Оралдағы қазақ театры 20-ға толады
Биыл Жайық өңірінде Қазақ драма театрының ашылғанына 20 жыл толмақшы. Өнер ордасын ашу түгіл, жан бағудың өзі қиындап кеткен 90-жылдары, нақты айтқанда, 1993 жылы дүниеге келген театр алғашында қаланың шетіндегі жөндеу зауытының мәдениет үйіне қоныстанған-тын. Ескі ғимаратты театр сахнасына ыңғайландыру жұмыстары қойылым репетицияларымен қатар жүргізілді. Сөйтіп, 1993 жылдың 16 желтоқсанында – тура Тәуелсіздік күні театр М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен шымылдығын ашып еді. Сол күні театрдың 500 орындық залына сыймаған халықтың жартысы іштегі көрерменді күтіп жүріп, сыртта, қақаған суықта қой сойып, дастарқан жайып, ұлан-асыр той жасағаны әлі есте.
Орал театрының аяғынан тұрып кетуі үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 20-ға жуық кәсіби маман шақырылды. Атап айтқанда, сол кездегі артистердің басын құрап, театрдың тарихындағы алғашқы қойылымдарды сахналаған режиссерлер Жамбылбек Есенбеков пен Елкен Жылқышинов – Арқалықтан, ҚР еңбек сіңірген артистері Қайыпберген мен Шаһарбану Есенқұловтар – Жезқазғаннан, театрдың алғашқы директоры әрі артист Амантай Сұлтанғалиев пен ҚР Халық артисі Гүлнар Жақыпова – Атыраудан, Мұрат Ахманов пен Хазима Нұғманова – Талдықорғаннан, жас түлектер Боранбай Молдабаев, Жанкелді Тілекқабылов, Айнұр Тілебалдиева (Жүгінісова) – Алматыдан, Мықтыбай Жылыбаев – Қызылордадан, Темірболат Есенғалиев – Шымкенттен, Сайлау Сембаев, Сәтқали Әуелбаев – Атыраудан, Тельман Имашев, Гүлбаршын Әбішева, Бибігүл Исалиева, Мұсағали Бектенов, Бақтыгүл Жақыпова Оралдан және облыс аудандарынан келді.
Қысқа мерзім ішінде театр ұжымы жаңа буын артистермен толығып, кәсіби өнер ордасына айналды. Олай деуіміздің дәлелі, шаңырақ көтергеніне небәрі бес жыл болғанда театр ұжымы алғаш рет Тараз қаласында өткен VІ республикалық театрлар фестиваліне қатысып, С.Асылбековтің «Бір түнгі оқиға» (режиссері М.Ахманов) драмасымен фестивальдың бас жүлдесін қанжығасына байлап қайтты. 2003 жылы Орал қаласында ұлы Махамбеттің 200 жылдығына арналған ХІ республикалық театрлар фестивалінде Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясымен І орынды жеңіп алды. 2008 жылы Ақтау қаласында өткен ХVІ республикалық театрлар фестивалінде режиссер Мұқанғали Томановтың «Калигула» қойылымы «Ең үздік дебют» аталымына ие болды. 2012 жылдың қазан айында Қостанайда өткен І.Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестиваліне Г.Гориннің «Атың өшсін, Герострат!..» трагикомедиясымен (ауд. Қ. Төлеуішев, реж. М.Томанов) қатысып, жеті аталым бойынша жеңімпаз атанды. Айта берсе жетістік аз емес.
Мұрат АХМАНОВ, ҚР еңбек сіңірген артисі, режиссер, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы:
– Ашылғаннан кейін де қаншама қиындық болды. Екі жылдан кейін режиссерлеріміз кетіп қалып, қойылымдарды үлкен тәуекелге барып, өзіміз қоюға мәжбүр болдық. Бірақ, шүкір, театр жабылмады, қиын кезеңнен аман өттік. Орал театрының менің өмірімдегі орны ерекше. Шығармашылығыма, отбасылық өміріме де үлкен өзгеріс алып келді. Егер сол кезде Талдықорған театрынан Оралға кетіп қалмағанымда, театрда әлі қатардағы актер болып жүре берер ме едім, кім біледі?! Режиссер болар ма едім, жоқ па? Қазіргі биігіме жетуіме Орал театрының ықпалы өте зор.