Жуырда Тараз мемлекеттік педагогикалық институты жанынан «Мәдениет және өнер» колледжі ашылды. Бұл мәселе Қанат Бозымбаев облыс әкімі болып тағайындалғанда айтылған еді. Араға жылдар түскенімен ақыры шешімін тапты. Колледж ашудағы басты мақсат - қазақ халқының өнерін дамыту, ұлттық мәдениет пен дәстүрлі өнерді насихаттау және аймақтың талантты жастарын шыңдау болып отыр.
Есігін айқара ашқан жаңа колледж «Аспаптық-орындау және музыкалық өнер эстрадасы», оның ішінде фортепиано, халық аспаптар, эстрадалық, үрмелі және соқпалы аспаптар, «Хор дирижеры», «Хореография өнері», «Бейнелеу өнері және сызу», «Музыкалық білім беру», «Кітапхана ісі» бойынша мамандар дайындайды. Колледжде заманауи үлгіде жабдықталған 6 жеке дайындау аудиториялары, 1 хореография залы және оркестр класы бар. Оқытушылар тарапынан білімгерлерден құралған халық аспаптары, эстрадалық-симфониялық оркестрлері мен би ансамблі және білімгерлер хорын құру мақсатында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қолдаумен талантты жастарға Жамбыл облысы әкімдігі қаулысының негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлініп, өнерлі және дарынды 80 білімгер мемлекеттік грант иегерлері болып білім алуда. Спорт және өнер саласында халықаралық, республикалық деңгейде жетістігі бар білім алушыларға институт ректорының гранты тағайындалған, сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге, білім үздіктеріне институт тарапынан оқу төлемақыларына жеңілдіктер берілген. Колледжде сапалы білім алуға, білім алушылардың шығармашылық қабілеттілігін арттыруға және өнер мен мәдениет саласының жоғары білікті мамандарын дайындауға барлық жағдай жасалған. Өнер ордасының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Қанат Бозымбаев: «Бүгін лентасы қиылған Мәдениет және өнер колледжі – талантты жастарды тәрбиелеуге қамқорлық жасаудың нақты көрінісі. Әулиеата жері өнер таланттарына ешқашан кенде болған емес. Келешекте республикалық, халықаралық сахнада өнер көрсететін таланттарды, білікті мәдениет қызметкерлерін көптеп шығаратын білім ордасына айналады деп сенеміз.Бұл жаңа оқу орны көпшіліктің тілегімен, облыс әкімдігі мен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ашылып отыр» деді.
Өнер колледжі ашылды
Последние статьи автора