Ол халқын қалай сүйсе, халық та оны солай сүйді...
Лашын ӘЗІМЖАНОВА, Мұқағали Мақатаевтың жары:
Мебельді ауыстырып қоюды жақсы көретін
...Мұқағали орны бар, еңбегі бар ақсақалдарды қатты сыйлап өтті, алдынан кесіп өтпей, сол адам өткенше күтіп тұратын. Ақкөңіл, адалдығында шек болған жоқ. Мінезі өте тік, кей адамдар осы үшін де оған қарсы тұрды. Анда-санда Мұқағалидың тік мінезіне менің «мінезім» де сайма-сай келе кететін. Екеуміз аяқастынан «тіресіп» қаламыз. Бірақ ол райынан тез қайтады. Ақкөңіл, ақ еділ емес пе, үй-ішіне кек сақтауды жек көрді. Көбінесе мұндай тіресу бірдеңе жетпегендіктен туатын болуы керек.
Ол үнемі мебельді ауыстырып қоюды жақсы көретін. Көп мебеліміз жоқ. Мен мектепке жұмысқа кетсем, балаларға столдарды сүрткізіп, орындарын ауыстырып қойыпты. Бірде осындай ауыстырудан кейін бір жолдастың әйелі келіп еді:
– Немене, мебель алғансыңдар ма? – деп жан-жағына қарап қалды.
– Жоқ, ә. Бұл Мұқағалидың жалыққанда істейтін бір физкультуралық жаттығуы ғой, – деп шынын айтып едім, Ғайни қатты таңданып қалды...
Бала ұстауға да, күтуге де шебер болды
Мұқағали бала ұстауға да, күтуге де шебер болды. Шолпанымыз туған соң, мен бір жылдан кейін жұмысқа шығып кеттім. Соны әкесі мен балалар күтіп, мені іздетпеді. Мұқағали балаларын жанынан бетер жақсы көрді. Даладан қандай ашуланып келсе де, балаларын көргенде майдай еритін. Төрт перзентінің маңдайын шертпей өтті. Айбар деген баламыз өте қыңыр, шатақ болып өсті, бірақ Мұқағали Айбар десе, ішкен асын жерге қойды, тіпті оның сондай шатақ мінездеріне сүйсініп отыратын. Ең кішкенеміз Шолпан деген қызын «Менің кішкентай поэзиям» деп кетті.
Мұқағали өлең жазумен бірге, шахматты, аңға шығуды, балық аулауды өте жақсы көрді. Бір жылы көктемгі балалардың демалысында Мұқаң желігіп, Қапшағайға барып, балық аулап келемін, балаларыма теңіз көрсетемін деп болмады. Балық аулайтын неше түрлі құралдар сатып алды. Азық дайындап бердім. Балаларын ертіп, автобуспен Қапшағайға таңертең кетті. Кешке жақын шаршап-шалдығып бәрі үйге келді. Барса, Қапшағай көкпеңбек мұз, қатып жатыр екен. Міне, осындай бір әпендешілік болғаны бар.
Ауырмай, сау отырған бостау кездерінде дұрыс, дәмді тамақ ішуді жек көрмейтін. Көңілі келсе, палау басатын. Оны Бұхар палауы, Наманган палауы деп ат қойып, жетіспеген жерлерін, дәмділігін, сұлулығын сөзімен толтырады. Үйдегі сынған нәрсені бабына келтіріп жөндеп те жіберетін. Мұқағали анда-санда балаларына да, үлкендерге де көрсетпей насыбай ататын-ды. Ал үлкен шығармалар жазғанда тамақты да, басқаны да ұмытады. Есіне салып, әлсін-әлі шақырып, дастарқан басына сүйрегендей етіп әрең келтіресің.
Ақынның достары
Мұқағали өзі қатарлы білімді адамдармен тез тіл табысып, достасып кететін. Бірде Қалжан Нұрмақановты үйге ертіп келіп, бізбен таныстырды. Бірде Қажығұмар Қуандықовпен бірге келді. Ол кісіні «қазақтың тұңғыш зерттеушісі» деп таныстырды. Әнуарбек Дүйсенбиевті де әрі құрдасым, әрі туысым деп жақсы көруші еді. Орыс жолдастары да болушы еді. Геннадий Кругляков деген ақын келіп жүретін. Оған бір жинағын аудартпақ болды, кей жерде аударма Мұқағалидың көңілінен шықпай жататын. Сергей Киселев деген әрі жас, әрі талантты ақын болды. Оны да әкеліп жүрді. Кейін оны емделуге жіберді, сонда да ол үзбей хат жазып тұрды. Бұл жігіт те арманына жетпей кетті. Андрей Вознесенскиймен де танысып та, табысып та қалған жайы бар. Украин ақыны Е.Летюк, ақын А.Елковтар да Мұқағалидың дархандығына бас иді.
Мұқағали әсіресе өзінен кейінгі сөздің қадірін білетін студенттерді, жас, жаңа жаза бастаған ақындарды топ-тобымен ертіп келетін. Мен басқа ештеңе болмаса да, қысы-жазы арпадан, тарыдан көже ашытып қоямын. Мұқаң жаңағы жүрегінде алауы бар жастарды үйге кіргізіп, қатарлап отырғызып қойып: «Мынау көже – атаңның асы, іш!» – деп беріп жатады. Жасыратыны жоқ, көңілдің хошы жоқта бәрін қуып шығамын. Оны Мұқаң есептемейді, кек тұтпайды, ертесінде нөкерлерін тағы ертіп келеді. Балалар қалай болар екен деп, есік жақта иіріліп тұрады. «Ой, қызталақтар! Жоғары шығыңдар! Жеңешең оттай береді, оған қарама!» – деп, ашыған көжесін беріп жатады дарханым. О да бір қатты сағындыратын дәурен екен ғой!!!
Досы өлеңі еді
Мұқағали өлеңді көбіне түнде жазатын. Ертесіне бізге «бүгінгі жоспар орындалды» дейді. Бұл өлең тыңдауға келіңдер деп шақырған белгісі еді. Өлеңінің бірінші сыншысы да, тыңдаушысы да өзіміз боламыз. Ақын жас бала сықылды ғой. Мұқағалиға «Анау сөзің керемет! Осындай халықтық сөздерді қайдан таба қоясың?» десек, соған да мақтанып қалатын. Осыған қарағанда, ақын нәзік жанды, сәл нәрсеге ренжитін осал әрі періште адам ғой деп есептеймін. Сондай айдарынан жел ескен алып Мұқағалиды ренжітіп, жетімсіретіп қою оңай еді.
Айнымайтын, айналмайтын, ашуланбайтын серігі, досы өлеңі еді. «Өлең жазғанда бір жасап қаламын» дейтін. Өлеңін оқығанда даусы кең, шалқып-тасып жатады, әр сөзі түсінікті. Өлеңін көңілді отырғанда ғана оқитын, дауыста ешбір мүкіс жоқ, өзі қандай зор болса, даусы да сондай таза, мөлдір, еріксіз ұйып тыңдап қаласың. Өлеңі – тынысы, алдамайтын адал досы, жұбаныш-үміті, жанашыры, қуанышы, сырласы-мұңдасы болды. Өлеңді де, ақынды да қадірлеп өтті. Жыр жазған дәптерлерін жетісіне, айына бір қарап, аялап, түгендеп, қайта оқып, кейіннен жетпеген жерін қайта жазып, түзетіп, реттеп қоятын-ды. Мұқағали алғашқы жылдарда өлеңдерін ептеп түзейтін, ал кейінгі жылдары өлеңді алдын ала ойлап-толғап алып, дәптерлерге бірден жазып тастайтын. Жазуы өте сауатты, түсінікті болатын-ды. Өлеңді көбінесе күзде, қыста өндіріп жазып тастайтын. Мұқағали күзді қатты ұнатты...
Жазушылар одағын Мұқағалидай сүйген адамды көрмедім
Мұқағали Жазушылар одағын өз жылы ұясындай, жығылса, сүйейтін, қысылса, көмектесетін туған ағасындай, кең тыныс алатын ақ ордасындай көрді. Жазушылар одағы есіне түссе, «одаққа барамын» деп, жазып отырған өлеңін тоқтатып қойып, дереу жиналып шығып кететін. Сөйтіп, «одағым, одағым» деп өтті Мұқағали. Жазушылар одағын Мұқағалидай сүйген адамды көрмедім.
...Мұқағали кірпігі әрең қимылдап, емханада жатыр. Әбден арыған. Сөйлеуге де шамасы жоқ. Сөйтіп жатып, бар күшін жинап, соңғы рет сөзге келді: «Лашын, такси әкел, одаққа барайық... Балаларым жас еді... Бітпеген жұмыстарым бар еді...» – деп сыбырлап әрең-әрең айтып шықты. Міне, қасірет деген көзіме жаңа көрініп тұр. «Мұқағалиды көретін көзім қазір соқыр болып қалсашы!» деп еңіреп тұрмын. Айтуға тілім жетпейді дәл мына сұмдық суретті. Мұқаңның айтқанын емдеуші дәрігерге айтып едім: «Сіздің есіңіз дұрыс па, мынадай жағдаймен ауруды таксимен алып жүремін дегеніңіз надандық қой, одан да жақындарыңыз болса, хабарлай беріңіз», – деп сөзімен, пейілімен емдейтін дәрігерім төбемнен қос жұдырықпен бір-ақ соғып, шала өлтірді. Сүмірейіп, өлігімді сүйреп үйге жеттім. Ертесінде тілі мүлде жоқ болып қалды да, түн ауғанда қайтыс болды...
Мұқағали тілі бай халық тілі еді. Ол халқын қалай сүйсе, халық та оны солай сүйді...
Лашын Әзімжанованың естелігінен ықшамдалып дайындалды.
(Мұқағали: Күнделік – Алматы: «ҚазАқпарат», 2009)