Қазақ сахнасының Серкесі
Тұңғыш қазақ театрының қара шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейтуге аянбай еңбек сіңірген тарландардың бірі Серке Қожамқұлов еді. Қостанай облысының Қарабалық ауданында 1896 жылы дүниеге келген Серағаң 17 жасына дейін мал баққан. Анасы Айкүн қозы-лақ бағып жүрген кiшкентай баласын еркелетiп: «Серкем менiң!» – дейдi екен. Алғашында кiшкентай Сералыға бұл есiм ұнамайды. «Балалар келеке қылады», – деген Серәліге анасы: «Ержеткенде қатарыңның алды, яғни серкесi боласың. Құдай сол күндi көруге жазсын!» – деп ұлына батасын берген екен. Өмiр көрсеткендей, қазақ халқы өзінің талантты өнерпазын еркелетіп, «Серке», «Сераға» деп атап кетті.
Залымдарды әшкерелеуді арман еткен
Троицкідегі орыс-татар мектебіне түспекші болғанымен, жасы асып кеткен Серкені мектеп басшысы «Уәзипа» мектебіне жібереді. Жездесі Жүсіп Темірбековтің ықпалымен ағартушылық бағыттағы мұсылман мектеп-медреседе оқиды. Оның үш класын бітіргеннен кейін Торғайға келіп, оқуын әрі қарай жалғастырады. Өнерге қызығушылығының оянуына сол жердегі «Уәзипа» драма үйірмесі ерекше әсер еткен екен. Серке Қожамқұлов өнерге келу жолын өз естеліктерінде: «Жездем осы үйірмеде артист болып ойнайтын. Үйге келгенде рөлін жаттап айтып беретін, мен тыңдап отыратынмын. Ол кісімен репетицияға бірге барам, киноға алып барады, менің артист болуыма үлкен әсер еткен – осы кісі. Тұңғыш рет сахнаға «Бірлік» колхозы деп аталатын өз ауылымда шықтым. Міне, өнерге келуім осылай басталды», – деп еске алғаны бар.
Қызмет жолын тергеушіліктен бастаған Серағаң қазақ театрын ұйымдастыру мәселелері қолға алынып, шақыртулар түскеннен кейін өнер жолына түбегейлі бет бұрады. Театр жұмыстарының басы-қасында жүріп режиссерлік қызметті де қоса атқарады. Сөйтіп, бойындағы талантын шыңдап, өзіндік болмысымен, актерлік шеберлігімен шынайы таныла біледі. М.Әуезовтің «Бәйбіше мен тоқалын», «Еңлік – Кебекті», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын», Б.Майлиннің «Неке қияр», «Шаншар молдасын» т.б сахналап, ірі сахналық бейнелер жасайды. Сол алғашқы қадамдарынан-ақ Серкенің шын талантына тәнті болған М.Әуезов: «Тәжірибесі күшті, сахна техникасын меңгерген... бірінші қатардағы еңбек Серкенікі сияқты», – деп зор бағасын береді.
Кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда психологиялық тереңдікке барған Серке Қожамқұлов өз естеліктерінде: «Жастайымнан небір аяр, зұлымдық істерді ойлап табатын билерді көп көріп өстім. Жаным жек көріп жүретін еді. Әттең, театрда осындай залымдардың бетін ашып ойнасам деп арман ететін едім», – деп жазған екен.
Әріптестерін ұршықша иіретін
Серағаң әрбір ойнаған рөліне ерекше жауапкершілікпен қарайтын. Кейіпкерлерінің жан дүниесіне еніп, сол болып қуанып, сол болып қайғыра білетін және басқалардан да соны талап ететін. «Театрға артист ойнап-күлу үшін, анекдот айтып қайту үшін келмейді, актер адам үлкен өнер жасау үшін келеді, сондықтан да еңбек ету керек, тер төгу керек, ежіктеп отыру керек» деп, айналасындағы әріптестерін ұршықша иіріп, ағалық үлгі-өнегесін әрқашан саналарына сіңіріп отыратын-ды. Ал өзі қандай рөлді ойнаса да, ой мен әрекет тұтастығын таба білді, кейіпкерінің бойына өзінше жан бітіруге талпынды. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясында Серке Қожамқұлов байлық көзіне шел болып жабысқан сараң Қарабайдың образын сомдайды. Осы спектакль туралы қазақтың белгілі актрисасы Бикен Римова өз естелігінде: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінің бірінші көрінісі жүріп жатқан еді. Баян жауға аттанып кетерде шымылдық жабыла бере оқыс күлген бір дауыс естілді. Жасырақ кезіміз ғой, елең қылмай өте бергенімізде арғы жақтан Серағаң шыға келіп, қолындағы құрығымен бәрімізді үйіре жасқап: «Трагедияны ойнап жүріп те беталды күле ме екен?» – деп ақырғанда, кірерге жер таппай ұялғанымыз әлі есімде. Басқаны қайдам, бұл оқиға мен үшін үлкен тағылым, өнеге болып өмір бойы ойымда қалып қойды», – деп еске алады.
Серке ағамыздың күйеубаласы Ахмет Оспанұлы «Қара қыпшақ Қобыланды» спектаклі туралы қызық деректі төмендегідей өрбітеді: «1969 жылы М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» спектаклі Мәскеуде Орталық телевизияның таспасына жазылып алынатын болады. Соған дайындықты тексеріп жүрген телеэкранға шығарушы жауапты режиссер Көбіктінің рөліндегі атамыздың үлкен мұрнын байқап қалып: «О-о, жолдас, мынандай мұрын жарамайды. Қайта гримделіңіз. Бұлай болмайды», – деп, бұл кісі қозғала қоймаған соң тағы бірқатар сөздер айтып, дауысын көтере бастайды. Бұған шыдамаған атамыз режиссердің алдын кес-кестеп: «Ей, дорогой, что вы говорите? Этот нос – мой собственный, так что вы с ним ничего не сможете сделать!» – деп түтіге ашуланып, мұрнын жұдырығымен бір періпті. Бұл кісінің қолағаштай мұрнын қолдан жапсырған грим деп ойлаған режиссер қатты сасып, иіліп кешірім сұрап, қолын алыпты».
Қателескенді өзіне кешірмейтін
Серағаң қандай кейіпкерді сомдаса да, оны шынайы көрсетуге, заман шыңдығын алға тартып бейнелеуге тырысқан. Осындай талантына тәнті болған Махпуза Байзақова: «С.Қожамқұлов – өте еңбекқор ізденімпаз актер еді. Оның ең үлкен ұстазы – өмір және кітап. Бүгін ол қара ниетті – Ошаған рөлінде, ертең қарапайым да адал жанды «Абай» трагедиясындағы – Баймағамбет немесе момын – Қоңқай, келесі күні сотқар, озбыр би – Еспембетті келістіре ойнайтын. Міне, бұл образдардың бәрі, тіпті қарама-қайшы келетін кейіпкерлер, шынайы таланттың тапқырлығы, шеберлігі арқасында әрқайсысы бір-бірін қайталамайтын сом тұлғалы образдар болып шыққан», – деп өнеріне бас иген.
Қара басының қамынан театрды, өнерді биік қойған Серағаң ержеткен ұлы қайтыс болып, қайғыдан қан жұтып жүрген шағында Лениндік сыйлыққа ұсынылған «Ана – Жер-ана» спектаклін Мәскеуге, Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтары комитетінің мүшелеріне көрсетуге алып барады. Қайғыға қайыспай жеке басынан өнер қасиетін биік санайды. Саналы ғұмырын театр өнері мен кино саласына арнаған актер 84-ке қараған шағында «Ана – Жер-ана» спектаклінде Ақсақал рөлін ақырғы рет ойнап, алты күннен кейін мәңгі ұйқы құшағына кетеді.
Театр сахнасымен қатар кино әлемінде де көп жұлдыздың бірі емес, нағыз шоқ жұлдыз екендігін «Абай әндерінде» – Баймағамбеттің, «Амангелдіде» – Бекетті, «Махаббат туралы дастанда» – Қарабайды, «Біздің сүйікті дәрігерде» – Серкені т.б. образдары айқын аңғартады. «Аспаннан қайтып оралу» атты фильмде Серағаң директор рөлін ойнайды. Осы кинода режиссер бейнесін кейіптеген Кәукен Кенжетаев: «Серағаң репетицияда болсын, спектакльде болсын өзінің шығармашылығына үлкен жауапкершілікпен қарап, шабыттың шалқуын, өзінің көңіліндегідей төгіліп жатқанын жақсы көретін. Бір ғажабы – өзіне қателескенді кешірмейтін адам болатын. «Аспаннан қайта оралу» фильмінде кішкентай сюжетті өзінің ойындағыдай шығара алмай қатты күйзелді. Сол сәтте ызаланып тұрған Серағаң: «Серке қартайған! Серке артист емес, бұдан түк шықпайды, керек-бит! Басқа біреуді шақыр, сол ойнасын! Серке бітті! Бітті! Керек-бит!..» – деп қатты ашу шақырды. Бірақ сюжет ойындағыдай шыққанда балаша қуанып, мәз болды», – дейді Серағаң туралы естелігінде.
«Күлкінің атасы» атанған Серағаң күлкі құдіретін өнерімен астастыра білген. Ұсақ-түйекке ыржақтай беру мен жағымпаздық күлкіге жаны қас еді. Сатирик Сейіт Кенжеахметовтің «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген жақсы сөзі бар. Бұл ретте, Серағаң – қоғамның жат қылықтарын күлдіру арқылы көрсете білген шебер актер. Шығармашылық тынымсыз ізденістері, сомдаған сахналық бейнелері, осы өмірден алған мол тәжірибесі актердің сахнагерлік беделін арттырып, халқына, ел-жұртына өнер майталманы ретінде танытты. Серке Қожамқұлов – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мәдениеті мен өнерін жаңа арнаға салып, шын мәніндегі халықтық, ұлттық өнерге, ұлттық мәдениетке айналдырды.