Қасым тағдырын ақындарымызға тартқызуымыз – мемлекеттігімізге сын
Баспана және Қасым... Несін жасырамыз, бүгінде баспана десең – Қасым еске түсіп, Қасым десең – баспана ойға оралатын болды ғой. Тіпті «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды» деген екі ауыз сөзі ақын тағдырымен егіз жандардың аузынан түспейтін мәтеліне қалай айналып кеткенін де сезбей қалыппыз. Әрине, ақын сөзінің мәтелге айналғаны жақсы ғой, бірақ тура сол тағдырдың кейінгі жастардың басына да тап солай түсуі – қасірет. Ал шығармашыл жандардың басына түскен қасірет – әдебиеттің аяғына салынған тұсау, мойнына түскен қылбұрау. Бүгінгі таңда Қасым салып кеткен «қасқа жолмен» (баспанасыздығын айтамын) қаңғып келе жатқан ақындарымыздың қарасы көбейіп барады. Не ақын көп, я ақынға берер пәтер жоқ. Қысқасы, Қасымның баспанасыздығы жайында аңыз ғып айтып келген әңгімеміз ақиқатқа айналып бара жатқандай ма, қалай өзі?
Қасымның тұрмыстық жағдайына сәл шегінсек. «Үйіміз Алматының шығыс жақ шетінде, таудың нақ етегінде, бір кезде Жазушылар союзының дачасы, кейінірек Қазақ драма театрының жатақханасы болған үйлердің бірінде болатын. Орталықтан алыс, қараңғы, тар, лас көшені Городская деп атайтын. Сол көшеде, 69-үйде, бір корпуста, бір бөлмелі (басқа түгі жоқ) үйде менің семьям тұрады. (Бұл жерде енді қанша тұрармыз, кім біледі?)
Бұл тұңғиық түпкірге мен ағам Ахметжанмен бірге 1938 жылы келіп орналасқам. Бір бөлмеде — ол кісінің үй іші, екінші бөлмеде – менікі», – деп, ақын күнделігінде тұрып жатқан үйінің жалпы көрінісін осылайша суреттейді. Осы кеп, осы күй қазіргі жас ақындарымызға да «жақсы» таныс.
Ал Қасым Аманжоловтың жары Сақыпжамал анамыз қуықтай бөлменің ішін былайша «дестелейді»: «Бөлмеде бар болғаны – бiр темiр пеш және екеумiздiң төсегiмiз ғана. Тiптi ас iшетiн, жазу жазатын үстел қоюға орын жоқ. Кiшкентай қара чемоданның үстiне қағаз жайып, ас iшетiнбiз. Сол чемодан Қасымның жазу үстелi де болды. Сол кездегi барлық шығармасын Қасым сол қара чемоданды тiзесiне қойып отырып жазды...». Міне, ақынның Алматыға келіп орын тепкен мекені осындай еді. «Баспана» өлеңі осы шатырдың астында, қара чемоданның үстінде туады.
Үйі жоқтың күйі жоқ. Осы үйден қаршадай қызы Дариға ауру табады, өздерінен береке қашады. Өмірдің бейнеті Городская көшесінің қалаға ұқсамайтын қуысынан басталады. Қаншама жыл пәтерге қолы жетпей, қиналып кетеді. Мемлекет жөні түзу жерден там салуға ұлтарақтай жер де қимайды. Ал ақжүрек ақын: «Қасымның атағын естіп алыстан адамдар келсе, оларды мына «үйіне» шақыра алмай қысылады. Олар қайдан білсін, – Қасымның тұрмысы министрдің тұрмысынан кем емес деп ойлайтын шығар», – деп, келер қонағына үйінің бұрышынан орын табылмайтынына қысылып, тарығады.
Мұның бәрі ақынды қанша сарсаңға салып, дал қылса да, Қасым өмірге деген құштарлығын бір сәтке де жойған жоқ, «өлеңінің отын жағып, әйелі мен жас баласын жылыта» берді. Өз елі өзекке тепсе де, «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дегендей:
— Үйім жоқ деп ешкімнен ұялмаспын,
Өгей ұлдай қойныңа сыймасам да,
Кете алмаспын, астанам, қия алмаспын.
Аспан мен жер — бәрі де үйім менің,
Сенің көркің, астанам, сүйінгенім.
Кең көшеңде еркіндеп жүрсем басып,
He қиындық болса да, иілмедім, – деп өз-өзін жұбатады.
Осылайша Қасым Аманжолов бүгінде баспанаға зар болып тентіреп жүрген ақындарымызға «баспанасыз ақынның» идеалды тұлғасына, жаншылған рухтарды жани түсетін рухани ұстазға айналады.
Жалпы, баспана мәселесі ХХ ғасырдың ортасынан жырға қосыла бастады. Қасым Аманжолов бастаған бұл тақырып талай ақынның өлеңіне өзек болды. Көп ақынның маңдайы пәтер мәселесіне тигенде, Қасымға арқа сүйеп, ақынның рухымен сырласады, базынасымен бөліседі. Қасымның баспанасыздығы оның басын еш уақытта төмендетпеді. Қайта кейінгі ақындардың баспана проблемасының беташары болды. Сол үшін де Қасымның ақындығы асқақтады. Тек бір өкініштісі – оның маңдайына жазылған сол тағдырдың әлі күнге дейін кейінгі жастардың да басты проблемасы болып келе жатқандығы. Қаншама қаламгерімізді өзгенің босағасында тентіретіп қоюымыз – осының айғағы.
Қасымның «ізін басқан» аға буын ақындарымызды тізе беруге болады. Біз тек бірен-саранын келтірейік.
Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ, ақын:
— Жас бала демей қарбытып,
Баспана бермей қаңғытып,
Тойласын соңғы жеңiсiн,
Солардың жерi кеңiсiн.
Өлтiрмей Құдай жөнiмен,
Ойнап жүр ендi менiмен.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын:
— Көшемін ертең, босатам Коляның үйін,
Бұл көшу маған, әрине, болады қиын.
«Турчатник» жақта тұрақтап
үйренген едім –
Тоңады миым,
Санамда соғады құйын...
Әлібек ШЕГЕБАЙ, ақын:
– Ілдебайлап өмір сүріп келем мен,
Пәтер жалдап мына зәулім қаладан.
Бір жақсылық болатынын білеміз,
Адам емес, Алладан...
«Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта», – деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, мұндай проблемаға жастарымыз да ұрынып, өлең жазып жүрген жас ақындарымыздың да саны аз емес.
Ерқанат КЕҢЕСБЕК, ақын:
— Кезінде көтерген әкем де
Қоғамның зілмауыр салмағын.
Көшумен пәтерден пәтерге,
Бабамның арманын жалғадым.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, ақын:
— ...Әумесер әнге сал әпендiм,
Ақынды алқайтын әкең кiм?
Қасым боп келемiз көш түзеп,
Соңында сор болған пәтердiң...
Тағдырға қасқайып тұрамыз,
Алашта айтылар бiр аңыз.
Қасымға бермеген пәтердi,
Алмайтын шығармыз мына бiз...
Р.S.
Бұл баспана проблемасы Жұматай Жақыпбаевтан бастап, Ғалым Жайлыбай жалғаған орта және кейінгі буын ақындарын да айналып өтпеді. Бұл мәселені көтерудегі себебіміз, қай қазақты алсаң да, екі ауыз өлең құрай білген деп қарамай, халық мойындаған ақындарымыздың бағасын беру қажет деп санаймыз. Билік мойындаған емес, халық мойындаған ақындарымызға мемлекет жағдай жасауы керек. Себебі, жасыратыны жоқ, қай заманда болсын, қай билік болсын сарай ақындарына ие болғысы келген. Ал бұл – әдебиетке қиянат. Сондықтан да мемлекетіміз ақындарымызға билікке ода айтқызбай-ақ, баспанамен қамтамасыз етуге міндетті деп есептейміз. Әйтпесе Қасым тағдырын кейінгі ақындарымызға да тартқызып қою – мемлекеттігімізге сын.