ҚР мәдениет қайраткерi, актер Жүсiп АҚШОРА:
«ОЛ ӨЛЕҢДI АҒАНЫҢ ӨЗ АУЗЫНАН ЕСТIГЕНМIН»
Шәмшi Қалдаяқов – ақын!
Осылай десек, «композиторды ақын дегенi несi?» деп бiраз адамның бiздi сауатсыздардың санатына жатқыза саларын iшiмiз сезедi. Десе де, ұлы композитордың өлеңге де таласы болғанын көзкөргендерден әркiм-әркiм айтып қалады. Ән мәтiндерiне деген талғампаздығының өзi Қалдаяқовтың қара өлеңге қаражаяу еместiгiн аңғартатындай. Тiптi, мәтiнiн де өзi жазды делiнетiн «Қол созып, құшақ жайған қандай адам?» туындысын әнге салмай оқып көрсеңiз, Сiз де Шәмшi Қалдаяқов ақын деген пiкiрмен келiсер едiңiз деп ойлаймын. Сөйте тұра ол өзiн ақынмын деп есептеген жоқ.
Белгiлi өнер иесi, «Шаншар» театрының көркемдiк жетекшiсi Жүсiп АҚшора шағын отырыстарда «Шәмшi ағаның өз аузынан естiген әнiм едi» деп атақты «Ақ Жайықтың» әуенiмен керемет бiр әнге салатыны бар. Мәселе – Жүсiп дос айтып жүрген әннiң әуенiнде емес, сөзiнде. Осы өлеңнiң кейбiр жолдары қазақтың қара өлеңдерiнде кездескенiмен, кейбiр жолдары расымен-ақ композитордың өз жанынан шыққандай әсер қалдырады. Оның үстiне Шәмшi Қалдаяқовтың өзi бұл әндi орындағанда бәлкiм шыны, бәлкiм әзiлi, «сөзi өзiмдiкi» деген. Бiздiң Жүсiп Ақшорамен бүгiнгi әңгiмемiз де осы бiр ғана әннiң төңiрегiнде өрбiдi. Сонымен...
– Жүке, Қалдаяқовпен қалай кездесiп жүрсiз?
– Бұл оқиға шамамен 1983-84 жылдары болды-ау деймiн. Жетiсайдағы әртiстiң оқуын бiтiрiп келiп, туған жерiм Отырар ауданындағы «Шәуiлдiр» совхозында трәктiрiстiң оқуын оқып жүргенмiн. «Шәуiлдiр» совхозы дегенiңiз – қазiргi Көксарай ауылы. Оны оқуым да қызық. Естерiңiзде болса кешегi кеңес өкiметiнiң тұсында мынау Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында үлкен СПТУ болды. Сол кiшкентай ауылдағы СПТУ-дiң бiздiң ауылда филиалы бар едi. Директоры Темiрхан деген кiсi жақын ағам. Трәктiрiстердi оқытады демесеңiз, өзi өнерге өте жақын, домбырамен ән айтады, қонақ күткендi жаны сүйедi. Сол кiсi «бос жүре бересiң бе? Мына СПТУ-дiң бөлiмшесiн бiтiрiп ал. Бiр мамандық болып тұрады. Оның үстiне әжептәуiр стипендиясы бар» деген соң сол оқуға кiрiп кеткенмiн. Шынында да, стипендиялары кiшiгiрiм бiр айлыққа жақын едi. Күнде барып оқимыз. Сабақ бiткен соң өнерге жақын бiрнешеуiмiз қалып, жаңа әндер үйренемiз. Темiрхан ағамның тiкелей бастығы – Шұбардағы СПТУ-дiң директоры. Естуiмiзше ол кiсi де өнерге жақын жан екен, тiптi атақты Шәмшi Қалдаяқовтың досы көрiнедi. Сол бастығына Темiрхан ағам «Шәмшi Қалдаяқовты бiздiң Көксарайға ертiп келсеңiзшi» деп қолқа салады екен. Темiрхан ағамның тiлеуi қабыл болып, әлгi бастығы бiр күнi Шәмшi Қалдаяқовты Темiрхан ағамның үйiне қонақ етiп ертiп әкелдi. Темiрхан ағам үйiндегi сол отырысқа «Шәмшiнiң әндерiн шырқайсыңдар» деп мектепте ән-күйден сабақ беретiн Салман Төлендиев екеумiздi де шақырды. Салман – мамандығы математика пәнiнiң мұғалiмi болғанымен, нотаны өз бетiнше үйренiп алған керемет талантты әншi жiгiт. Екеумiз той-жиындарда өнер көрсетемiз. Өзi баян тартады.
Келiсiлген уақытта барсақ, совхоздың директоры, парторгы, рабочкомы дегендей тегiс жиналған екен. Салман екеумiз Шәмшi ағаның сөзiн ақын Қадыр Мырза Әлi жазған, көп орындала бермейтiн «Шалқыған Шәуiлдiр» деген әнiн айттық. Әндi айтып жатқанымызда Шәмшi аға бiздi кiлт тоқтатып қойып, қатемiздi түзетiп отырды. Алғашқы әсерiм – ұлы композитор өте көңiлшек адам сияқты көрiндi. Сәл нәрсеге қамығып қалатындай. Совхоз басшылары «Шәке, Сiздiң әндерiңiздi елдiң бәрi де айтады. Әншiлердiң шырқағанын да естiп жүрмiз. Ендi өз аузыңыздан естiсек, дұрыс болатын едi» деп қолқа салды. Шәмшi аға «мен ендi... үлкен сахнаның әншiсi емеспiн. Анда-санда өз арамыздағы отырыстарда айтқаным болмаса...» дедi. Мына сөздi естiген соң көпшiлiк одан сайын «өзiңiз шырқаңызшы, даусыңызды бiр естиiкшi» деп қиылып тұрып алды. «Е-е, онда айтсам айтайын. Бұл менiң өзiм шығарған өлеңiм едi» деп орнынан көтерiлiп, арқасын қабырғаға сүйеп тұрып, «Ақ Жайық» әнiнiң әуенiмен шырқай жөнелдi.
Ауылым көшiп жатыр, қонып жатыр,
Пенденiң қай арманы, жiгiттер, болып жатыр- ей?
Қырықтың қырқасына келгенiмде,
Кеудеде арман деген, жiгiттер, толып жатыр-ей.
Гауһардай көзiң,
Шекердей сөзiң,
Құрбыңды-ай ғашық қылған,
Жаным-ау, жалғыз өзiң-ей.
«Бұл қырыққа келгенде айтқаным едi, ендi елуге келгенiмдi айтайын» деп:
Дүние бiр қисық жол бұраңдаған,
Сонда да күдер үзбе, жiгiттер, бiр Алладан.
Есiгiн елу жастың ашып қалсам,
Жүр екен сұлу қыздар, жiгiттер, сылаңдаған-ей, – деп алды да, «ал, мынау алпысқа келгенiмде айтатыным» деп желдiрте жөнелдi:
Қыз едi баяғыдан – мақалымыз,
Бұл күнде шығып кеттi сақалымыз.
Дариға-ай, өткен күннiң белгiсi жоқ,
Қыз кетiп, қатын болды қатарымыз-ей.
Ал, жетпiске жеткендегi айтарымды да тыңдай отырыңыздар.
Салған соң Құдай басқа, амал бар ма,
Кеттi ғой жақсы қыздар жамандарға.
Алпыста ата-бабам қатын алған,
Сондай бiр қайтып келер заман бар ма? – деп ара-арасында қайырмасымен көркемдеп шырқады. Отырғандар Шәмшi ағаның тапқырлығына, жан жадыратар көңiлдi отырысты әдемi әзiлмен әдiптей бiлгенiне риза болысты.
– Сiз айтқан мына әннiң сөзiнен қазақтың қара өлеңдерiнiң сiлемдерi аңғарылады. Жалпы, Сiздiң де жадыңыз мықты екен, бiр естiгеннен бәрiн жаттап алған!
– Шамасы, алдыңғы екi шумағы халық әнi сияқты, ал, кейiнгi екi шумағы расында да өзi жанынан шығарған өлеңге ұқсайды. «Сөзi өзiмдiкi» дегендi айтқанда арзан беделге құмартты ғой дейсiз бе? Бүкiл беделi «Шәмшi Қалдаяқов!» деген жалғыз ауыз сөзге сыйып кететiн Тұлға арзан абыройды неғылсын?! Ал, әндi жаттап алар ма едiк, жоқ па, бiрақ Темiрхан ағамыз осы отырысты бастан-аяқ магнитофонның таспасына жазып алыпты. Бiр айдан кейiн әлгi таспаны қайта тыңдап, әзiл әңгiменi шебер айтатынына таң қалдық. Ал, ағамыздың әнiн магнитофоннан қайтара тыңдап, сол сәтте жаттап алдық. Шәмшi ағаның ән айтқан даусы жазылған ол таспа Темiрхан ағаның үйiнде берiге дейiн тұрды. Әлi де тұрған шығар, оны ендi Темiрхан ағаның өзiнен сұрау керек.
Бұл менiң Шәмшi ағаны ең алғашқы және ең соңғы көруiм едi.
– Әдемi естелiгiңiзбен бөлiскенiңiз үшiн көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Абай БАЛАЖАН,
«Оңтүстiк Қазақстан».