Қайраткермен кездесу
Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті студенттерінің белгілі қоғам қайраткері, қазақ тілінде жазылған заң авторы, ақын, сазгер Әкім Ысқақпен шығармашылық кездесуі болып өтті.
Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен өткен бұл кеш сұрақ-жауап тұрғысында өрбіді. Бүгінде 15 жыл толып отырған тұңғыш мемлекеттік тілде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасының қалай өмірге келгендігін, ондағы болған тартысты кезеңдерді, жеңіске жету жолындағы табанды күресті тыңдармандарға әсерлі жеткізе білді. Осы заңның аясында елімізге 1 миллионнан астам қандасымыз оралды. Көші-қон және демография жөнінде агенттік құрылып, облыстарда көші-қон басқармалары жұмыс істей бастады. Ең бастысы, бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген жалғыз заң ретінде парламентаризм тарихында қалды.
Әкім аға депутат кезінде Америкадағы қазақтың жетім балаларының да іздеушісі болып, олардың сан қырлы тағдырын өз көзімен көріп қайтқан екен. Әсіресе Арман, Джо есімді қазақ балалары туралы жүрек толқытатын әңгімесі көпшіліктің көзіне жас алғызды.
Қазақ тілінің қолданылуы, оның мәртебесіне қатысты сан түрлі сұрақтар әңгіменің арқауына өзек болып, нақты жауаптар қайтарылды. Сондай-ақ ақын студенттер қауымымен өмір, тағдыр, махаббат, достық, жалпы, адам бойындағы адамгершілік, сүйіспеншілік, ізгі қасиеттер туралы ой бөлісті. Қыздар көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алып, ұсыныстары мен талап-тілектерін білдіріп, жүректен шыққан жыр жолдарын арнады. Ақынның «Гүл қауызындағы тамшы», «Махаббат хаттары», «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» жинақтарынан өлеңдерін, қара сөздерін нақышына келтіріп орындап берді. Кеш барысында ақын өз қолтаңбасымен жаңа шыққан кітаптарын студенттерге тарту етті.
Ұлтжандылық рухта өткен мағыналы да әсерлі кездесу соңында сазгердің «Көк тудың желбірегені» атты әні шырқалды. Дәл осындай басқосу Қазақ ұлттық аграрлық университетінде де болып өтті.