"Оскар" алу үшін ұлтымды жамандауым керек": Болат Әбділманов өмірі, отбасы мен өнердегі жолы жайлы сыр шертті
Халыққа ұлы ақын Абайдың рөлін сомдап, танымал болған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" Орденінің иегері Болат Әбділманов Stan.kz тілшісіне сұхбат берді. “Актер – мамандықтардың төресі” деген театр және кино әртісі қазіргі жастардың өнеріне баға бере отырып, өмірі, отбасы мен арманы жайлы ой толғады.
Балаларымның таңдауына қарсы шықпадым
Мен 5 баланың әкесімін. Үлкен 2 қызым менің жолымды қуған жоқ. Олардан кейінгі Иманғали деген ұлым актер мамандығын тәмамдады. Ол енді-енді, өнерге тәй-тәй басып келе жатыр. Екінші ұлым қазір Отан алдындағы борышын өтеуде. Кенже қызым мектепті “Алтын белгімен” бітіріп, кино және режиссура мамандығында оқып жатыр.
Өз басым өмірде не істегім келсе, соны істеген адаммын. Әке-шешем тек сыртымнан бақылап отыратын. Маған ешқашан “былай істе, былай жүр” деген емес. Менің де балаларым өнерге барамын десе батамды беремін. Басқа мамандықты таңдаса да қарсы шықпадым.
Өмірге қайта келсем, қайтадан актер болар едім
Еш уақытта өнерге келгеніме өкінген емеспін. Актер деген менің ойымша мамандықтың төресі. Маған бір емес, бірнеше театрдан басшы болуға ұсыныс түсті. Оның барлығынан бас тарттым. Егер бұл өмірге қайта келсем, қайта актер болатын едім. Өткеніме ешқашан өкінбеймін. Осы мамандықты таңдап, осы жүріп өткен жолыма мен бақыттымын. 16 жыл, 20 жыл үйсіз жүрсем де, отбасымда түрлі жағдайлар болып, қиналсам да, осы жұмысымнан ләззат аламын. Менің жасымда Алаштың арыстары ұлты, тілі, идеясы үшін түрмеге қамалды, жандарын қиды. Қаншама азапты, қорлықты көрді. Ал олардың жанында менің 16 жыл орыстың жертөлесінде, түріктің қорасында тұрғаным түк қиындық емес!
Халықтың санасын улайтындарды соттау керек
Қазір киноларды көріп отырып, актерлердің айтып жатқан анайы сөздерінен бетіңнің оты шығады. Мұндай сөздерді экранда солай көрсетуге бола ма? Ауыздарынан ақ ит кріп, көк ит шығады. Оны жастар көріп отыр, ертең олар кім болып шығады? Жас қыздардың өздері осылай сөйлейді. Оның бәріне қазіргі өнер кінәлі. Мұндай туындыларды жасап, жұрттың санасын улап отырған адамдарды соттау керек. Себебі қылмыскер бір адамды өлтірсе, халықты тобыр етіп, жастарды анайылыққа, жамандыққа баулыған режиссер мың адамды “өлтіреді”. Қазіргілер қаралым үшін жұмыс істейді. Енді кешіксек, мүлдем құритын түріміз бар. Сондықтан бізге көркемдік кеңес керек. Оның құрамында академиктер, философтар, өмірді көрген сауатты, адамдар болуы қажет.
Баланың обалына қалмау керек
Біздің елімізде еліктеушілік қатты байқалады. Кішкентай кезінен балаларын өнерге сүйреп жүреді. Әрине, балалардың рухани дамуын қолдаймын. Алайда оның таланты болмаса, еркінен тыс анда сүйреп, мында сүйреп обалына қалмау керек. Бәлкім, болашақта актер немес әнші болмаса, керемет бір инженер я басқа мамандықтың иесі атанар. Сондықтан адам өз жан дүниесін тыңдап, қабілетіне қарай мамандыққа бет бұру керек. Мәселен, қазір Димаш Құдайбергенді көріп алып, бәрі балаларын әнші қылмақшы. Дегенмен оның таланты бар ма, жоқ па қарамайды.
“Оскар” алу үшін ұлтыңды жамандау керек
Еңбекпен келген дүние болса, әртіс “жұлдыз ауруымен” ауырмайды. Өйткені ол соған еңбектеп тырмысып, әр баспалдақты басып, соның бүкіл қаттысы мен жұмсағын, бүкіл қиындығын көріп өседі. Ақыл-ойы, парасаты бар адамдар, өнерге шынмен берілгендер “жұлдыз ауруы” деген не екенін де білмейді. Ал “жұлдыз ауыруымен” ауыратындар тез әрі оңай келген атаққа мастанып қалады. Олар мен не істесем де, қол шапалақтап, халық қабылдай береді деп ойлайды...
Біз осы шетелге еліктеп, “Оскар” алса, өнердің биігіне шықтық екен деп ойлаймыз. Баяғыда орыстың бір ұлығынан “Не үшін саған Оскар берілмейді” деп сұраса, әлгі кісі "Мен өз ұлтымды, өз мемлекетімді жамандасам ғана Оскарға қолым жетеді" деп айтқан көрінеді. Сол марапатты алдың делік, ал өз халқың сені мойындады ма? Неге соны ойланбасқа?
Сахнаның төбесінен құлап, аяғымды сындырдым
Жастар театрында өнер көрсетіп жүргенде сахнаға алғаш шыққан кезім. Ол уақытта әскерден оралғанмын, жасым 25-те. Өнер академиясынан кейін, әскерде жүріп актер болуды ұмытыңқырап қалдым. Сахнада рөл сомдау ыңғайсыз, өзіңді-өзің сезіне алмайтын сондай уақыттар болды. Сол кезде Нұрқанат Жақыпбаев Ғ. Мүсірепов театрында Мар Байджиевтың "Кожожаш мерген" деген спектаклін қойды. Қырғыздар ол туралы "Ақ барыстың ұрпағы" деген кино да түсірген. Сонда маған басты кейіпкер –Қожожаш мергеннің рөлін сомдауға берді. Кейіпкердің өзі – жартылай жалаңаш, тау-таста жүрген, кәдімгі Маугли сияқты таудың жабайы батыры. Анда бір секіріп, мында бір секіріп, әйтеуір жаңағы таудың, даланың батырын өзімше кейіптеп жүрмін. Содан бір күні спектакльдің тұсаукесерінде өнер көрсететін болдық. Мен бұларға бір тосынсый жасайын деп сахнаның шетінен емес, биік тауда жүретін кейіпкер ретінде төбесінен шығуды ұйғардым. Ол жаққа ешқашан шығып көрмегенмін, бірақ өзімше бір керемет дүние тапқан сияқты болдым. Сол жаққа шығып кеттім. Сөйтсем, сахнаның үсті өзінше бір әлем екен, әрең деген шығып алдым. Арқанды байлап, төменге қарасам, сахна деген анау терең құз сияқты. Әлгі арқанмен өзімше сахнаға түсе бастадым. Сахнаға түскенге дейін көп жүру керек. Мен ең биігіне шығып алыппын, асты жаққа бір қарап қоямын: елдің бәрі мені іздеп жүр. Спектакль жүргізетін апай жүгіріп жүр. Енді музыка кетті мен шығып мылтықпен атуым керек. Ешкілер тұр, оқ дауысы шыққан жоқ, олар не істерін білмейді. Мен ана жақтан әлі түсіп келе жатырмын. Бір уақытта сахнаның ортасына келіп қалған сияқты болдым. Содан ары қарай тәжірибем жоқ баламын ғой, қалған жерге секіріп түсейін деп қолымды жібере салғаным бар. Сөйтсем, жерге әлі жетпеген екенмін. Әлгі жерде тура сахнаның ортасына топ етіп түспеймін бе! Аяғымда биік өкшелі етік, арқамда мылтық, қанжарым, арқаным бар. Құлағанда аяғым шым ете қалды, сол салмақ бір аяққа түсті ғой деймін. Басқалары да шошып кетті, не болғаны түсінбей дал, көрермен де аңдып отыр. Енді мен ары қарай ойнауым керек. Өзімше аяғым басқызбаса да, рөлімді сомдап жүрмін. Енді ол жерде аяғымның ауырғанын мен көрсетпеуім керек. Не керек, ет қызумен кейіпкерімді ойнап шықтым. Спектакль бітіп, етігімді шешейін десем, шешілмейді. Сөйтсем, тобығым шытынап кеткен ғой. Сондай бір қызық оқиға болған.
Қазіргі жастар Әділ Ахметовке қарап, талантын шыңдауы керек
Жалпы кез келген азамат актер актер болып, киноға түсемін десе, өнер жолын міндетті түрде театрдан бастауы керек. Театр деген актер үшін нағыз шеберхана ғой. Мысалы, пианистер бір-екі күн пианино ойнамаса, саусақтары қатып, ойнай алмай қалады ғой. Актерлік өнер де сол секілді. Іштегі сезім әр уақытта жаңарып, санасы, ойлау қабілеті темпераменті, бүкіл энергетикасы ояу болуы қажет...
Бізде талантты жігіттер өте көп. Дегенмен мен олардың ішінен Әділ Ахметовті атап өткім келеді. Мен оны өзімнің ұстаздарым Әнуар Молдабеков, Нұрмахан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаевтардың мектебімен байланыстырамын. Осы жол нұсқаушы үш адамның артынан еріп, солардың жарығына қарай ұмтылып келе жатқан актер осы – Әділ Ахметов. Әрине, басқа да талантты актерлер жетерлік. Бірақ олар дәл сол Әділ Ахметовтей үздік болуы керек. Соның бағытын ұстануы керек. Ноғайбаевты, Молдабековті, Жантөринді көрмеген жастар Әділдің ойынына қарап, талантын шыңдауы қажет.
Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube арнамыздан тамашалай аласыздар.
Сұхбатты дайындағандар: Гүлсезім Мұхатай
Нұрсұлтан Нұрманбек