Өлеңмен өрнектелген құрмет пен ізет
Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде көрнекті жазушы Софы Сматаевтың «Ағаларым – жағаларым, інілерім – ірілерім» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кеш барысында КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, қоғам қайраткері Сағындық Кенжебаев, академик Баян Рақышев, Өнер академиясының профессоры Дариға Тұранқұловалар авторға жылы лебіздерін білдірді. Ғаббас Қабышұлы, Аян Нысаналин, Қуанышбай Құрманғалиев сынды ақын-жазушылар кітаптың мән-мазмұны жайында келелі әңгіме өрбітті. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері Софы шығармаларынан сахналық қойылым көрсетті.
Кітаптың аты айтып тұрғандай, мұндағы шығармалар автордың көзі көрген ағалары мен замандас інілері жайында жазылған. Және барлық дүниелері өлең тілімен өрнектелген.
Ұлтымыздың бірегей тұлғалары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов, Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов, Қасым Қайсенов, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Амангелді Сембин, Нұрғиса Тілендиев, Шыңғыс Айтматов, Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов, Шәмші Қалдаяқов, Әбіш Кекілбаевтардың кісілік келбеттері, азаматтық болмыстары кеңінен ашылған.
Қаламгердің Абылай ханға тағзымы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа деген сыры да осы кітаптан орын алған.
Ғаббас Қабышұлы, жазушы:
– Біз Софы екеуміз ойымызды ашық айтып жүреміз. Ашық айтқаннан кейін ұнай бермейміз. Бізді оппозиция дейтіндер де бар. Біз ешқандай да оппозиция емеспіз. Софы екеуміз бар болғаны шындықты айтқымыз келеді. Елдің жайын ойлағаннан кейін ғой мұның бәрі. Ал мына кітабында Софы жылы дүниелерін жариялапты. Ағаға деген құрметін, ініге деген ізетін білдірген. оқырманына жетуіне тілектеспін.
Аян Нысаналин, ақын, сыншы:
– Бұл кітапты жарық көрген сәтінде-ақ ықыласпен оқып шықтым. Бұл бір күннің шаруасы емес, жылдардың жемісі. Үлкен еңбекпен жазылған. Бізде естелік, эсселер бар. Бірақ өлеңмен жазылғандары аз. Көзі көрген тұлғалардың болмыс-бітімін суреттеп, тұтас бір кітапты арнау оңай шаруа емес. Және мұндағы естеліктер «кездесіп едім», «көріп едім» деген құрғақ сөздерден тұрмайды. Қарасөздің шебері санатындағы Софы Сматаев сырын жырымен жеткізуде де шеберлік танытқан. Мен бұл кітапты сәтті дүниелердің қатарына жатқызамын.
Бұған дейін бірнеше прозалық кітаптарды жазған, «Елім-ай» сынды толымды дүниелерді тудырған көрнекті жазушы, ақын Софыян – Софы Сматаев кітабының тұсаукесер кешін өзі қорытындылап, жиынға келгендерге рақметін айтып, сиясы кеппеген төрттаған жырларын оқып берді.