Қазақ биінің мүсінін жасаған шебер
Кезінде қазақтың тума талант суретшісі Әбілхан Қастеев атамыздан «сурет салуды қайдан үйрендің?» дегенде «ешкінің мүйізінен, әжемнің киізінен, таудың жотасынан үйрендім» деген екен. Сол секілді қазақта әлі кәсіби би қалыптаспаған ХХ ғасырдың басында алғаш 12 жасынан билей бастап, солайша ұлттық би өнеріміздің негізін қалаушы тұлғаға айналған Шара Жиенқұлованың да ұстазы ұлты еді. Яғни қаршадай ғана қазақ қызы кимешекті әжелердің ұршық иіргеніне, ауылдың қыз-келіншектері әндетіп отырып киіз басқанына, ер-азаматтардың арғымақ мінгеніне қарап, тіпті, бүркіттің аңды бүріп алуынан да түрлі би құрап шығарған Шара – сонысымен қайталанбас феномен.
1912 жылы дүниеге келген Шара Баймолдақызының биыл 100 жылдық мерейтойы. 12 жасында айналасындағы дүниеге сергек қарап, содан жаңаша бір өнер түрін, яғни, қазақы би қимылын құрастыра бастаған балғын Шара 16 жасында кәнігі биші дәрежесіне жеткен болатын. Сол тұста ауылға жолы түсіп келіп қалған Құрманбек Жандарбековтей қазақтың сол тұстың өзінде танылып үлгерген әнші, әртісінің көзі бірден Шара секілді сұлу әрі көркем қимыл иесіне түскен екен. Солайша Құрманбек Жандарбеков қазақ сахнасына ауадай қажет өнер иесін әрі өзіне өмірлік жар тауып, Алматыға олжалы оралады. Қазақ драма театры бірден Шара Жиенқұлованы жұмысқа алып, сол жерде өзі Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы – Пүліш, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» – Еңлік, «Қарагөзінде» Қарагөз сынды керемет рөлдерді ойнай жүріп, «Айжан қыз», «Қара жорға», «Тәттімбет», «Қырық қыз» сынды қазақ билерін сахнаға шығарды.
1938 жылғы қазақ өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігінде ұлтымыздың би өнерін жарқ еткізіп көрсетіп, күллі Одақ халқын таңғалдырған да, күллі баспасөздің қаламының ұшына іліккен де жандардың бірі Шара апамыз еді. Содан кейінгі 1940 жылдардан 1966 жылға дейін Қазақ филармониясында қызмет етіп, Қазақтың ән-би ансамблін басқарған, ал ең бастысы, Алматы хореографиялық училищесін алғаш ашып, өзі соның директоры болған би падишасы кино өнеріне де өзіндік үлесін қосып еді. Жалпы, Шара Жиенқұлова апамыздың аты аталған сайын «алғаш» сөзінің қоса жүруі – әдейілеп, әсірелеп айтудан туған сөздер емес, шынында, ол кісі көп салада қазақтың ең біріншілерінің бірі болғандығында. Оған себеп сол тұста шынында қазақ өнерінің көптеген салаларының енді негізі қаланып жатқандығы да болды дей аламыз. Әлемде кино өнері енді туылған сәт оның әлі дыбысы да болмағанын білеміз. Сол тұста сәби, дыбыссыз болып та қазақтың тұңғыш киносы «Амангелді» дүниеге келіп еді. Ол 1938 жылы Бейімбет Майлиннің туындысы негізінде түсірілген болатын. Онда Шара Баймолдақызы батыр Амангелдінің жары Балым рөлін сомдады. Онда бишінің балғын күні болсын, нағыз Шараның кемеліне келген шағын қазақтың марғасқа режиссері Шәкен Айманов араға 20 жылдай уақыт салып, 1957 жылы өзінің «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде бишінің өзін кейіпкер етіп ала отырып көрсеткен-ді.
1991 жылы өмірден озған би падишасы көзі тірі болса, бүгінде 100 жасын қарсы алатындығын мақаламыздың басында айтып өттік. Осыған орай кеше Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында Өнер бөлімі жанындағы «Інжу-маржан» клубы арнайы кеш өткізді.
Ғайникен БЕЙСЕНОВА, Селезнев атындағы Алматы хореография мектебінің ұстазы, Шара Жиенқұлованың тұңғыш шәкірттерінің бірі :
– Дәл Шара сынды биші қазақ халқында қайта тумас сірә! Неге десеңіз, Шара апамыз қазақтың қайнаған ортасынан шықты, халықтың тілін де білді, дінін де білді. Ол кісі Құран оқитын, сол кеңестік қаһарлы кездің өзінде. Медресе бітірді ғой өйткені. Қазір бишілер арнайы курста, арнайы мектепте білім алып, бірді-екілі биді, оның өзінде небары 5-6 жыл ғана билеп, сахнадан ұшты-күйлі жоғалатыны өтірік емес. Ал ол кісі ешқандай арнайы оқу оқымай-ақ таза тума талантымен, жалғыз өзі қазақтың бірнеше биін өзі құрастырып, содан 50 жасқа келгенше еңкеймей, сахнадан түспеген бекзат жан бола білді. Тағы бір айтарлығы, Шара Баймолдақызы қазақ қызы, қазақ әйелінің әр жастағы, әр кезеңдегі образын сомдап, суретшілерге, жалпы қай өнерге арқау етем деген жандарға болсын, үлгі етіп көрсете білді. Айталық, тақия киіп – жас қыздың, сәукеле – киіп келіншектің, орта жастағы әйелді басына жаулық салып билесе, кимешек киіп, әжелердің биін алып шықты. Сауыншы жеңгей, ұршық иіру, киіз басу, қай-қайсысын алсақ та, қазақтың нағыз салт-дәстүрінен негіз алған тұпнұсқа өнер екендігін аңғартады. Сондай-ақ апамыз қолына қамшы ұстап, садақ ұстап, бүркіт ұстап билеу арқылы қазақтың ер адамдарға арналған билерінің де нұсқасын жасады. Одан бөлек, өзбек, корей, ұйғыр, вьетнам, орыс, украин, парсы, грузин секілді тіпті кейбірін өзі көрмеген де ұлттардың биін мың бұрала билегенде, ғажап шеберлігінен аузыңды ашып, көзіңді жұмғаннан басқаға шамаң келмей қалатын. Біз – Шара апайдың тұңғыш шәкіртіміз.Ол кісінің айтуға тұрарлық қасиеті – әр биді сондай қиын әрі таңғалдырарлық қимылдармен әрлеп отыратын. Мысалы, бізге «Былқылдақты» үйреткенде, қолымызға кесе ұстатып қоятын, ішінде қымызы бар.Төгіп алсақ, бізге – үлкен сын. Қазіргі қазақ билерінің түрі көп дегенмен, көбінің тек қимылын, яғни сыртқы пішінін сақтап қалғанымызбен, қазақы рухын жоғалтып алғанбыз. Себебі қазір қазақтың өзі қазақ болмай барады. Қазақта бүгінде би өнері дамыған болса, сол кісінің арқасы. Би өнерінің әр қимылын қалаған, тапқан, бізге қалдырған сол кісі. Қазір де би сол Шара апамыз қалыптастырған қол қимылы, айналма, қол сілку, толқын, қайнар бұлақ, жалын, қошқар мүйіз секілді оюлар пішінді қимыл да сол апамыздан бізге қалған мұра болып табылады.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Шәрбану Құмарова алғысөзін бастаған бұл жиынға сондай-ақ Шара апамыздың туыс інісі Серғазы Жиенқұлов ақсақал да келді. Шара ән-би, сахналық көрініспен көмкеріліп отырды. Сондай-ақ Ұлттық кітапхана қорынан алынған кітаптардан биші өмірі мен өнеріне арналған көрме ұйымдастырылды.
Мәриям ӘБСАТТАР
«Сахна өнерінде жарқырап көрінген қос жұлдыз: бірі – ән, музыка өнерінде – Күләш! Бірі – би өнерінде – Шара! Биде туысқан өзбек халқының мақтанышы – Тамара! Біздің мақтанышымыз – Шара!
Әйгілі талант, ғажайып дарын иесі Күләш музыка әлемінің сиқырлы қуат-күшін асқақтата паш етті. Оның өзі нағыз чудо болатын. Осы үлгі, жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын танылды. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас ізтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл – талант иесінің туған халқына қалтқысыз қызмет етуінің тамаша үлгісі».
Ғ.Мүсірепов, 5 шілде, 1983 жыл.