Пайдасы бар қымыздың насихаты жоқ
Көктем келіп, тіршілік жаңа бір түрге еніп, табиғат бусанған шақта қыстың қыспағынан шығып, аузы аққа тиген халық осы бір кезеңді ерекше мерекеге айналдыратын. Бие байлап, қымыз ашыту бүкіл ауыл болып тойлайтын қымызмұрындық мерекесіне ұласатын. Қымызмұрындық – наурыз, сабантой секілді қазақтың көне мерекесі. Алайда кешегі тоталитарлық жүйе қымызмұрындық түгіл, қазаққа өзінің төл сусыны қымызды ұмыттырды емес пе?! Міне, осы өшкенімізді жандырып, ұмыт болған дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында 30 мамыр күні Алматы қаласындағы Абай алаңында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті. Тіл үйірер балдай қымызға сусаған, ата-бабамыздың салт-дәстүрін аңсаған халық Абай алаңына көптеп жиналды. Жиында театрландырылған көріністер қойылып, ән шырқалып, би биленіп, ұлттық ойындар ойналып, өнерпаз қыз-жігіттер мерекенің көрігін қыздырды.
Арудан асқан жан бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма?
Биенің сүті сары бал –
Қымыздан асқан дәм бар ма?! – деп Ақтамберді бабамыз жырға қосқан қымыз сусынының 6000 жылдық тарихы бар. Жазық даланы, жасыл жайлауды мекен еткен халқымыз ешқандай дәрі-дәрмексіз, дәріханасыз-ақ ауырмай-сырқамай, ақынды да, батырды да дүниеге әкелген. Мұның бір сыры – табиғи таза тағам мен қымыздай сусын ішкенінің арқасы. Қымыз – өкпе, жүрек қан тамырлары мен асқазан жарасы, қаназдық, жүйке жұқару дерттеріне шипа. Жапондар қымызды «сүт тағамдарының патшасы» деп атаса, француздар оның емдік қасиетін мойындап, дәріхана сөресіне орналастырыпты. Сондай-ақ шөлбасар дала сусынының ерекше қасиетін әлемнің алдыңғы қатарлы медицинасы толық мойындап отыр. Қазіргі таңда медицинасы жақсы дамыған Израиль, Франция, Египет, Германия, Жапония елдерінде қымызға деген сұраныс артып келеді. Ал біздің елімізде әзірге, өкінішке қарай, қымызға қарағанда, сыраның дәурені жүріп тұр. Олай дейтініміз, тіпті халық көп шоғырланған Алматы қаласының өзінде ірі қымызханалар жоқтың қасы екен. Сондай-ақ өзімізде 1,5 млн жылқы бола тұра, барымызды ұқсата алмай қырғыздардан жылына 100 тонна қымыз сатып алып отырған жайымыз бар. Кезінде бие сауылып, қымыз сапырылғанда ата-әжелеріміз «Па, шіркін, аққан бұлақтай қымызым-ай!» деп масаттанып отырады екен. Ал бүгінде бұлағымыз суалып, басқаның жасанды сусынына бас қойдық. Бұл да кешегі кеңестік кезеңнің біздің 15 млн жылқымызды құртып, қазақ халқының түбіне жетуді мақсат еткен саясатының салдары екенін түсінгеніміз жөн.
Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты:
– Әр ұлттың ішкен асы, киген киімі, өмір сүру салты халықтың ерекше салт-дәстүрін сипаттайды. Адамның тамаққа деген талғамы бұзылғанда ол міндетті түрде ойға, санаға, ділге әсер етеді. Жалпы, жанға шипа болатын жылқының етін жеп, қымызын ішкен адам жақсы жетіліп, дұрыс ойлайды. Ал дұрыс ойлайтын адамның қоғамға пайдасы зор болатыны белгілі. Ат үстінде жүріп киелі ас ішкен халқымыз қымыздың қасиетін жете түсінген. Қымызға тек тамақ деп қарамау керек. Ал енді сыра ішіп, соның буына бөккен адам киеңкі, бұрташ дейтін ауруларға жиі ұшырайды. Сондықтан қымызды дәріптейтін осындай шаралардың жиі ұйымдастырылуы ұлт ретінде дамуымызға септігін тигізеді.
Түйін
Сыра өндіруден алдына жан салмайтын Еуропаның кейбір мемлекеттерінде жылда сыра мерекесі тойланып тұратыны белгілі. Онда ағыл-тегіл сыра асып-төгіліп, жарыс ұйымдастырылып жатады. Ал біздің елімізде, қалалар мен ауылдарда жылда қымызмұрындық мерекесі тойланып, жас-кәріміз сыра орнына қымыз ішсек, уланған санамыз да, ағзамыз да тазарып, ұлттығымыз артар еді. Дастарқанымыздың берекесін келтіріп, халқымыздың байлығы мен мырзалығын білдіретін қымызға, әсіресе, өз елімізде жарнама қажет-ақ. Қазіргі дүниежүзін дағдарыс шарпып отырған заманда өзіміздің төрт түлік малымыз өзімізге қаржы табудың, жұмыспен қамтудың, мәдениетімізді жаңғыртудың көзі болса нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан биыл алғаш рет өткізіліп отырған қымызмұрындықтың жалғасын табуына күш салынса дейміз.