тетінің тасы өрге домалап тұрған кез. Бұ­рын бағдарла­мада жаңалық қана – қазақша, қалғаны түгел орыс тілінде берілетін. Енді хабарға қазақша жан кіріп, орысша мен қазақша бағдарлама тепе-тең болуға алғаш қадам басқан. Жұмыссыз жүрген қазақ журналис­те­рі нәпақа тапқан. Бұл Кенжеболаттың Кенжеболаттығымен ғана іске асқан еді. Ол орысша-қазақша сөйле­генде болат шегедей қадап сөйлейтін, айт­қанын орындатпай тынбайтын өткір азамат еді. Енді өткенді сараласам, Жақаң­ның «Құ­нан­бай қажы» деуі үйлесімді екен. Құ­нанбай қажы Меккеге мешіт, қонақүй сал­са, Кенжеболат орыс болуға шақ қалған бауыр­ларына қол созыпты. Соғыс уағында Ленинградтан, Мәскеуден келген, радио, теледидардың жілік майының дәмін тат­қан, содан соң жылы, жайлы Алматыда қалып қойған Сацук, Иза Фидел, Рапопорт, т.б. секілді білгір орыс журналистерін тасқа отырғызатын. Оның халқым деп соққан жүрегі заман, партия, уақыт алға қойған талапты мінсіз адал атқарумен бірге, туған ұлтын да ұмытпады. Сөйтіп, тар, тайғақ заманның жолында қазақша бағдарламаға кеңістік ашты. Ол заманда қиыннан қиыс­ты­рып, батыл қадам жасау оңай емес еді. Егер теледидар бүгін егемендік алғаннан кейін табысқа жетсе, оның бастауы Кенже­бо­лат­тан басталады.
1968 жылы Қазақ радиосы қазіргі ел сүйіп тыңдайтын «Шалқар» бағдарламасын ашты. Бұл да – Кенжеболат Шалабаевтың еңбегі.
Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, ол кезде Алматыда үй алмақ түгіл, тұрақты тұрғын болып тіркелу қазақтарға өте қиын еді. Кенжекең көп қызметкерді жұмысқа тіркеусіз қабылдады. Жыл айналдырмай үй әперді. Сол жұмысқа тұрғандардың көбінің әкесі – 1941 жылғы соғыстан қайт­­пай қалғандар. Әкелері жасай алмай кет­кен жақсылықты көрді.
Досан ЖАНБОТА, жазушы «Жиырмасыншы ғасырдың Құнанбайы» (эссе) // «ҚӘ», 24.12.2010

Бүгінде телевизия сыншысы ретінде та­нылған Құдайберген Тұрсынбаев ХХ ға­сыр­дың 70-90 жылдарын қазақ теледи­да­рының алтын ғасырына балайды. Де­се дегендей-ақ, сол тұста телерадио­комитет төрағалығын Кенжеболат Шала­баев, Камал Смайылов, Ғаділбек Шалах­метов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сынды халыққа танымал тұлғалар басқа­рып, көгілдір экранның төріне республи­каның түкпір-түкпірінен, Семейден – Ф.Бе­гем­баеваны, Ақтөбеден – Қажы Қорғанов пен  Мәриям Айымбетованы, Қарағандыдан – Ласкер Сейітов пен С.Татенконы, Жезқаз­ғаннан – Жүрсін Ерманов пен Бақытжамал Ерманованы, Ташкенттен Тыныс Өтебаевты т.б. шақыртқан еді. Кеңестік журналисти­ка­­ның ірі теоретиктерінің бірі, профессор Марат Барманқұловтың Алматы ауыр машина жасау зауытынан жүргізген тұңғыш  тікелей репортажы, Сұлтан Оразалинов өмірге әкелген «Сұхбат», «Кездесу», «Қы­мыз­хана», Ғаділбек Шалахметовтің «Ритм операциясы», «Екібастұз проблемалары», Қажы Қорғановтың «Бір хаттың ізімен», «Үш бәйтерек», Н.Иманғалиұлының «Көк­пар», Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қа­рыз» т.б. телехабарларының әрқайсысы көрермен көзайымына айналған заман  сол тұс еді.
Ұлағатты ағаның қамқорлығын көрген­дер лебізі былай өрбиді:  
Қажы ҚОРҒАН, ардагер тележурналист:
– 1963 жылдың наурыз айының орта шені. Батыс Қазақстан өлкелік телерадиокомитетінде дикторлық қызметте жүрген кезім. Ақтөбенің қалтарыстау көшесімен келе жатсам, қарсы алдымнан Әлекеңнің  (Әлқожа Мұхамеджанов) көк волгасы көлденең тұра қалды.
– Ал сүйіншіңді дайындай бер, Хайдолла бөлеңді көретін болдың, ол аз десең, министр ағаймен де танысасың.
– Сүйіншіңіз дайын, Әлқожа Мұ­ха­меджанов, Шалабаев ағай келетін болып па? – деймін өлкелік телера­дио­комитет төрағасының орын­баса­рына қуанғанымды жасыра алмай.
– Иә, бүгін Мәскеуден шығып, Оралға кідірмек, одан соң бізге аялдамақ.
Дастарқанның етек жағында отырып, қонақтарға қызмет көрсетіп жүріп, Кенжағаңа ұрлана қарап қоямын. Кенжағаң алдына келген бастың әр мүшесін дастарқан басындағыларға ретімен үлестіріп жатыр. «Ауылдың қомағай шалдары «былжырап кетесіңдер» деп ауыз тигізбейтін мипалау осы болады. Ал енді бастықтың миы толы болмаса, несі бастық?! Сондықтан екеуміз ауыз тиелік те, мына отырған орынбасарларымызға молырақ асаталық. Бұлардың миы толық болса, екеумізге жұмыс істеу жеңілірек болады. Солай емес пе, Михаил?» – деп жымияды Кенжағаң.
– Солайы солай-ау, Кенжеболат Нұртазинович, бірақ миға тойып алып, «ал біздің ақылымыз көбейді, сондықтан креслоны босатыңдар» деп жүрмесе...
– Мұныңа келісу қиын. Ақылы көп адам кез келген пендешіліктен биік тұрмақ. Өзгелерден ақылды екендігін де сездірмеуге тырысады. Алайда оны сезген бойда күндердің бір күні ақылды замды өзің әкеліп, креслоңа отырғызғаның жөн. Менің басты принципім: «помогать нужно талантам, а бездарные сами пробьются», – деді.
Ғаділбек ШАЛАХМЕТОВ, «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академиясының академигі:
– Мені 1964 жылы телевизияға шақырған Кенжағаң болатын. Негі­зінде, мен политехникалық институт­тың студенті едім. Журналистер көп қой, әйтсе де политехникалық білімі бар адамды жұмысқа тарту жаңалық еді. 1967 жылы Мәскеуде Қазақ теледидарының күндері өтті, сонда өндіріс туралы 50 минуттық хабарды тікелей эфирде жүргізуді маған тапсырған еді. Ешқандай қағазға қарауға болмайды, барымды салып жүргізіп шықтым. Мәскеуліктер сонда жап-жас студенттің таза орысша мүдірмей хабар жүргізгеніне таңға­лып, «бұл жігітті кім тапты екен» дескенге ұқсайды.  Мұндағы айтпа­ғым – Кенжағаңның жастардың бойын­дағы дарынын көре білетіндігі, жас қой демей, соның көкірегіне от жаға білетіндігі. Атом энергетикасы, жалпы өндіріс деген әлі игерілмеген тың сала болғандықтан, не де болса оны игеру, ол жайлы халыққа түсіндіру, жеткізу жастардың ісі деп қарағандығы  көрегендігі емей, немене?! Жалғыз мен ғана емес, телевизия саласында бағы жанып, өзін-өзі тапқан, халыққа қызмет еткен сол тұстағы талай жас  Кенжағаңа дән риза, алғысын тауыса алмайды деп сенемін. Сондай жас толқын, яғни біздің буын өкілдері арасында телевизияға шақырылған­дардың арасында тіпті Алаш ардақты­ларының ұрпақтары, атап айтқанда, Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы Ескендір (бас оператор), сондай-ақ Ілияс Жансүгіровтің ұлы Болат болды. Ал ол кезде «халық жауының» ұрпақтарына қамқорлық көрсету, басын бәйгеге салғандар болмаса, анау-мынаудың батылы бара бермейтін іс болғаны белгілі. Ал олар маған көп нәрсені үйретті.
Кенжеболат Шалабаев бізге тек жұмыс барысында ғана емес, жеке өмірде де жақсы үлгі бола білді. Кен­жағаңның Ләзиза Аймашеваға деген ілтипаты, сол жолдағы шешімі бізге әйел сыйлауды, махаббатқа деген адал­дықты үйретті. Сондай махаббат­тан туған Гүлмира  Шалабаева бүгін­де қандай тұлға! Өнертанушы, мәде­ниет­танушы, ұлттық өнердің жана­шыры.
Нағыз талант иесінің сегіз қырлы бола­тынын қаперге алсақ, Кенжеболат Нұрта­заұ­лы журналистика, телевизия саласынан да бөлек, әдебиетте, кинематографияда, тіпті сахна өнерінде де өз ізін, өз қолтаңба­сын қалдырып үлгеріпті. Мәселен, Джон Ридтің «Дүниені дүр сілкінткен он күнін», әйгілі ақын Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыс­та­ны­мын», сондай-ақ Борис Поле­вой­дың кітаптарын қазақ оқырманына сыйлаған – осы бір ғазиз жан. Ал Кенжағаң басқар­ған жылдары Қазақ мемлекеттік ака­демия­лық опера және балет театры қалай түр­лен­ді деңізші! Әлемдік сахналарда ғана қойылатын А.Хачатурянның «Спарта­гы» қазақ жерінде қойылып, Рамазан Бапов, Раушан Байсейі­това сынды қазақ жастары әлемдік балет өнерінің әлемдік жұлдызына көтерілді. Сон­дай-ақ Ахмет Жұбановтың «Еңлік-Ке­бек», Сыдық Мұха­мед­жановтың «Жұмбақ қыз», Еркеғали Рахмадиевтің «Ал­памыс» сынды туынды­лары сол тұста тұсауын кесіп еді. Осындай ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ, «Құрмет ордені» т.б. көптеген мара­пат­тауға ие болып, одан да жоғары халықтың шынайы сүйіспен­ші­лігіне бөлен­ді.
«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын»...
немесе нағыз биік азаматтар тік тұрған күйінде мерт болады
Қазақтың тау тұлғалы азаматтарының бірі, ұлт жанашыры Кенжеболат Шалабаев­тың кенеттен келген ажалы жайлы ағаның бар жақсысын бойына жұқтыруға ұмтылған ізбасар інісі дерлік, өзі де кемел тұлға Камал Смайылов мынадай естелік қалды­рыпты: «... Бір күні түске қарай киностудия­ға хроника бөліміне келіп, жай-жағдайла­рын сұрастырып, әңгімелесіп, болашақ істер, жоспарлар туралы пікірлескенбіз. Әдетте­гідей бәрі айқын, бәрі түсінікті. Кен­жекеңнің тіп-тік, әп-әдемі келбеті күлім­сіреп отырды. «Кешке футболға барамыз. Бүгін жақсы ойын болады», – деді. Көңілі көтеріңкі, бойы сергек қалпымен. Қош­тасып, кетіп қалдым. Арада көп өткен жоқ, телефон соғылып, қорқынышты қаралы хабар жетті. Үйіне түскі тамаққа барған Кенжекең тік тұрған бойында құлап түске­нін балдызы Кеңескүл көріп үлгерген. Нағыз биік азаматтар биік ағаштар секілді тік тұрған күйінде құлап түсіп мерт болады екен ғой! Ол өмірін үнемі биікке ұмтылып, биікте өткізген адам еді-ау!» 
Осы ретте Абайдың Гетеден аударған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңі ойға оралады екен. Сондай-ақ қайран ақын Төлеген Айбергенов те «Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді, Мен өлемін өзімнің биігімде» деп тегін айтпаған екен-ау дейтіндейсің...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста