Алаш жұрты жыр әлеміне Тұмаш боп еніп, Тұмаға деген таудай құрметке бөленген Тұманбай Молдағалиевтай арда тұлғасынан аңдаусызда айырылып қалды. Өмір деген «бір күндік жарық мекенде» 75 жыл тұрақтаған қайран ақын 76-ға қараған шағында бақиға аттанып кете барды. Тұлғасы биік болса да, жүрегі жас нәрестедей еді-ау Тұмағаңның! Дана да болса, өмірге өле-өлгенше баланың кіршіксіз көзімен қараған ақынды жақсы көрмеген, жырларын сүйіп оқымаған, әнге айналған шумақтарын қосыла бірге шырқамаған жан жоқ шығар-ау, қазақта!
1935 жылы қардың көбесі сөгіліп, жердің бусанған шағы – көктемде жарық дүниеге шыр етіп бір жас сәби келіп еді. Сол сәби үн өзімен бірге қазақтың тұнып тұрған сыршыл жырларын, тұтас әлем ала келгенін сол шақта ешкім ұғына қойған жоқ шығар. Араға сан жылдар салып, 1954 жылы ғана Тұманбай Молдағалиев атты ақын жарқ етіп, өзінің «Украина қызына» атты алғашқы жыр жинағымен шыққанда, көпшілік қазақ поэзиясына жаңа бір құбылыс келгенін бірден ұқты. Содан 1957 жылы «Студент дәптері» шықса, 60-жылдардан бастап ақынның шабыты сағат санап үдеп, жыл сайын жаңа жинақтан шығарып отырды. 1960 жылы – «Кәмила», 1961 жылы – «Көктем таңы» , 1963 жылы – «Алатау қызы», 1964 жылы – «Ферюза туралы жыр», 1965 жылы – «Зулайды күндер», 1966 жылы – «Жүрегім менің сапарда» т. б. жинақтары шықты. 1967 жылы жарық көрген «Жаңа дәптер» атты кітабы үшін 1968 жылы «Қазақстан комсомолы» сыйлығының лауреаты атанды. «Ескерткіш» (1969), «Шақырады жаз мені» (1970), «Жүрек ояу қашанда» (1972) атты кітаптары да оқушылардың ілтипатына бөленді.
Көпен ӘМІРБЕК, ақын:
Тұмағаң университетке айналған ұстаз болатын
Тұмағаң – тұма бұлақтай мөлдіреп келіп, жылғаларды жырға толтырып, одан өзенге айналып, өзеннен поэзия дейтін теңізге құйылып тербелген және оқырмандарын тербеткен тұлғалы ақын. Бала кезімізден-ақ Тұмағаңның сол бұлағынан сусындап, дәмін татып, шөлімізді қандырып өстік. Әсіресе, есімізде ерекше қалғандары – Тұмағаңның «Тынық Мұхит дәптері». Тұмағаң – қазақ қаламгерлерінің ішінде шетелдерге көп саяхат шеккен бірден-бір ақын. Ол сөйте жүріп, тілінің ұшында емес, жүрегінің ішінде жатқан сезімдерді жырмен өрнектеп, жұртты тәнті етті. Сол тәнтілік тәрбиеге ұласты. Тұмағаң өрлеуден, тұлғалана түсуден танбады. Өзінің биігіне шығып болды-ау дегенде, жоқ, бұл биігі ол үшін төбе екен. Биіктен-биікке саналы ойларымен самғады, қанат қақты. Әсіресе, Тұмағаңның ешкімге ұқсамайтын өзіндік шыншыл поэзиясы ізін басқан көптеген кейінгі ақындардың қатарын көбейтті, бұл – анық. Тұмағаңның сөздеріне жазылған әндердің өзі бір «Қазақконцерт» деуге болады. Композитор Тұмағаңның сөзін таңдай ма, әлде Тұмағаң композиторды таңдай ма, мен оны білмеймін, әйтеуір қайсысы болса да бірімен-бірі қабысып жатады. Поэзия мен музыка ағалы-інілідей бауыр басып, бізге бір үйдің баласындай әсер ететін. Тұмағаңның өлеңдері арқылы біз қыздарды сыйлау мен қаракөздерге құрмет сияқты қасиет пен аналарға деген аяулы сезімдерді бойымызға сіңірдік.
Қадыр аға екеуі егіз қозыдай болып, әзілдері де, сөздері де жарасып тұратын еді. Екеуі бір жылдың төлі еді, бір жылдың ішінде дүниеден озды. Енді осындай табиғи ақындарды біз іздейміз, кейінгіден күтеміз. Өйткені Тұмағаң ешқандай ғимараты жоқ университетке айналған ұстаз болатын. Сол сан мыңдаған шәкірттерінің Тұмағаңды, Тұмағаңның жырын жоқтайтыны сөзсіз. Сол сезімдер нөсерге айналардай жаңа толқын тудыруға себепші болады деп ойлаймын.
Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор:
Атақ-даңқтары шын еңбегіне татиды
Тұманбай – қазақ поэзиясының үлкен өкілі. Өткен ғасырдың 60-жылдарында әдебиетке келген бір топ ақынның алды және көп жағдайда солардың жетекшісі болып жүретін еді. Поэзиясының бір ерекшелігі – таза лирикаға құрылатындығы. Тұманбайдың өлеңдері композиторлардың әндеріне көп жағдайда сай келе кетеді. Сондықтан оның қазақ поэзиясына, қазақ өнеріне қосып кеткен үлесі өте қомақты. Кейінгі ұрпақ одан үлгі алуға тиіс.
Тұманбай соңғы кезде арнау өлеңдерді де көп шығарды. Әдебиеттің, мәдениеттің үлкен қайраткерлерін поэзия арқылы елге таныстыру тұрғысынан алғанда ол өлеңдері де өте өнегелі, маңызды. Осы жағынан келген уақытта Тұманбайдың алған атақтары, даңқтары, барлығы – өзінің шын еңбегіне татитын сый-құрметтер. Тұманбайдың ел-жұрттың ортасында үлкен абыройлы болуын қазақ әдебиетінің абыройын көтеруге бағытталған қадам деп түсіну керек. Қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткері еді. Амал не, дәмі осылай таусылып жатса, артында қалған ел-жұрты, ұрпақтары Тұманбайдың поэзиясынан қуат алып, өркендейтініне сенімім зор.
Бұдан бөлек, қазақ баспасөз әлемінде де Тұмағаңның ізі қалған соқпағы өз алдына. 1956 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген ақын өзінің еңбек жолын «Лениншіл жас» газеті мен «Пионер» журналынан бастайды. 1959-1970 жылдар аралығында «Пионер» журналында қызмет атқарса, 1970-1973 жылдар аралығында «Балдырған» журналының жауапты хатшысы болды. 1973 жылдан «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар және жастар әдебиетінің бас редакциясы мен «Жалын» баспасының бас редакторы болып істеді. Сол сүрлеу ақынның көзі кеткенше жалғасып, күні кешеге дейін Тұмағаң «Балдырған» журналының бас редакторы болғанын барша жұрт біледі.
Сыршыл, лирик ақынның әр сөзі әнге сұранып тұратын болған соң шығар, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды ән әлемінің алыптары Тұмағаңмен шығармашылық тығыз байланыста болды. «Құстар қайтып барады» (Н.Тілендиев), «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің» (Ш.Қалдаяқов), «Шақырады көктем» (Әсет Бейсеуов) т.б. секілді әндерді тіпті санап тауысу қиын. Тұмағаңның өзімен болған сұхбаттарда бір сұрағанымызда «шамамен 300-ге жуық ән болып қалады-ау, бірақ нақты санамаппын» дегені бар еді.
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев ағамыздың 1990 жылы 13 томдық шығармалар жинағы, 2004 жылы 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ал 1992 жылы ақынға Физули атындағы Халықаралық түркі дүниесі ақындары сыйлығы тапсырылды.
Газетімізге берген өзінің соңғы сұхбатын ақын ағамыз былай аяқтаса керек:
– Дәл осы күнде көп құрдасты жоғалтып, жалғызсырап жүрген жайым бар. Үмiтiмдi тек қана осы жерден, («Балдырғаннан», автор.) балалардан күтемiн. Әбен деген бала күннен бiрге өскен досым болды. Екеумiз бiр жылы туғанбыз, арамыз бiр ай. Мектептiң мұғалiмi, математик болатын. Соның да өмiрден өткенiне он үш жыл болыпты. Сұмдық еркелеушi едi маған. Саяжайыма келiп, қалағанынша қонақ болып жататын. Атымды да атамай, «Молдағалиев» дейтiн. Көп өлеңдерiме, тiптi поэмама дейiн кейiпкер етiп кiргiздiм. Сөйткен досым бүгiнде жоқ. Өзiн қатты сағынамын. Тiлеуiмбет деген досым әрi туысым болатын. Ол да кеттi жүрек ауруынан. Барлығын шығарып салып, соңдарында мен қалдым. Олар үйiме жиi келушi едi. Дастарқанымыз жиылмайтын. Менiң үйiм шағын да болса, басқосу мекенi болды. Қазiр үлкен үй алдым, терезеге телмiрiп, әлдекiмдi күтемiн, бiрақ еркелеп келер ешкiм жоқ....
Осы ойын Тұмағаң мынадай жыр жолымен жалғастырған сынды:
Жақыным да азайды, алысым да,
Бейне кеткен жандаймын салы суға.
Бүгін ешкім шықпайды бұл ауылдан
Жалаң аяқ менімен жарысуға.
Ұзақ жылдай жандаймын бір ауырған,
Күйбежектей беретін кінә ауырдан.
«Тұмашым» деп бетімнен сүйетұғын,
Түгел кетті әжелер бұл ауылдан.
Көктемдер жоқ ақын көп, көп от алар,
Ұшығына жете алмай көзің талар.
Сәлемімді мен берген
тоқтап алып,
«Қай баласың?» дейтұғын жоқ аталар...
Дүние-ай, осылай деген Тұмағаң да жалғаннан көшін бұрды. Жаратқан қабірін – жарық, иманын өзіне серік еткей... Ал алашы айбарлы тұлғасының жырларын мәңгі аялап өтері сөзсіз... Марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі 12 қазанда сағат 10.00-де М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.
Зайда ЕЛҒОНДИНОВА, ақын:
Үлкен сүйенішіміз еді
– Тұмағаң бала сияқты, сәби сияқты адам еді. Мен ол кісіні Жұматай арқылы көбірек білемін. Ол кісі Жұматайға ағасындай, әкесіндей қамқор болды. Алматыға алғаш келген кезінде үйіне тұрғызды, «Жалын» альманағына жұмысқа орналастырды. Жұматай да өмір бойы «Тұмаға» деп аға тұтып, ұстаз тұтып, құрметтеп өтті. Жұматайдың «Тұмағам болмаса, Алматыны неғылам, Алатауды неғылам» деп жазған өлеңі де болды. Ең бір есте қаларлығы, Жұматай қайтыс болғанда Тұмағаң бар, басқа да ағаларымыз бар, үйге келіп, бәрін өздері атқарып, шығарып салды. Одан кейін қатты қайғырып жүрген кездерімде Тұмағаң көшеден тоқтатып алып: «Сен білесің бе, менің ойымнан бір нәрсе кетпейді, егер мен «Балдырғанға» кетіп қалмай, «Жалында» жүре бергенімде, мүмкін, Жұмаш та менің жанымда жүрер еді, бәлкім, ұзақ өмір сүрер еді», – дегені есімнен кетпейді.
Адам ретінде де, ақын ретінде де Тұманбай аға ерекше мейірімді, адал адам еді. Тіпті Жұматайдың Жұматай болуына, қазақ поэзиясының талантты өкілдерінің бірі ретінде танылуына Тұманбай ағаның өлшеусіз еңбегі сіңді. Жалғыз ол емес, басқа да көптеген жас ақындарға Тұмағаңның жәрдемі тиді. Ол кісі біздің асқар Алатауымыздай, үлкен сүйеніш болған адам еді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы, «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры:
Қайнаған өмірдің ішінде болғысы келді
Тұманбай Молдағалиевты қазақтың Алатауындай ақын десек болады. Табиғаттың тұнып тұрған көркемдігіндей жаны да ерекше көркем болатын. Есімізді білгеннен өлеңдерін жаттап өстік. Өзге ақындардан бір ерекшелігі, ақынның өлеңдері әнге сұранып тұрады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақта осындай деңгейге көтерілген ақын санаулы ғана. Ол – мысалы, М.Мақатаев, ол – осы Т.Молдағалиев. Халықтың аузында жатқа айтылып жүрген өлеңдер, әсіресе ән мәтіндері ол кісіде өте көп.
Өмірде біз біраз жыл бірге жұмыс істедік. Заманның, уақыттың, адамның жұмысқа деген көзқарасына, ықыласына әсер ететін тұстары бар екенін мен осы Тұманбай Молдағалиевтың болмысынан байқадым. Кезіндегі қатал заманның тәрбиесінен өткен кісі ғой. Өмірінің соңына дейін «Балдырған» журналында бас редактор болып жұмыс істеді. Шығармашылық адамы болғаннан кейін үлкеніміз бар, кішіміз бар, бір-бірімізге тең қараймыз ғой. Дегенмен де жастардың өзінің жұмысқа салғырт қарап қалатын кездері көп болады. Мен бірақ, жасы 75-тен асып отырған Тұманбай ағамыздың бойынан ондай салғырттықты көрген жоқпын. Жұмысқа елден бұрын келеді, елмен бірге қайтады. Мынандай бір назар аударатын жағдай болды, соңғы жылдарда біз Тұманбай ағаға: «Жасыңыз ұлғайды. Денсаулығыңыз сыр бере бастаған болуы мүмкін. Күн ыстық, ауа райы қолайсыз кездерде үйде демалыңыз. Оқитын нәрселеріңізді қолыңызға апарып береміз», – дегенде ол кісі келісім берген жоқ. «Жоқ, жұмыс істеп жүрмін бе, демек, қызметке уақытында келіп, уақытында қайтуым керек», – дегенді айтты. Тұмағаңның жұмысқа араласуы әйтеуір бір қаражат керек, тіршілікке араласып жүру керек деген мақсаттан тумаған. Мен оны байқадым. Ол кісі мынау қайнаған өмірдің ішінде болғысы келді. Әсіресе, кейінгі уақыттарда қанша дегенмен де үйреніп қалған жұмысынан ажырағысы келген жоқ.
Шындығында, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаевтар балаларға өте көп дүниелер берді. Бірақ мен «осы кісілердің берері әлі де көп еді» деп ойлаймын. Себебі Қадыр ағамыз өмірінің соңына дейін балалар әдебиетіне көп араласып тұрды. Ал Тұманбай ағамыз соның тікелей басы-қасында жүрді. 40 мың таралымы бар «Балдырған» журналына басшылық ету жеңіл шаруа емес. Тіпті сол 40 мың таралым «Балдырғанға» оңайлықпен келген жоқ, Тұманбай Молдағалиевтың қажыр-қайратымен келді. Осы биылғы күздің өзінде ол кісі баспасөзге жазылу науқаны басталмай жатып, өзі сұранып, екі мәрте жолсапарға барып келді. Өткен аптаның алдында ғана: «Мен Екібастұзға барып қайтайын, бір шаралар өтіп жатыр екен, әрі журналымды насихаттап келемін», – деп, сол жаққа барып-қайтты. Міне, ол кісі осындай жандүниесі кең, көкірегі сәулелі, қазақтың Алатауы десе, дегендей, сол бейнеге болмысы келетін адам еді...
Қазақ «Мәңгілік бала ақын» – Тұмашынан айырылды
Последние статьи автора