Шығыс Қазақстан облысының рухани-мәдени өмірінде соңғы жылдары берік орын алған дәстүрлі халықаралық «Шығыс шынары» жыр мүшәйрасы тағы да бір топ талантының мәртебесін асқақтатты. Ойларынан өлең өрген ақындардың ағыл-тегіл жырына еркін сусындаған өңірдегі осы бір бәйгені бүгінде жырсүйер қауым асыға күтетін болды. Осымен төртінші рет туын желбіреткен поэзия фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен, көршілес мемлекеттерден келген шайырлар шабыттана жырларын оқыды.
Қазақ әдебиетінде өрнегі бөлек құнарлы шығармаларымен қолтаңбасын қалдырған жазушы Оралхан Бөкейдің 70 жылдығымен орайлас келгендіктен, мүшәйра тақырыбына Өр Алтайдың сұлу табиғатын суреттеумен қатар, қаламгер тұлғасы арқау болды. Ерекшелігі сол – бұл мүшәйра облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен тұрақты өтіп келеді.
Биылғы мүшәйра басталарда ақындар алдында ағынан ақтарылған өңір басшысы алдағы уақытта жыр мүшәйрасына Қытай, Ресей, Моңғолия елдерінің шайырлары да қатысса деген ұсынысын білдірді. «Бұл Шығыс Қазақстанның шетелде де насихатталуына, еларалық әдеби-мәдени байланыстардың дамуына жол ашады.Шығысқа елімізге белгілі қаламгерлер қауымының келуі біз үшін үлкен қолдау. Өңірімізді насихаттауға, абыройын арттыруға көп көмегін тигізеді», – деді Б.Сапарбаев.
Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын:
– Шығысымыздың шырайы мен шұрайын келтіріп тұрған, Алтай мен Тарбағатайдың, Зайсан мен Марқакөлдің, Алакөлдің, еркелеген Ертістің, Барқытбелдің Қоңыраулы көлінің барша сұлулығын, Өр Алтайға тартып өскен ер мінезді жұрттың тұлғасын жырлап жатқан мұндай фестиваль шығыс өңірінде ғана бар деп мақтанышпен айтамыз. Кезіндегі Көкшетау, Жасыбай, Алатау, Жетісудың сұлулығы жұртқа поэзия арқылы жетсе, бүгінде шығыстың сұлулығы да жеке жырланып келеді. Мұның барлығы «Шығыс шынары» фестивалінің арқасы.
Халықаралық жыр мүшәйрасының ынталандыру сыйлығын Толыбай Абылаев (Қызылорда, Арал) пен Саят Қамшыгер (Алматы) иеленді. Байқаудың арнаулы жүлделеріне алматылық Мыңбай Рәш, Ғалым Қалибек, Роза Сейілхан және қарағандылық Бағдат Мүбәрак лайық болып шықты. Үшінші орын жүлдесін өскемендік Серік Ғабдоллаұлы (Өскемен), Ақберен Елгезек (Астана), Ерлан Жүніс (Алматы) иеленсе, екінші орын биігіне есімдеріне ел қанық Әмірхан Балқыбек (Алматы) пен Бақытгүл Бабашқызы (Атырау) көтерілді. Ал облыс әкімінің арнайы жүлдесін бүгінде оқырман қауым жырларын сүйсіне оқитын Қалқаман Сарин иеленді. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген арыны алапат ақын Сұраған Рахметұлы бірінші орын иегері атанды. Жыр бәйгесінің бас жүлдесі Зайсан топырағы түлеткен талант, қазақтың көрнекті ақын қызы Гүлнар Салықбайдың еншісіне тиді.
Өр Алтай төріндегі өлең оты
Последние статьи автора