Қазақ филармониясы – 75 жаста
Сан ғасырлар бұрын көшпелі тұрмыс салтын кешкен елімізге, сахарамызға келген саяхатшылардың «қазақ даласы ән салып тұрғандай» деуі бекер емес. Ешбір мәдени ошағы болған жоқ дер жан болса, біз ол тұста әр қазақ ошағының ән мен жыр ордасына айналып жүре бергенін алға тартар едік. Ол көшпелі өмірдің қазаққа берген сыйы болды десек болатындай. Десек те, заманалар алға озып, қазақ отырықшы болғандықтан, тек сауда ғана емес, ән мен жырдың, қазақы салт-дәстүрдің ордасы болған жәрмеңкелердің күні озды. Оның орнын театр, филармония, кітапхана т.б мекемелер басты.
Алғаш іргетасын Ахмет Жұбанов атамыз 14 домбырашыдан бастап құрған Қазақ филармониясына – бүгінде 75 жыл. Жетпістің үстіне шыққан қариясын қазақ ақсақал деп қастерлейтін болса, Қазақ филармониясы да қазақ мәдениетінің қара шаңырағы деуге әбден лайық. Қара шаңырақтың мерейтойына арналған салтанатты кеш-еліміздің мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің арнайы жолдаған хатымен ашылды. Сонан соң Республикалық кітап мұражайының директоры Нағашыбек Қапалбеков филармонияның арғы-бергі тарихы жайлы баяндама жасады.
1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігіне Жамбыл атамыз бастап барып, содан 1938 жылы осы филармонияға атамыздың атын берген болатын. Содан бастап ұжым ұлғая бастады: хор капелласы, оркестр қосылды. Сол кездегі шағын ғана оркестр осы бүгінгі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің атасы болатын. Филармония құрылған алғашқы күннен бастап-ақ ауыл-ауылдарға барып, лекция концерттер ұйымдастырып, қазақ композиторларының шығармаларын насихаттауға кірісті. Соғыс кезінде де Күләш Байсейітова, Жамал Омарова сынды маңдайалды өнерпаздарымыз оқ борап жатқан майданға барып, жауынгерлерге арнап концерт берген. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда қандай да бір шаралар осы бір ұжымсыз өтпеген. Бірінші директоры әрі көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбанов болса, кейінгі жылдары Евгений Брусиловский, Сыдық Мұхамеджанов, Ілияс Есенберлиндер осынау қара шаңырақта алақандарының табы мен табандарының ізін қалдырған.
Бір туған бауырлардай, бірі ит көйлекті ерте тоздырғаны, бірі кейін тоздырғаны бар, М.Әуезов атындағы театр ұжымы бастаған мәдени ошақ басшылары келіп, бірауыздан Қазақ филармониясын мерейтойымен құттықтады. Әрине, ән мен жырдан, классикалық музыкадан концерт қойылды. Атап айтқанда, сахнада Н.Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Нұрағаңның көзі, өз кіндігінен туған қызы Динара Тілендиеваның жетекшілігімен композитордың «Ата толғауы», «Махамбет» секілді күйлері мен Нұрғали Нүсіпжановтың орындауындағы «Өз елім» әнінен шашу шашты. Сондай-ақ құрамында скрипкадан елімізге белгілі музыка шебері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аида Аюпова бар және халықаралық байқаулардың жүлдегері Ермек Құрманаев және Гүлжан Үзенбаевалар А.Бестібаевтың «Ақ сисасын», Н.Римский-Корсаковтың «Полет шмелясын» орындады.
Ал ең маңыздысы, кейінгі жылдары Қазақ филармониясының алыс-жақын шетелдермен маман алмасып, ол жақтардан бізге дарынды да тәжірибелі музыканттар мен дирижерлер келіп, өнер көрсете бастаған. Әсіресе Австрия елімен байланысымыз жоғары дәрежеде екендігін айғақтайтын бір жайт, сол елдің астанасы Вена қаласының мәдениет басқармасының бастығы Хайдар Саридің келуі соған айғақ болғандай:
– Бүгін мәдениет саласында қызмет ететін әріптестеріме бас иіп,тағзым еткім келіп тұр. Себебі сіздер ол жұмыстың қандай ауыр екенін білсеңіздер ғой. Егер оркестр бір қате жіберсе, онда бүкіл концерттің маңызын жойып жібереді. Міне, қандай жауапкершілікті жұмыс! Ал біздің Қазақстанмен байланысып жұмыс істеп келе жатқанымызға жеті жылдай уақыт болыпты.Бүгінде осы шаңырақты басқарып отырған Мұхтар Жамашұлы алдымен өз жүрегінің, сонан соң осы есікті айқара ашты. Біз тіліміз әрқалай болғанымен, музыка тілі бізді ортақтастырып жіберді.