Қара гитара асынған қырдың қара баласы

Қара гитара асынған қырдың қара баласы

Бүгін қазақтың тұңғыш бард әншісі, талантты ақын, композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Табылды Досымов тірі болса, 46 жасқа келер еді. Мұқағалидың жасындай ғана ғұмыр кешкен арда туған айрықша дарын иесінің жан-жүрегін жарып шыққан шымыр да шыншыл шығармалары бүгінде әр қазақтың көкейінде сайрап тұр.
Өзіне-өзі сыймай кеткен ақын өзін түсініп, қа­был­дайтын ортаны армандады. Бірақ талайлы тағдыр Та­былды тасада қалдырды. Ол ұлтымызға тән көне жы­раулық дәстүрді жаңаша жаң­ғыртқан қазақтың тұңғыш бард ақыны еді. Со­нымен қатар ол талантты әнші, ше­бер орындаушы еді. Десек те, оның әндері шартарапқа та­ралып, шырқалып жат­ты. Алайда қара гитара асын­ған қырдың қара ба­ла­сының арманы тым биікте еді. Бұған қоса, ол көп өнер­паздарға жасалынып жатқан сый-құрмет пен марапаттарды да көрмеді. Әйтсе де ел білетін Табыл пен­дәуи дүниелерден биік тұрды. Мінезі де Махамбет бабасындай өршіл еді. Шығар­ма­шылық қуаты мол бола тұра ол аз жазды, аз жазса да, саз жаз­ды.
Оның туындыларына үлкен сахналар мен эфир­лер­ден орын беріл­месе де, тамаша әндері мен өлең­дері ауыздан-ауыз­ға тарап, ел жүрегінен орын таба білді. Қаламдас дос­тарының айтуынша, ол қа­шан­да әділетсіздік пен сатқындыққа жаны қас болып жүретін ақиқатшыл жан еді. Біреуге жалпаңдап, қо­лында билігі бар­ларды жа­ға­лаудан бойын аулақ ұстай­тын. Кейде баладай аңғал болса, кейде данадай кесек-ке­сек ойлар айтатын. Ол өмір бойы Алматыны аңсап өтті.
Алыстағы қараша ауылдың күйбең тіршілігі оны үлкен ағыстардан бөліп әкетті. Дейтұрғанмен де Табылдың талантын танып, оған көзі тірісінде де қолдау көрсет­кен ер-азаматтар да кездесті. Солардың бірі, қазақ руханиятының үлкен жанашыры, қайраткер азамат Иманғали Тасмағамбетов болды. Ол ақынның тұрмыстық жай-күйіне де болысып, өзі туған аудандағы мәдениет саласының тізгінін де ұстатты. Табылдың үнемі жанынан тастамайтын қара гитара­сын да Имекең шетелден арнайы тапсырыс­пен алдыртып беріп еді. Шығармашы­лық белесінің алғашқы кезеңі оны «Махаббат жыршысы» ретінде танытса, есейгендегі екінші кезеңінде ол елдің сөзін сөйлеп, шындықты шырылдап айтуға талпынды. Бертіндегі шығармала­рының саяси-әлеу­мет­тік астары мол болды. Жас кезіндегі ән-өлеңдері лирикаға негізделгенімен, өсе келе оның шығармасы халықтың мұң-мұқ­та­жымен астасып, аза­мат­тық бағытта өрбі­ді. Шығармаларының өзегінде ащы шын­дық пен замани зар жатты. Онысы кейбі­реу­лерге ұнай да қой­ма­ды. «Жазмыш­тан озмыш жоқ» демекші, ендігі біздің парызы­мыз осы бір аяулы азаматымыздың қалған мұрасын жинақтап, кейінгі ұрпаққа аман-есен жеткізу. Бұл ретте біраз шаруа­лар қолға алынып та жатыр. Алайда ақи­қат­қа шөлде­ген ақынның жүрегі қанша аласұр­ғанымен, айналасына сыймай кетті. Ауыл­да туып, туған жерінде елеусіз ғұмыр кешті...
Талантты дер шағында бағалай алмай­тынымыз өтірік емес. Күні кеше атын есті­сек те, затына үңіле қоймап едік, Табыл­дай талантты да кеш бағалап жатырмыз. Бір өкініштісі, біз Табылмен енді табысып жатқандаймыз. Қазақ жастарының көбі оның бардтық әндерінің сырына жаңа-жаңа үңіле бастағандай. Қайталанбас дарынның ерекше қасиет-қырлары әл-әзір құпиясын аша қоймас. Ақынның шындығы шығармасында болса керек.
Біз Табылдың қаламдас достарына хабарласып, аз-кем естелік-толғаныстарын жазып алған едік.

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
Қозым-ау деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...

Бағасын алмаған бард
Табыл – қазақтың ән жазирасында ерекше құбылыс болып келіп, сол жұмбағы шешілмеген күйі өмірден тым ерте кетіп қалды. Ол өз биігіне ерте көтеріліп, ғұмы­ры­ның соңына дейін сол биіктіктен төмен­деген жоқ. Қарапайым жұртшылық оның шығармасымен жақсы таныс болғанымен, тірі кезінде ол шынайы бағасын ала алма­ды. Өнер ортасынан жырақтау жүрсе де, оның бір жақсы қасиеті – ел ішінде елеусіз жүрген жас дарындарға үнемі қолдау жасап, соларды жарыққа шығарып, халық­­қа таны­ту жағына аса мән беретін. Тағы бір қасиеті – елдің әр түкпірінде жатқан талантты ағаларын өзі іздеп барып сәлем беріп, дәм­дес-тұздас, сырлас болып қай­тып жүретін. Бірде Жазушылар одағын­дағы ақын ағамыз Ғалым Жайлыбайға жолығып, атақты бард әнші Қорабай аға­мызға барып қайтайық деп қолқа салыпты. Барған күннен бастап әңгіме-дүкен құрып, ән айтып, біраз шер тарқатысады. Ғале­кеңнің айтысына қара­ған­да, қайтар күн таяғанда түннің бір уағын­да Табыл ұйықтап жатқан жерінде жоқ бо­лып шығады. Сөйтсе, ол өз бөлмесін­де ұйық­­тап жатқан Қорабай ағамыздың қасына отырып алып, бетіне үңіліп, ойлана қарап отыр екен. Мұнысы несі екен десе, Табыл: «Ұзақ жылдардан бері ағамызбен бір дидарла­сайын деп жүр едім, соның сәті енді түскеніне разы болып отырмын. Ертең ауы­лы­ма кетемін ғой. Енді қашан көрісеміз, бір Құдай біледі», – депті. Міне, осындай да жұмбақ мінездері бар еді. Оның қазасы көптің қа­быр­ғасын қайыстырып кеткені анық. Әйтсе де артынан сыршыл да мұңды, отты да уыт­ты өлең-жырларын қалдырып кеткен ақы­нын халқы ешқашан есінен шығармай­ды.
Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Сұм ажал қайыршы емес тиын сұрар,
Бір күні қу жаныңды бұйымшылар.
Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар...

Өр тұлғалы ер еді...
Алдаспандай жарқ етіп көрінген бард ақын Табыл Досымов соңынан аз да болса мазмұны терең, шынайы шығармаларын халқына аманаттап кетті. Өр тұлғалы ерінен айырылған елі оны әрдайым сағынышпен еске алмақ. Біз қанша айтып, жазғанымыз­бен, оның бойындағы таланттың сан қыр­лы жұмбағын шеше алмаспыз. Ең бастысы, оның артынан ұрпағы, іздейтін елі қалды. Әттең, Табылды сынды тарландарымыз өмірден лайықты сый-құрмет көрмей-ақ кетті. «Тірі адам тіршілігін жасайды» ғой. Табылды білетін ел-жұрты мен достары және оның өнерін жоғары бағалайтын ел ағалары мен атымтай жомарттар қолдау көрсетіп, ақын жерленген жерде мазар тұрғызуда. Алда әлі де болса Табылдың ән жинақтары мен жыр кітаптары жарық көрмек. Табылдың әндерін тыңдап, өлең­дерін оқып отырсаңыз – көп сұрақтарға жауап тауып алуға болады. Қасында жүр­ген­де адам адамның қадірін біле бермейді екен. Не де болса Табылдың бергенінен берері, айтқанынан айтары көп еді. Оның арманы өз ішінде кеткен сияқ­ты. Құдай қаласа, халықтың ішінен Табылдың ізін басқан талай таланттар өсіп шығатынына кәміл сенемін.
Бижан ҚАЛМАҒАМБЕТОВ


Табылды Досымов:
Жыраулық өнердің бізге жаттығы жоқ

– Бард – біздіңше, жырау. Демек, бұл өнердің қазаққа да жаттығы жоқ. Бардизм португал халқының гитарамен айтылатын жеңіс жырларынан бастау алса керек. Кеңес Одағының тұсында жайлап орыстарға жеткен, содан бүкіл Одаққа тарады. Расында, бұл жанрмен алғаш шыққандардың бірі және танымал болғаны Владимир Высоцкий болатын. Жұрт жақсы қабылдамаса, Высоцкий сондай атақты болмас еді ғой. Бардизмнің ең басты ерекшелігі – өлеңнің мәтіні бірінші орында тұрады. Демек, мұнда әуен өлеңді халыққа жеткізетін көмекші құрал ғана. Бұл өнерге қазақ оқшау қарамауы керек деп ойлаймын. Ерекше бөліп айта кетерлігі, көше әндерін, авторлық әндерді орындаушылар өздері шығарған әнді мәтінімен айтады. Бұларды бардистер деуге келмейді, оларда, негізінен, әуен бірінші кезекте тұрады. Сөзінде мән бола бермейді. Айырмашылық – осы. Жалпы, халыққа жеткізгісі келгенін әуенмен беру бізде бұрыннан бар деп айтуға болады. Сонау ғасырдан ғасыр асып жеткен жыраулық дәстүрімізде, өткеннен мұра болып қалған айтыс өнерінде де өрілген өрнекті сөзді әуенмен жеткізу бар. Сондықтан бард – қазақтан алшақ ұғым деп айта алмаймыз. Айырмашылық – тек аспабында ғана. Қазақтар домбырамен, қобызбен сүйемелдесе, нағыз бардтық шығарма гитарамен айтылады. Кешегі жаугершілік заманда да халыққа, батырларға рух берген осы сынды әндер ғой. Ақын жүрегіндегі қаһармандық сөздерін осы арқылы жеткізді. Бард – біздіңше, жырау. Демек, бұл өнердің ешкімге де жаттығы жоқ. Ол бізге тән емес немесе басқа халықтікі деп бөліп қарасақ, ұтыламыз.
«Алаш айнасына» берген сұхбатынан 25 сәуір, 2009 жыл

Мәңгі бақи мекенімді табу үшін Дендерден,
Мен де бір күн кетер ме екем бақұлдасып сендермен.
Махаббаттың жыршысымен қалу үшін қоштасып,
Қабіріме келер талай қос ғашық...

Тағдыры туған ауылына байланған
Мен бір үйдің кенжесі, ал Табыл бір үйдің жалғыз баласы болды. Қазақтың талантты ақыны Жарасқан Әбдірашевтің екеумізге деген ықыласы ерекше болатын. Біз жас күнімізде Алматыда бірге жүрге­німізбен, кейін тағдыр Табылдың туған топырағына қайта оралуына тура келді. Қара шаңыраққа қарайлап, ата-анасына болысып, ел ішінде өмір сүрді. Жақсы әнде­рімен өз тыңдармандарының жүрегін баурап алған Табылдың есімі Алматыдан бірден жарқ етіп, қалың елдің ортасына тарап кетті. Бірақ оны тағдыр ауылымен біте қайнастырып, өз ортасынан бөлектетіп жіберді. Табылға ешқандай атақ-мансап­тың да керегі жоқ еді. Оның алаң көңілі ылғи да Алматы жаққа алып ұшып тұрды. Кезінде Иманғали Тасмағамбетов Атырауда әкім болып тұрғанда оған көп қолдау жаса­ғаны белгілі. Білуімізше, Имекең Табылдың пәтер сатып алуына біраз қаржы-қаражат бергізген. Содан ол Алматыға көшіп келмек болады. Бірақ тағдыр оны қайтадан туған ауылына алып келеді. Өзге әнші, ақындар­дай ол үлкен сахналарда кештері мен кон­церттерін өткізе алмады. Оны қарапайым халық білгенімен, ресми тұрғыда тиісті бағасын алмады. Енді Табылдың екінші ғұмыры басталды. Ол армандаған дүниелер енді жүзеге асатын болмақ. Бұл тарапта біздер, қаламдас достары, белгілі бір жағдайда өзімізді кінәлі сезінеміз. Қанша­лықты өкінішті болса да, ендігі пары­зымыз – Табылдының мұрасын келешекке жет­кізу.
Әубәкір Смайылов

Өмірдерек
Табылды Досымов 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор ауылында туған. 1982 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен. 1983-85 жылдар аралығында Германияда әскери борышын өтеген. 1990 жылы Атырау телерадиокомитетіне арнайы жолдамамен келіп, жаңа облыстық телевизияның құрылуына атсалысқан. Бұдан соң облыстық Н.Жантөрин атындағы Мемлекеттік филармонияда шығармашылық жұмыспен айналысып, кейін Индер аудандық тіл басқармасының басшысы болып, облыстық Махамбет қорына жетекшілік етті. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды.

Ұнатады шыңда
                             көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден
                                      бұлт ауды.
Толағай боп туылмадым,
                                        әттең-ай,
Атырауға әкелер ме ем
                                    бір тауды?!

Аманатшыл азамат
Мен Табылмен сонау абитуриент кезі­нен жақсы таныс болдым. Сол кездегі Алма­тыда бірге жүріп, қатар оқыдық, бірге пәтер жалдап та тұрдық. Табылдай талант­пен табыстырған сол жылдарды бүгінде өзегім өртене сағынышпен еске аламын. Ол әркез қатарластарынан ерекше­леніп тұратын. Әдетте өнер адам­дарына тән бір ортақ мінездер болады. Бірақ Табыл мүлде бөлек жаратылыс иесі еді.
Ол нағыз шығармашылық адамы болса да, қолынан көп іс келетін. Әсіресе шаруаға икемді болды. Бірде жалдап тұрған шағын үйіміздің пеші істен шығып, дұрыс тартпайтын болып қалды. Біз «енді қайттік» деп абдырап тұрғанда Табыл сол ескі пешті бұзып, қайта салып берген еді. Бұған қоса, басқа да бір дүние бүлінсе, оны өз қолымен жөндеп, сынықты бүтіндеп жүретін. Өзі бір аманатшыл азамат болатын. Өзгелерден алған қарыздары мен басқа да дүниелерін қойын дәптеріне түртіп алып жүретін. Реті келгенде сол қарыздарын қайтарып отыра­тын. Серілік пен серуенге бейім болғаны­мен, мұсылманшылыққа келгенде өте тиянақты еді. Ерте есейген жігіт болғандық­тан ба, өмірден көріп-білгені, санасына түйгені мол еді. Табыл өзінің ең танымал әндерін негізінен студент шақтарында-ақ шығарып, шырқап жүрді. Біз де оның талай әндерінің алғашқы тыңдаушылары­ның бірі болып едік. Өмірге кезекті бір әнін алып келерде ол күні-түні ішінен белгісіз бір әуендерді ыңылдап, мазасыз күй кешетін. Кеш жатса да, бәрімізден бұрын таң бозынан ұйқысынан оянып алып, әлгі бірер күн бұрын ыңылдап жүрген әнін гитараға салып, дауыстап айтып отыратын. Өзі көбіне басына баяғының батырлары мен серілеріндей орамал байлап алатын. Еркін жүріп, еркін тұрғанды ұнататын. Оның әндері сол кездегі жастардың арасы­на тез тарап кететін.
Ол өзі туған өлкенің әрбір адыры мен қырын бес саусағындай жақсы біліп қана қоймай, кіндік кескен жұртын шексіз сүйе білді. Ел мен жер тарихын зерттеп, зерде­леп, ел ішінен шыққан ақындар мен батыр­лар жайында тың деректер жинап жүретін. Ауылына барған құрдастары мен жақын адамдарына қалжыңдап, «Мына адырды саған сыйладым. Енді оны сенің атыңмен атайтын боламыз», – дейтін риясыз жым­иып.
Болатбек ҚОЖАНОВ

inder bard@mail.ru
Жалғыз бардтың миллиондаған тыңдаушысы бар екен

Табыл Досымов дүниеден өткеннен кейін елдің түкпір-түкпіріндегі өнерсүйер қауым, әсіресе жастар, интернет кеңісті­гінде арнайы қауымдастықтар құрып, блогтер жүргізіп, ақынның шығармашы­лығына ерекше ден қоя бастады. Табыл жайлы дерек іздеп ғаламторға кірсеңіз, жалғыз бардымыздың миллиондаған оқырмандары мен тыңдаушыларының барына көзіңіз жетеді. Олар ақынның мұрасын өздерінше жинастырып, әндерінің mp3 нұсқасын сайттарға орналастырып, өлеңдерін топтастырып жүр. Білуімізше, Табылдың өзі де кезінде интернет арқылы әр қиырдағы жастармен табысып, хат-хабар алмасып, пікірлесіп тұрған. Ал ақынның ғаламтордағы inder bard@mail.ru поштасы бүгінде үнсіз қалыпта. Бірақ оның әндері мен жырлары қазақ көгінде мәңгі қалықтап тұра бермек.
Оқырман назарына әр кездері Табыл­дың жеке электронды поштасына және өзге де желілерде (my.mail.ru /community/tabildi/) жарияланған пікірлердің бір пара­сын ұсынып отырмыз.
***
Жайлы БАЛТОҒАЕВА:
– Табылдың өз өмірі туралы Индерден білуге болады, өнерінің өмірі Алматының көшесінде, КазГУ-дың құшағында, Жайық­тың жағасында қалды арман боп.
Тағдырын тіршілікке жеңдірген, өнері тұрмысына тәуелді болған таудай Табыл­дың өзі де, шығармашылығы да осылай ерекше – ауыз әдебиеті сияқты жинап ала­сың. Таланты ерекше, ешкімге ұқсамайтын азаматтың жұлдызы неге жанбады?  Түсін­беймін... Ендігіміз күмәнді, себебі, Табыл­дың өзі айтқандай, «Тірілерді таны­майды өлгендер»...
***
Тарас НАУРЫЗӘЛІ:
– Табылды Алматыдағы өнер ортасы әркез жоқтап, өз орталарына шақырға­нымен, ол қартайған әке-шешесін қия алмай ауылда қалып қойған еді. Ал өзінің туған Атырауы оны көптеген осындағы өнер өкілдерімен салыстырғанда елеусіз қалдырды. Себебі оның тарпаң жылқы­дай жүген-ноқтаға көнбейтін мінезі көп адамға ұнай бермейтін. Бір тарихи дерек­терде ең соңғы тарпаң жылқының 1879 жылы атып өлтірілгені айтылады. Бәлкім, Табылдай ақындар да тарпаңдар­дың соң­ғы тұяғы ма?
***
Зәкәрия СИСЕНҒАЛИ:
– Табылды – тағдырлы ақын. Сыршыл да, жыршыл да жүрек заманның заһарына, қатыгез жандардың қаһарына шыдас бермей, өзінен бұрынғы Төлеген, Мұқаға­ли, Жұмекен ағаларының жолын құшты.
Той-думанмен жүргенде сауықпенен,
Тірлік-теңіз үстінде ауып кемем.
Сол зұлымдар тағы да бір тасадан,
Шыға келетіндей боп қауіптенем,
– дегенді неге айтты, кімге айтты, қайран ақын?..
Бетті дайындаған Алмат ИСӘДІЛ

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста