Өткен аптада Алматы қаласындағы Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, классик ақын Қалижан Бекхожиннің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті.
Қалың оқырманға «Ұлыстың ұлан асуы», «Батыр Науан», «Мария – Егордың қызы», «Қамбар батыр», «Дала комиссары», «Партизан Балтабай», «Ақсақ құлан» атты 100-ге жуық жыр-дастанымен танылып, Гёте, Байрон, Пушкиндерді қазақша сөйлеткен дарын иесінің мерейлі кешіне бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, әкімқаралар, ақын-жазушылар және оқырмандар қатысып, ақынның шығармашылық жолы жайлы өз ойларын ортаға салды.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Қалижан Бекхожиннің өлеңдері және поэмалары қазақ әдебиетінің қазынасына енгенін айта келіп, «Біз Қалижан ағамыздың аудармасының арқасында Пушкин, Лермонтов, Некрасов сынды әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын оқуға мүмкіндік алдық», – деп атап өтті. Ал Қалекең туған Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын ақын 100 жылдығының ел аумағында қалай тойланғаны жөнінде баяндады. Бір жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі конференциялар ұйымдастырылғанын, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап жарық көргенін, ақынның туған жерінде еңселі ескерткіш бой түзегенін тілге тиек етті.
Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет Қалижан Бекхожин туралы баяндама жасады. Ақынның әкесі Мәшһүр Нұрғожаның шығармашылығына да тоқталды. Қазақ халқында мәшһүр деген атқа екі-ақ адам ие болғанын, оның бірі – Мәшһүр Жүсіп, екіншісі Қалижан ақынның әкесі екенін, сондай-ақ Нұрғожа ақын өз дәуірінде Мәшһүр Жүсіп, Ақан сері, Иса сынды дүлдүл ақындармен айтысқанын айта келіп, Нұрғожадан туылған ұлдың классик ақынға айналуы заңдылық екенін дәлелдеп берді. Амал не, қазақ Нұрғожадай ақынның бар мұрасын сақтап қала алмады. Мәшһүр Нұрғожаның өлеңдерін алғаш жинақтаған Сәкен Сейфуллин тұтқындалғанда қолжазбалары өртеліп, соның ішінде Нұрқожаның да өлеңдері кеткен екен. Баяндамада осындай тағдырлы әкеден туылған Қалижанның өзі тоталитарлық жүйенің тепкісіне түскені айтылды. Мәселен, 1939 жылы Ресей отаршылдығына қарсы жазылған Кенесары мен Наурызбайды мадақтайтын «Батыр Науан» поэмасы үшін Қалижан ақынның Түрікменстанға бас сауғалауына тура келген.
Нұрлан Оразалин, ҚР Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:
– Қалижан Бекхожиннің өмірі өте күрделі кезең болды. 30-жылдары әдебиетке келді. Ал ол кезең тоталитарлық жүйенің қылышынан қаны тамып тұрған кезең еді. Одан кейін соғыс майданын көрді, одан аман келді. Халықтың қасіретін, халықтың ішкі діңгегінің мықтылығын жырлайтын дастандардың барлығы қазір өзінің өміршеңдігін тағы да дәлелдеп отыр.
Ақынның 100 жылдығына арналған кеште Тұрсынбек Кәкішов сынды қазіргі қазақ әдебиетінің аға буын өкілдері де сөз алып, Қалижан Бекхожин өмірінен естеліктер айтты. Сондай-ақ Тұрсынбек Кәкішов ақын 100 жылдығының кең көлемде аталып өтуін ұлттық сананың ояна бастауы деп бағалады.
Тұрсынбек Кәкішов, жазушы-ғалым:
– Қалижан Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойын Алматыдағы үлкен театрда өткізіп жатуымыз – ұлттық санамыздың ояна бастағанының көрінісі. Бұл той Керекуде басталған болатын. Облыс әкімдігі Қалижан Бекхожинге арнап, кереметтей ескерткіш орнатты. Бұл – бір ғана мысал. Соңғы жылдары осы жігіттердің бастамасымен Павлодарда 22 қазақ қайраткеріне арналған ескерткіш тұрғызылыпты. Осы орайда сол облыстың басшысы Ерлан Арынға алғыс айта кеткім келеді. Біз өз ұлыларымызды ұлықтауды ұмытпауымыз керек. Қалижан – солардың ішіндегі ең көрнектісі.