Қазақ қызы – Мәскеуде де қазақ қызы! Түр-түсі ғана емес, жаны мен жүрегінің ішіндегі дала перзентіне тән даралығын жоғалтпау қазақ қызының мәңгілік мұраты болса керек. Осы мұраттың үдесінен шыға білген ұлтымыздың бір қызы 25 жыл Кремльді қалада тұрса да, елде жүргендей халқына қызмет қылып, сондағы қазақтарды бір ортада ұйытып, талай жүректерді жырымен жылытып жүрген Жарқын Өтешовадай-ақ болсын.
Жұма күні Жазушылар үйінде мәскеулік ақынның «Мәскеу – өмір-өзен» атты сырттағы қандастарының сағынышын арқалаған жыр жинағының туған жеріндегі тұсаукесері болып өтті. Кеш шымылдығын Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай ашты:
– Бүгін Жазушылар одағының киелі де қасиетті қара шаңырағында бір әдемі кеш болғалы отыр. Оның авторы – өзіміздің Мәскеуде тұратын қазақтың қайраткер қыздарының бірі Жарқын Өтешова. Бұл бір мерейтойға арналған не болмаса поэзия кеші емес, бүгінгі кеш жыр жинағының тұсауын кесуге арналып отыр. Шыны керек, біз бұған дейін Жарқынды Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамын басқарған қазақтың белсенді де қайраткер қызы деп білетінбіз, енді бүгін бізге ол ақындық қырынан ашылып отыр.
Осылай деген ақын сөзін Жұбан ақынның «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген жыр шумақтарымен жалғады. Одан кейін ортаға Жарқын Өтешова біраз жылдан бері қалам тербеп жүрген «Ана тілі» басылымының редакторы Самат Ибраим шығып сөйледі. Кеш барысында қазақтың ақын да қайраткер қызына деген тілектер мен ән-жырдың тиегі бірінен соң бірі ағытылды. Әсіресе қазақтың белгілі ақын қызы, бұл күнде фәниден бақиға озған Қанипа Бұғыбаеваның ұлы Талап Қараштың саусақтарынан тамған күй көрерменді тамсандырмай қоймады.
Тұсаукесер тізгінін белгілі ақын Саят Қамшыгер өз қолына алды. Зиялы қауым ғана емес, бір қуанарлығы, залдың жартысынан көбін қарапайым азаматтар құрады. Олар жырақтан елін сағынып келген осынау перзентіне құрмет көрсетіп, тіпті ортаға шығып, жылы лебіздерін де аямады. Сондайлардың бірі талай жылдар Омбыда тұрып, кейін «ұрпағым қазақ болсын» деп, елге көшіп келген бір қазақ болса, бірі кезінде Мәскеуге оқуға барғанында, Жарқын сынды апасының қамқорлығына кезіккен жандар болды. Яғни ақын, қайраткер ғана емес, бұл кісі әр қазаққа «бауырым» деп қарайтын ұлтжанды перзент ретінде де көріне білген. Сол себепті кеш те сондай жылы өтті. Соңында жиналған қауымға тек өзінің ғана емес, сырттағы жүрген 5 миллион қазақтың атынан алғыс айтқан Жарқын Өтешова бұл жолы да мырзалық танытып, келгендердің бәріне де өзінің «Мәскеу – өмір-өзен» атты жинағын қолтықтатып жіберді. Тіпті ақ дастарқанын да жаюды ұмыт қалдырмады.
Қайраткер қызға құрмет көрсетілді
Последние статьи автора