9-шы қазан күні алғаш рет ел алдына шыққан Қайрат Нұртастың әйелі NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берді. Ата-енесі мен күйеуі көпшілікке көрсетпеген он жыл ішінде Жұлдыз қандай күйде болғанын айтты.
"Маған бұл жиі қойылатын сұрақ болғандықтан, өзіме ұнамайды. Бірақ жауап берейін, әр адамның өзінің жеке өмірі, жеке әлемі, ұстанымы, өмірге деген көзқарасы, заңдылығы мен отбасындағы тәрбиесі болады. Ешкім онымен бөлісуге міндетті емес. Мен Қайратқа тұрмысқа шыққанымда Қайрат енді ғана тәй-тәй басып, өнердің шыңына шығып, жұлдызы жарқырай бастаған кезі. Мен Қайратпен бірге шаңырақ көтергенде сахнаға шығып ән айтамын деп шыққан жоқпын, осы отбасына келін болып, дүниеге ұрпақ әкелсем деп, шаңырақтың түтінін түтетіп, үйдің жылулығын ұстасам деп тұрмысқа шықтым, Қайраттың артынан жүрейін деп емес. Алла тілегімізді қабыл етіп, балалы болдым", - дейді Жұлдыз.
"Арман" фильмінің БАҚ-қа арналған ресми ашылуында Жұлдыз өзі басты рөлді сомдайтын фильм туралы да айтты. Әншінің жары фильмдегі оқиғаның Қайрат екеуінің өміріне еш қатысы жоқ екенін айтты.
"Фильм Қайрат пен Жұлдыздың жеке өмірінен алынған деп шатаспауларыңызды сұраймыз. Мен актриса болғандықтан, алған білімімнің жемісі деп білемін. Сондықтан сіздер киноны көріп, өз бағаларыңызды бере жатарсыздар. Біз киноны түсірген кезде өмірлік мәні бар, көрермен ой түйіндеуге болатын оқиға болса деп алдық", - деді Жұлдыз Әбдукәрімова.
Ең алғаш Қайраттың "Арман" әнінің бейнебаянына түскен Жұлдыз актриса мамандығын тәмамдағанымен, әншіге тұрмысқа шыққаннан кейін 10 жыл үйде отырған.
"Маған оңай болған жоқ. Екі жыл жұмыс істеп, дайындалдым. Жұмысқа бірден кірісіп кету оңай болмады", - деді Жұлдыз.
Еске салсақ, кеше Алматы қаласы, Esentai mall кинотеатрында Қайрат Нұртас пен жары Жұлдыз Әбдукәрімова басты рөлді сомдайтын "Арман" фильмінің тұсаукесері болды. Фильмнің ресми шарасына қала әкімі Бауыржан Байбек келді.