Пролетариат диктатурасы
“Осы күнге дейін Түркістанда «пролетариат» диктатурасының бірден-бір қолдаушысы тек қана орыстар болуы мүмкін» деген көзқарас қалыптасқан. Осындай “отаршылық” көзқарас іс жүзінде ауыр зардапқа ұшыратты… Перовскіде (қазіргі Қызылорда) билігіне шек қойылмаған самодержавец Гержот отырды. Одан бүкіл бір халық – қазақтар “көшіп кетті”. Осы көшу кезінде бір миллиондай адам қырылды”.
“Кеңестер билігіндегі Түркістан” кітабынан
Мұстафа Шоқай (1890—1941)
Алаш үкіметінің мүшесі, түркі халықтары бірлігінің жаршысы, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы Мұстафа Шоқай Ташкенттегі ерлер гимназиясында білім алып, Санкт-Петербор университетінің заң факультетін оқып бітірген. Ақпан төңкерісінен кейін Түркістан автономиясы уақытша үкіметінің қаржы министрі, кейіннен сыртқы істер министрі болған. Мұхамеджан Тынышбаев отставкаға кеткеннен соң, оның орнына бас министр қызметін атқарған. Елде азамат соғысы күш ала бастаған кезде қызыл қырғынның қуғынына ұшырап, Уфаға барып, одан Грузия арқылы Түркияға жетіп, содан соң Францияда тұрақтайды. Мұстафа Шоқай 1941 жылдың 27 желтоқсанында Германияда белгісіз жағдайда қайтыс болған.