Қасымның ән-жыр кешін өткізу үшін 110 жылдығын күту міндет пе?

Қасымның ән-жыр кешін өткізу үшін 110 жылдығын күту міндет пе?

Гүлбаршын Тергеубекова, әнші:

Мына «тәкаппар» дүниеге, тура сол дүниенің өзіне тартқан тәкаппар, паң мінезімен тіл қатып: «Танимысың сен мені, мен – қазақтың баласы!» – деп қасқая жырлау дәл сол тұста Қасым сынды өр ақынның болмаса, басқа ешкімнің қолынан келмесі анық еді. Мұқағали да ағасының сол ерекше мінезіне: «Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің әмбесінен Қасымның десі басым», – деп дөп басып, баға берген. Сондай ардақты тұлғаның ғасырлық мерейтойын былтыр Алаш жұрты дүркіретіп атап өтті. Ал биыл көктем туысымен Аманжолдың Қасымы қазағымен қайта қауышпақ. 17 мамырда өтетін Қасымның ән мен жыр кешінің өтуіне ұйытқы болып отырған бастамашы топтың төрайымы белгілі әнші Гүлбаршын Тергеубековамен сұхбаттасқан едік.

– Білуімізше, Қасым жырларынан негіз алған, жалпы әуенін де Қасым жазған әндер кеші елімізде бұрын-соңды болмаған көрінеді. Жауапкершілігі мен сыны да мол бұл бастаманы қолға алуыңызға не түрткі?
– Мен өзім Қарағанды облысының Егін­дібұлақ ауданында дүниеге келгенмін. Ең алғаш бірінші сыныпқа барған кезімде, әлі әліпбиді де толық танып үл­гермей жатып, осы Қасым ағамыздың «Өзім жайлы» деген әнін домбырада ор­ын­дап, ел алдына шыққаным есімде. Сол тұста газет бетіне шыққан да болатынмын. Яғни бала күннен таныс, құлаққа құйып өскен Қасым әні мені үлкен өнерге жетеледі десем болғандай. Тек мен ғана емес, кеудесінде жүрегі қазақ деп соққан әр адамның Қасым поэзиясынан бейхабар болуы мүмкін емес.
Былтыр Қарқаралыда дүйім қазақтың басын қосқан ақынның 100 жылдық мерейтойына, өкінішке қарай, мен бара алмадым. Бірақ, шыны керек, соңғы он шақ­ты жылда мені Қасым шығармашылығы тол­ғандырып жүретін. Ақынның өлең-жыр­лары қоғамда кейінгі кездері дұрыс наси­хатталмай, әр жерден бір үн ғана шы­ғып, ал әндерінің тіпті бас-аяғы құрал­май жүргенін байқайтынмын көп жерде. «Дариға, сол қыз», «Жыр жазамын жүре­гім­нен», «Сарыарқа» секілді ақын ағамыз­дың сөзіне жазылған (кейбірінің тіпті әнін де, сөзін де Қасымның өзі жазған) әндері ел арасында жүргенімен, бір қызығы, көп орындаушылардың тіпті өздері соның авторы Қасым Аманжолов екендігін білмейді екен де. Міне, осы секілді мәселелер бар, сондай-ақ ұлттық арна түсірген Қасым өмірі мен шығармашылығына арналған «Дариға, сол қыз» атты деректі фильмді көргенде, тіпті қатты толғандым. Көзін тырнап ашқаннан көрген жетімдігі, нағашы жұртта өсуі, адам ретінде көрген қиындық­тары – барлығы да жүрегімнің түбіндегі онсыз да ақынның поэзиясына деген құр­мет­пен астасып, көзіме жас толтырды. Жалғыз өзім оңаша көріп едім, егіле жылап та алдым. Ойландым қатты, рухтандым, ең ал­ғаш «Қасым кешін қалай да жасау керек» деген батыл ой сол сәтте нық шешім болып, көкейге орнықты. Қазақ өнеріне жаны аши­ды-ау, Қасымның асқақ тұлғасын қас­терлейді-ау деген азаматтарға хабарласып, ойымды айтып ем, шүкір, бар­лығы қолдап, көмектерін аямайтын­дық­тарын айтты. Енді содан бері біреу сенер, біреу сенбес, жатсам-тұрсам басымда «осы кеш­ті қалай өткіземін?» деген ой тұра­ды да қояды. Үлкен жауапкершілікті мой­ныма алып отырғанымды сеземін. Қасым Аманжолды танымайтын, оның өле­ңін білмейтін қазақ жоқ, соның бар­лы­ғы да ең алдымен сынай қарайтыны сөзсіз.
– Сынай қарайтыны рас, бірақ ол сыннан ақын шығармаларының өзі, яғни шоқтығының биіктігі өз алдына, жүректі бірден баурап аларлық құді­реті құтқарады деп ойлайтын да боларсыз? Жалпы, Қасымның ән-жыр­ларындағы қандай ерекшелікті бай­қай­сыз?
–Қасымның қай өлеңін алсақ та, ойландырмай, толғандырмай, жүректі селт еткізбей қоймайды. Себебі онда жүрексіз, сезімсіз дүние жоқ. Әндері де тура сол секілді, «құлақтан кіріп, бойды алар» Қа­сым әндерінде қазақ даласы секілді дар­қандық, кеңдікпен қатар, сезім дірілі, көкі­рек тынысы жатыр. Соғыс жылдарында туған «Дариға, сол қызы» қандай?! «Жас дәу­рен», «Өзім жайлы», «Айтшы, жаным» секілді Қасымның сөзіне жазылған (кей­бірінің әні де өзінікі). 40-қа тарта әндері бар екен. Мұны қарапайым халық түгіл, шығармашылық адамдарының бәрі бірдей біле бермейді, әрі бізде қандай тұлғаға болсын, тек мерейтойы қарсаңында көңіл бөліп, қалған кездері ұмыт қалдыру деген үрдіс дарып барады. Тіпті осы шы­ғар­машылық кеш өткізбек ойымды айтқа­нымда әлдекімдер маған: «Сіз не, Қасым­ның 101 жылдығын өткізбекшісіз бе?» – де­ген сұрақ қойды. Мен оған былай деп жауап бердім: «Айналайын, мен өнерде жүргелі бір рет те болса, Қасымның ән не жыр кешінің өткізілгенін көрген емеспін, не теледидардан да сондай бір кештің бір жерде өткізілгені жайлы да естігенім жоқ. Сондықтан 100 жылдығы тойланса – өз алдына, енді оның шығармашылығынан құ­ралған кеш өткізу үшін 110 жылдығын күту міндет пе?» – деп қарсы сұрақпен жауап бер­дім. Бір ғана Қасым емес, бізде жалпы ұмыт қалып жатқан, ескерілмей жатқан тұлғалар көп. Айталық, Ахмет Бай­тұрсын­ұлы, Сәкен Сейфуллин секілді асылдарымыз, арыстарымыз сонау репрессия жылдарында құрбан болды. Шүкір, бүгінде ол есімдер ақталды, бірақ шығар­ма­шылық тұрғыда еске алып, кеш арнап жатырмыз ба? Әйтпесе, Сәкеннің қаншама әндері жатыр?!. Болашақта, бәлкім, осы тұлғалардың да кешін ұйымдастыруым мүмкін. Бірақ әуелі, әрине, Қасым кешін абыроймен өт­кі­зу деген жауапкершілігі мол іс жатыр.
– Қасым Аманжолдай отты ақын, ұлт намысы дерлік тұлғаның соңында тұлпар мінері қалмағаны – қасіретті, бірақ Дариға деп өзі жанындай жақсы көрген жалғыз қызы қалғанын білеміз. Сол кісі хабардар ма, бұл бастама жа­йынан?
– Әрине, Дариға апаймен хабарласып, рұқсатын алдық. Ол кісі тіпті жылда өткі­зілетін шараға айналса дегендей де ниет танытты. Олай ету қолдан келсе, тіпті жақ­сы. Қазір шүкір деу керек, Шәмші ағамыз­дың ән кеші жыл сайын өткізіліп тұрады, Мұқағали кеші де дәстүрге айналды. Енді Қасым ағамызды да дәл сол дәрежеде дәріптей білсек, тіпті керемет емес пе?!. Жыл сайын болмаса да, екі жылда бір, себебі жаңалық болуы керек қой әр кеш са­йын. Мысалы, бүгінде Қасым ағамыздың өзі­не арнап өлең шығарып, ән жазып жат­қан азаматтар бар. Мүмкін, ондайлар жыл санап көбейер. Бастысы – біз өз ақыны­мыз­ды өз жүрегімізден тастамай, үнемі жадымызда ұстап, тірілте білуімізде. Қасым қашанда тірі, оны өлтіріп отырған өзіміз, яғ­ни ұмыту арқылы осындай керемет ары­сымыздан ажырап қалып отырған біздер.
– Жаныңыздан табылып, қолдау көрсетіп жатқан жандар бар ма, әлде жалғыз жанұшырып жүрмісіз?
– Әрине, бар. «Жалғыздың үні шықпас» деп қазақ тегін айтпаған. Бір өзім ештеңе жасай алмаймын ғой. Қазір кештің жарнамасымен айналысып жатырмыз, шүкір, БАҚ атаулының теріс қарап жатқаны жоқ. Телеарналардың бірқатары келіп, түсіріп, эфирден береміз деп отыр. Журналистер қауымына мың алғыс. Сондай-ақ әнші, әр­тіс, жалпы өнерпаздар да барынша қаты­су­ға ниетті. Алайда кімге не айтқызу керек­тігін өзім пайымдап, әркімнің қабі­летіне қарай беріп жатқан өзім. Себебі Қасым­ның әуен жағынан болсын, мағы­насы жа­ғы­нан да күрделі әндері бар, сон­дықтан оны тыңдаушыға, көрерменнің құла­ғына ғана емес, жүрегіне жеткізе білу керек.
Жалпы, мінезі өткір болғанмен, Қасым ақынның жүрегі өте нәзік болғаны әнде­рі­нен бірден байқалады. Өзі скрипка, баян, домбыра секілді бірнеше аспапта ой­най білген екен. Өзімізде еліктеуге тұ­рар­лық, жат­қа оқып, өмір жолыңа қазық ету­ге тұ­рар­лық Қасымдай тұлғаны жастар­дың санасына сіңіру керек. Әйтпесе, бүгін­гідей жеңіл әндермен ешкімді тәрбиелеу мүм­кін емес, олар қазақ болуға жарайтын тіпті мардымды дүние ала алмайды да бүгінгі әндердің көбінен. Қазір, бәлкім, ол­ар­дың қажетін өтер, бірақ есейе келе, адам өзіне жаназық іздейді, сол кезде салмақты дү­ниелер қажет болады.
– Әңгімеңізге рақ­мет! Шығармашы­лық табыстар тілейміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста