Отандық шоу-бизнес: есіктен төрге дейін
Елімізде бизнес атаулының бәсекелестік талаптарымен теңеле алмай, ең кенже дамыған саласы шоу-бизнес болса керек. Бірақ оның өзіндік бояуы мен қалыптасу жолы болады. Ал бұл саланың бастауына келсек, ол ұзақ уақыт бойы «бізде шоу-бизнес бар ма, жоқ па, керек пе, керек емес пе, ұлттық рухани мұрамызға кедергі бола ма, болмай ма» деген мәселелер талқыланған 90-жылдардың өзінде қазақстандықтардың өміріне еніп кеткен болатын.
«Магнитофон мәдениеті»
Тоқырау кезеңіне қарамастан, өнер мен мәдениет кеңестік жүйенің соқпағымен жүре бастады. Экономикалық дағдарыспен бірге қоғам мүшелерінде еркіндік пен табыс көздерін дербес жолмен іздеуге ұмтылу сияқты қажеттіліктер туындады. «Қазақконцерттің» танымал әншілері қалада да, ауылда да концерттік қызметтерін жалғастыра берді. Бірақ бұл олар үшін көл-көсір табыс емес, кәсіби міндет тәрізді болды. Алматылық «А`Студио» тобы Алла Пугачеваның арқасында бүкіл Кеңес Одағына танылды. Ал бұл кезде ауылдағы мәдениет үйлерінің мүлкі талан-таражға түсіп жатты. Ресейден «магнитофон мәдениеті» келіп, өркен жайды. Магнитофон орыстың поп және рок бағытындағы әндерін кең насихаттағанымен, кейін осы құралдың құдіретімен қазақ әнін жаппай тыңдауға сұраныс туды. Бірақ ең алғаш үнтаспалар арқылы тараған әндер кәсіби де, ұлттық музыка да, сапалы эстрада да емес, әуесқой әншілер мен ел ішіндегі таланттардың шығармалары болды. Синтезатор аспабына қол жеткізген алғашқы іскерлер ән айтып, аудиотаспалар жасауды қолға алды. Туындылары күйтабақ форматында қалған кәсіби әншілер өнері қарапайым халықтан алыстады да, Дәрібаевтар сияқты әуесқой отбасылық ансамбльдер күллі елдің талғамынан шықты.
Тәуелсіздік алған эстрада
1993 жылы «Авторлық құқық туралы» Заң қабылдаған Ресейде осы кезеңнен бастап шоу-бизнесті дамыту мықтап қолға алынды. Ресей америкалық мәдениеттен, одан біз тәжірибе көшірмелеуге кірістік. Әнге аранжировка жасаудың өзінде батыстық элементтер орынды-орынсыз қолданылды. Эстрада коммерциялық қызметке бейімделе бастады, альбомдар жасап саудаға шығару табыстың негізгі жолы ретінде өнер адамдарын ынталандыра түсті. Рок пен поп-музыка қайшылығы тереңдеді, бірақ Ресейдегідей орындаушылар арасына жік салған жоқ.Мәдениет саласында отаншылдықпен астасқан «Тәуелсіз елдің өнері» деген ұғым қалыптасты. Халықаралық «Азия дауысы» фестивалі эстрада жұлдыздарының кәсіби деңгейін саралайтын сынаққа айналды. Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиеваларды айтпағанда, Қыдырәлі Болманов, Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, Бейбіт Қорған, Тахмина Әшімбекова сияқты бүгінгі жұлдыздарды алғаш ашып, шоу-бизнестің іргеленуіне септігін тигізді. «Тамаша» ойын-сауық театрының ізбасары болған «Бауыржан-шоу» думаны әзіл-сықақты коммерциялық өнімге айналдыруға жол ашты. Осы театрдың тәлімімен сатира мен сауық майталмандарының тұтас легі тәрбиеленіп шықты.
1996 жылы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заң өз елімізде қабылданып, саладағы ойын ережесін қалыптастырды. «Әнші балапан» өнерлі балалар байқауы халықаралық аренаға шықты. Қ.Болманов негізін салған «АБК» тобы шоу-бизнестегі алғашқы сәтті жобалардың бірі болды. Телеарналарда орындаушылардың бейнеклиптерін көрсету дәстүрге айналды. Ресейде хит-шерулер ұйымдастыру, жылдың үздік әншілерін анықтап, марапаттау сияқты халықтық таңдау әдісі енгізіліп, бұл біздің өнер ортасына да қозғау салды. Ал шексіз еркіндік пен сексуалдық төңкерісті дәріптейтін жобаларды жергілікті менталитет қабылдамай тастады. Музыкада түрлі тың бағыттарға қадам жасау басталды, алғашқы рэп-ұжымдар пайда болды. Тұңғыш отандық отбасылық телехикая «Перекресток» түсіріліп, кино мен драматургия саласына өзінше серпін берді. Қазақстандағы ең жас кәсіпкер әйел Құралай Нұрқаділова сән бизнесін дамытып қана қоймай, өз жобаларын әлемге паш етті. «Сымбат» сән академиясы мен San Bell агенттігі отандық фэшн-индустрияның тасын өрге домалата бастады.
Байқаулар белесі
90-жылдардың соңы мен жаңа миллениумның басына қарай отандық шоу-бизнес, жалпы алғанда, «төменшіктеу комплексінен» арылып, амбициямен әрекет етуге көшті. Қазақстандық орындаушылар қазақтілді, орыстілді деп екіге бөлінді. Фонограмманы жаппай қолдану етек алды. Отандық шоу-бизнес өкілдерін ынталандыратын «Алтын диск» сияқты сыйлықтар пайда болды, бірақ шынайы бәсекелестіктің дамымауы мұндай марапаттардың ғұмырын ұзаққа апармады. Алматыда өткен дәуір әндерін насихаттайтын ретрофестиваль өмірге келді. Республикалық «Жас қанат» байқауында жас талант Мәдина Сәдуақасова көпке танылды. «Бублики», «All Dавай!!!», «Мюзикола», «Дервиши» топтары ең танымал ұжымдарға, Рахат Тұрлыханов тинейджерлердің піріне айналды. Батырхан Шүкенов «А`Студиодан» бөлініп, жеке қызметін бастады. Елде сапалы дыбыс жазу мен эстраданы биік деңгейге көтеруді көздейтін продюсерлік орталықтардың саны көбейді. Әуен нарығына цифрлы жүйе еніп, өнім сату деңгейі біршама құлдырады. Альбомдардың ғаламторға көшуімен бірге аудиобейне өндіріс саласында қарақшылық та қарқын алды. Зияткерлік меншікті қорғауды күшейту керектігі жиі айтылғанымен, тұтынушылардың 90 пайызы қарақшылық өнімдердің кемшілігін сезіне қойған жоқ. Ойын-тойларда өнер көрсету бизнестің негізгі тетігі ретінде қалыптасты. Көңілді тапқырлар клубтары дами түсті. Кейін Астанада КВН-ның республикалық лигасы ашылып, Астана.KZ ұлттық құрамасы халықаралық кубок шеңберінде өнер көрсетуге жол тартты.
2000 жылдардың орта шені өнер мен шоу-бизнестің жаңа белесі болды. Бір күндік жобалар нарықтан ығыстырылып, «Ұлытау» фолк-рок жобасы, «МузАрт», «Орда», «Жігіттер» сияқты топтар жарқын фигураларға айналды. Халықтық музыканы электронды ырғақпен ұштастыру кейінгі сәтті ізденістерге серпін берді. Заманауи безендіру құрылғыларымен жарақтандырылған сапалы сахналар пайда болды. 2002 жылы Юрмалада қайта жанданған «Новая волна» халықаралық жас орындаушылар байқауына Қазақстанның атынан Дильназ Ахмадиева сазгер Жанбота Тұяқбаевтың «Атамекен-ай» әнімен қатысып, көрермендер көзайымы атанды. 2003 жылы ел ішінен жас таланттарды іріктеу мақсатымен республикалық телеарналардың бірінде Superstar.kz жобасы қолға алынды. Ол Алмас Кішкенбаев, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков, Мөлдір Әуелбекова, Нұржан Керменбаев сияқты жас әншілер тобының жолын ашты. Кейінгі жылдары осы өнерпаздардың ішінен «Новая волна» байқауына үздіктерді таңдау дәстүрі қалыптасты. 2003 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Ән мен әнші» бағдарламасы жаңа әндерді саралайтын дәстүрлі думанды концерт түрінде көрсетіле бастады. Бұл жоба қазақ эстрадасына жаңа есімдер мен жұлдызды жұптарды алып келді. Этникалық музыканы жаңғыртушы «Қоңыр» тобы – бағдарлама жетістіктерінің бірі. 2004 жылы Маржан Арапбаева Орталық Азия тарихында тұңғыш рет Халықаралық «Славян базары» байқауының ІІ жүлделі орнына ие болды. Голливуд әртістерінің қатысуымен түсірілген «Көшпенділер» фильмі тұңғыш қазақстандық блокбастер атанды. «Жұлдыздар отбасы» журналы мен шоу-бизнес әлемі жаңалықтарын жариялайтын басқа да бұқаралық ақпарат құралдары пайда болып, радио-телехабарлар көптеп ашылды. Қайырымдылық мақсатты көздейтін концерт-думандар өріс алды.
Жанды дауысқа жақындау
Бұдан кейінгі жылдары отандық шоу-бизнес әлемдік музыка бағыттарының қай түрі бойынша да жемісті еңбек ете бастады. Академиялық әуен мен халықтық музыка өкілдері дүниежүзіне танылып, Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова сынды орындаушылар әлемдік деңгейдегі дыбыс жазу студияларымен қоян-қолтық жұмыс істеуге көшті. Еліміздің рухани астанасы атанған Алматыда жұртшылықты биік мәдениет пен әлемдік опера этикетіне баулитын Вена балы өмір салтына енді. Думанды бизнес өкілдерінің үлкен бір тобы көне түркі дәуірінен жеткен музыкалық мұраны насихаттауға ден қоя бастады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жанынан құрылған «Тұран» этнографиялық ансамблі келешегінен зор үміт күттіріп отыр. «Майра» продюсерлік орталығы отандық эстрадаға тың серпін беретін бірнеше жобаны қолға алды. Ұлттық телеарнадағы «Екі жұлдыз» думанды бағдарламасы көрермені көп жобаға айналды. MuzZone 2009 сыйлығы бүгінгі шоу-бизнестің біраз тағдыр-талайды артқа тастап, біршама деңгейге көтерілгенін байқатты. Батырхан Шүкенов, Қыдырәлі Болманов бастаған кәсіби әншілер тарапынан фонограммаға шектеу қою керектігі айтылып, шоу-бизнестің алдағы мақсат-міндеттері айқындалды. «Қазақстан орындаушылар құқығын басқару қоғамы», «Демеу» продюсерлер мен орындаушылар одағы сияқты бірлестіктер ән бизнесіндегі авторлық құқықты заң жүзінде қорғауға қол жеткізді. Ойын-сауық, думан бизнесін өнер атаулының жан-жақты салаларымен кіріктіре дамытуға қадамдар жасалып жатыр.