Қайраткер тағылымы
Балқаш ауданы Бақанас ауылында қыркүйектің 21-22-сі күндері Д.Қонаевтың 100 жылдығы тойланды. Жүздеген ақ киіз үй тігіліп, мың-мыңдап жиылған қауым ұлы перзентінің рухына құран бағыштап, заманының заңғарын толқыныспен еске алды.
Өткен аптаның жұма, сенбі күндері Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылында тіршілігінде-ақ пайғамбар атанған тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ас берілді. Мемлекет және қоғам қайраткерi, үш мәрте Социалистiк Еңбек Ерi, Ғылым академиясының академигi, техника ғылымының докторы болған Қонаевты еске алуға арналған салтанатты шаралар екі күнге жалғасты. Қыркүйектің 21-і күні Бақанас ауылындағы Д.Қонаев ескерткiшiне гүл шоқтары қойылып, Димаш ағаның рухына бағышталған арнайы ас берілді. Түс ауа Бақанас стадионының ашылу салтанаты өтіп, спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ аудандық тарихи өлкетану мұражайында «Өз заманының заңғар ұлы» атты Д.Қонаевқа арналған экспозиция ашылып, мерейтой қонақтары мұражаймен етене танысты. Бақанас ауылының аудандық мәдениет үйінде Қонаевтың өмірі суреттелген фильмнің көрсетілімінен соң «Дінмұхамед Қонаев – ғасыр адамы» тақырыбында республикалық ғылыми конференция болды. Басқосудың соңы орталық алаңдағы «Таңғажайып Қонаев» танымдылық шарасы мен Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты. Тойға жиналған қонақтарға Ілені жағалай тігілген жүздеген киіз үйде кешкі ас беріліп, орталық алаңда Қазақстан өнер шеберлері мен аудан көркемөнерпаздарының жастарға арналған мерекелік кеші өтті. Ел ағасы атанған Д.Қонаевтың 100 жылдық мерейтойының алғашқы күні мерекелік отшашумен аяқталды. Қыркүйектің 22-сі күні алты қанат ақ үйлерде дастарқан жайылып, соңынан Д.А.Қонаев атындағы саябақтың ашылу салтанаты өтті. Сондай-ақ киіз үй қалашығында орналасқан үлкен сахнада мерейтойға арналған салтанатты жиын театрландырылған қойылыммен жалғасып, соңы гала-концертке ұласты. Заманының заңғар перзенті болған Қонаевтың рухына бағышталып құран оқылып, бірнеше мың адам қол жайды. Мерейтой Ілені бойлаған жазық даладағы палуандардың сайысымен жалғасын тауып, аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге мен тай бәйгелер бағалы сыйлықтарды сарапқа салды. Облыс пен аудан басшылары, қоғам қайраткерлері жеңімпаздарды марапаттап, Бақанас ауылына барған мерейтой қонақтарын шығарып салды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қонаев есімінің Қазақстан халқымен бірге жасары – анық ақиқат. Ол кісі – бәрімізге ұстаз болған адам»,– деген еді. Ал мерейтой меймандары Димаш ағаның «билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, анам да – ел, данам да – ел, соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген дана сөздерін бірнеше мәрте еске алып, сөздерінің бастауы етті.
Аңсар Мұсаханов, Алматы облысының әкімі:
– Елбасымыз: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Сондықтан да халқының алдындағы өздерінің перзенттік парыздарын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының нағыз азаматы болып қала береді», – деп атап көрсетті. Солардың бірі де бірегейі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев екені даусыз. Қазақ халқының соқтықпалы, соқпақсыз тұтас бір дәуірінің көшін бастап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына орасан зор үлес қосқан тұлға қашанда ел жүрегінде, көңіл төрінде тұрады.
Дияр Қонаев, Д.Қонаевтың немере інісі:
– Өз халқын жанындай сүйген, сол үшін бар өмірін арнап, қызмет еткен сүйікті ағаға қанша арнау айтса да болады. Ағамыз еңбекпен жеткен үлкен абырой, биік беделіне қарамастан, қай қызметте де өзін ешкімнен жоғары қойған жоқ. Сол қасиетімен де елдің жүрегінен мәңгі өшпес орын алды. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ біздің әкелеріміз бен ағаларымыздың өткен өмірін, жүрген жолын танып жатса, онда ағалар жолы келешекте тамаша істермен жалғасатынына сенімдімін.
Рафаэль Ниязбеков, ақын:
– Алла тағала Димаш секілді алып тұлғаларды жүз жылда, мың жылда бір рет тудырады. Димаш – Жаратқанның қазақ халқына берген үлкен, ұлы сыйы. Мен Димекеңе арнап 300-ден аса өлең жаздым. Ал жер-жаһанда, тарихта бір тұлғаға жүздеген өлең арнау деген болмаған. Қазақ жұрты Қонаевқа қанша қара өлеңін арнаса да, артық еместігі анық.