«Оян, қазақ» – жастарымызға мәңгілік тақырып
Алаш азаматы Міржақып Дулатовтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай №136 Міржақып Дулатов атындағы орта мектеп және «Ел-шежіре» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Алаштың айтулы азаматын мектеп балаларына таныту мақсатында конференцияға ғалымдар, әдебиеттанушылар қатысты.
«Елім деп соққан ұлы жүрек» деп конференцияның тақырыбы бекітіліп, Міржақып Дулатовқа арналған басқосуда оның өмір жолына тың көзқарас қалыптастыру, міржақыптану ілімін жандандырып, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, Алаш зиялыларының өмірін кейінгі ұрпаққа насихаттау ғылыми-практикалық конференцияның мақсаты болды. №136 орта мектептегі Міржақып Дулатовқа арналған мұражай қалалық орта мектептер арасынан таңдалған ең мықты мұражайлардың бірі екен. Оны қалалық орта мектептер де мойындапты. Алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова мектеп ұжымына аталған мұражайды оқушыларға арнап дәріс оқитын бөлме қылуды жүктеп отыр. Өйткені Алаш қайраткерінің тұлғасына арналған бөлменің аурасында өзгешелік бар, қайраткерлік рух бар. «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп қайраткердің өзі оқушыларды бақылап отырғандай болады, – деді ғалым. Әдебиетші-ғалымдардың айтуынша, Міржақып Дулатовтың «оян, қазақ» концепциясы қазақ жастарына мәңгілік тақырып бола алады. Қайраткердің ұйықтап жатқан халықты оятуы, оған ағартушы ретінде бағыт беруінің өзі – феномен. XX ғасырдағы оқ бойы озық тұрған мемлекеттердің қатарынан қазақ елін көргісі келген ол ағартушы ретінде білімге жете көңіл бөлді.
Дидахмет ӘШІМХАН, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Ел-шежіре» қоғамдық қорының төрағасы:
– Бүгінде қазақ зиялылары туралы әңгіме көп. Шын мәнінде, қазақ зиялыларының көшбасшылары өткендегі Алаш қайраткерлері болатын. Ал енді осылардың өмір бойы аңсағандары – Тәуелсіздік. Олар айқасты, күресті, бірақ жеңілген сияқты көрінді. Байқасақ, олар жеңілгенімен, олардың рухы жеңілмеген екен. Міне, солардың арманына қазір біз жетіп отырмыз. Мен өз басым міржақыптанушы емеспін. Мәдениет министрлігінің қоғамдық-саяси департаменті тендерлер жариялайды. Сол тендерлерде біз алаштануға қатысты жобаларды ылғи жеңіп алып жүрміз. Биыл Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына байланысты конференциялар, басқосуларды ұйымдастырып келеміз. Тәуелсіздікке қатысты соңғы шарамыз бүгін Міржақыпқа арналып отыр. Осының барлығы болашақ ұрпақ, ел үшін керек, солардың құлағына жете берсін деген мақсатымыз бар. Енді алдағы уақытта «Міржақып атаның базарлығы» деген тақырыпта суретті альбом шығарамыз. Оны мектептердің барлығына таратамыз деген жоспарымыз бар.