Жадыра САХИЕВА, Jado Production компаниясының бас директоры, продюсер:
– Әлемдік киноиндустрия жанры жағынан өте бай. Десек те, детектив түсірушілердің қаптап кеткендігі кім-кімге де аян. Оның себебі түсінікті. Бір шетелдік тәуелсіз сараптама орталығы киносүйер қауым арасында сауалнама жүргізген екен, сонда көпшіліктің таңдауы оқиға желісі қылмыстық тақырыпқа құрылған фильмдерге түскен. Ал сіз тың дүниені, яғни би өнері арқау болған кино түсіріп жатқан көрінесіз. Құпия болмаса, жаңа туындыңыз жайлы айта отырсаңыз...
– Иә. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, ең алғашқы мамандығым режиссер-хореограф болғандықтан, маған би өнерінің орны бөлек. Сондықтан да болар, «Орда» тобының әншісі әрі көркемдік жетекшісі Ерболат Беделхан келіп ұсыныс жасағанда, шынын айту керек, мен бұл ұсыныстан бас тарта алмадым. Бірден құптай кеттім. Өзім де көптен бері музыкалық-сахналық дүние немесе театрлық қойылым жоспарлап жүрген едім. Сол ойымның жүзеге асуына мүмкіндік туып тұр екен, қалай қуанбасқа! Келісе кеттім. Қазір кино аяқталуға жақын. 80 пайызы дайын тұр десем де болады. Төлқұжатын да алдық. Енді қазір Мәскеуде пленкаға түсіріп жатырмыз. Киноның тек мазмұнына ғана емес, сапасына да айрықша көңіл бөлдік десем болады. Қазақстанның ең мықты деген стилист мамандарының кеңестерін пайдалануды жөн санадық. Әдетте, кино түсіруге әрі кетсе екі камера пайдаланса, біз төрт камераны іске қостық. Құдай қаласа, тұсаукесерін сәуір айында жасау ойда бар. Кинокартина мазмұны терең, онда махаббат та, өнер де жан-жақты қамтылған. Сценарийдің маған қатты ұнаған бір жері – ғашықтар сезім сырын қазіргі көркем фильмдегілердей қылықпен, сөзбен емес, көздің қиығымен ғана түсініседі.
Кино түсіру кезінде байқағаным, біздің елде би өнерінен кенде емес жастарымыз өте көп екен. Өкініштісі сол: қаншама таланттарымыз сахнаның ар жағында қалып қоюда. Киноға түсетін кейіпкерлерді таңдау мақсатында ұйымдастырылған кастингіге 2000-нан астам адам қатысты. Бірінен-бірі өтетін өнерлі.
Қазақстанды былай қойғанда, би кинолары Азия елдерінде шідерленіп тұр. Сондықтан да осы жұмысты қолға алғанымыз өте дұрыс болды дер едім. Еліміздің киноқорына аз да болса өз үлесімізді қосып жатсақ, соған қуаныштымыз.
Еуропаға келсек, би киносы оларда әлдеқайда дамып кеткен. Классикалық дүниелерге айналғандықтан аттарын қазақшаламай-ақ қояйық, мәселен, «Грязные танцы», «Давайте потанцуем», «Запах женщины», «Поющие под дождем», «Бриолин» сияқты танымал фильмдерді талай көрермен сүйсініп тамашалаған шығар?! Мен де бала күнімде ондай киноларды бір деммен көретінмін.
– Жалпы алғанда, би киноларының аздығынан осы сынды көркем фильмдерді сарапқа салатын байқаулар жоқ деп жатады. Кино түсірілімі кезінде хореография мамандарының кеңесіне жүгінген боларсыздар?
– Кино – үлкен өнер. Ол жан-жақты ізденісті қажет етеді. Сондықтан да білікті мамандардың ақыл-кеңестеріне жүгіндік.
Расында да, сөз болып отырған жанрдағы кинолардың басын қосып, сайысқа салатын фестиваль, жарыстар саусақпен санарлықтай екен. Бір қуантарлығы – қазір дәл осындай киноларды додаға түсіріп жүрген «Кинотанец» фестивалі кең таныла бастады. Негізі, «Кинотанецтің» дүниеге келгеніне себепкер болған әйгілі халықаралық би фестивалі – OPEN LOOK. OPEN LOOK-тан еншісін алып, өз алдына отау тіккен «Кинотанецтің» іргесін қалаушы әрі директоры – Вадим Каспаров. Фестиваль алғаш 2001 жылы өтті. Екі жылда бір өткізілетін «Кинотанец-2011»-ге 23 елден 60-қа жуық үміткер қатысқан. Былайша айтқанда, қатысушылар жылдан-жылға артып келеді.
– Білуімізше, «Запрещенные танцы» («Көше биі») – Jado Production-ның бірінші өнімі емес.
– Ол, рас. Бұл – біздің екінші киномыз. Jado Production – өнер үйі. Қандай іспен айналысайық, мейлі ол өнерге жақын, өнерді насихаттайды. Бірінші кино әлеуметтік авторлық дүние болды. Оған ана, әйел, қоғам тақырыбын арқау еттік. Кино Пусандағы фестивальға қатысып қайтты. Шыны керек, ол жайында тіс жармауға тырысқан едік. Құпия ұстауымыздың өзіндік себептері бар. Тұсаукесерін, Алла жазса, күзге жоспарлап отырмыз. Негізі, фильм 2010 жылы түсіріле басталып, 2011 жылы аяқталды.
– Хореограф ретінде қазақ би өнерінің бүгінгі жайы туралы не айтар едіңіз?
– Сауалыңызға жауап бермес бұрын, көкейде жатқан мына бір мәселеге аз-маз тоқтала кетсем бе деймін: кейбіреулер қазақ би өнері кейіннен пайда болған деген жаңсақ пікір айтады. Алайда Қазақстан жерінде сақталған тастағы суреттер, тарихи деректер, орыс саяхатшылары, тарихшылары ғалымдарының этнографиялық жазбаларын қалай жоққа шығарасыз... Негізі, қазақ би өнері синкретті түрде дамыды дейді зерттеушілер. Біздің табиғатымыз жазира кең даламен, еркіндікпен байланысты болғандықтан, қазақ биінің ұлттық иірімдері, өзіндік мәнерінің өзгелерден дараланып тұруы – заңды құбылыс. Қазақ би өнерінің тууына, оның қалыптасуына үңілсек, негізі, ежелгі тарихтан бастау алатыны даусыз. Қысқасы, би — қазақтың халық фольклорының көне түрлерінің бірі.
Шара Жиенқұлова, Ысқақ Быжыбаев, Әубәкір Ысмайылов, Гүлжан Талпақова, Дәурен Әбіров, Зәуір Райбаев сынды өнерлерімен әлемге танымал болған бишілеріміз қазақ халқының би өнері ықылым заманнан келе жатқандығының айғағы дер едім. Қазақ халқы би өнерінің дәстүрі мен өрнегін бұзбай, ғасырлар бойы дамытып отырған және рухани қазынасымен ұштастыра білген.
Өкінішке қарай, бүгінгі би өнеріміздің дамуында бір тоқырау бар сияқты. Шашыраңқы. Әркім өзінше алас-күлес. Соған менің қарным ашады.
Бидің өнеріміздің бөлінбес бір бөлшегі, өміріміздің көркем өрнегі екендігін ескерсек, ұлттық би қазынамызды жоғалтып алмай, оны жандандырып, төрткүл дүниеге паш ету әрбір жанашыр жанның жадында жүрсе екен деймін.
– Шара Жиенқұлова демекші, ұлттық өнерімізді әлемдік сахнаға көтерген қазақтың тұңғыш кәсіби бишісінің өмірі мен өнердегі жолы турасында классикалық кино түсірілсе, игілікті іс болар еді...
– Шынымен де, қазақ кинематографиясында сондай дүниенің жоқтығы өкінішті. Мұндай ой маған да келген. Мысалы, ресейлік атақты балерина Анна Павлова жайындағы көп сериялы кино тек бишінің ғана емес, бүкіл Ресей өнері тарихының бір парағы іспетті. Менің ойымша, мұндай идея ұлтжанды деген әрбір режиссердің ойында жүр.
– Сұхбатыңызға рақмет! Сізге шығармашылық табыстар тілейміз.