Таяуда қазақтың біртуар ұлы, даңқты қолбасшысы, қазақ жерін алпыс екі жыл атынан түспей жаулардан қорғап, Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен Қаракерей Қабанбай атында қоғамдық қор құрылды. Мұндай игі бастаманы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданының әкімі Ерлан Текешов қолға алыпты.
Тарбағатай ауданы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, таяуда қоғамдық қор құрудың бастамашыл тобы анықталып, жалпы жиналыста жарғысы бекітілді. Сондай-ақ осы басқосу кезінде қордың төрағасы сайланады.
Жақын күндері қоғамдық қор өз жұмысын бастайды. Қазір қорды заңды тұлға ретінде тіркетіп, банктен есепшотын ашу сынды бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Аудан мұғалімдерінің тамыз кеңесі соңында аудан әкімі Е.Текешов осы бір игілікті іс туралы кеңеске қатысушыларды хабардар етіп, осы қорға бір айлық еңбекақысын беретіндігін айтты. Бұдан кейін сөз алған М.Сахариев қорға бір ту бие, кәсіпкер Қ.Қожахметов 500 мың теңге, спортшы С.Омарбеков бір жылқы және 200 мың теңге, жетіаралдық кәсіпкер С.Нұрханов 200 мың теңге, «Тарбағатай» газетінің редакциясы 100 мың теңге және «Тарбағатай табиғаты» ЭҚБ төрағасы Е.Құттыбаев бір айлық еңбекақыларын қоғамдық қорға құятындықтарын жеткізді.
Қоғамдық қордың алғашқы жұмысы Қаракерей Қабанбай бабаның ат үстіндегі мүсінін Боғас бекетіне қою болмақ.
Қабанбай батырдың қоры ашылады
Последние статьи автора