Нұртас Адамбай: Ешкімім жоқ екенін түсініп күйзеліске түскен соң дінге келдім
Нұртас Адамбай ислам дініне келгенін айтып, дін жайлы жазбаларды көптеп жариялап жүр. Актер дінге қалай бет бұрғанын, исламды мойындауға не себеп болғанын ашық айтты. Отбасындағы, жеке өміріндегі қиындықтары жайлы сөз етті.
Бұл туралы Бейбіт Әлібековпен сұхбаты барысында айтты.
Нұртас Адамбай бір уақытта күйзеліске түсіп, қатты қиналған. Актер ешкімім жоқ екенін түсінген уақытта Алланы таныдым деп мойындайды.
“Менде бәрі болды. Жұмысым жүріп жатты. Бірақ Алланың сценрийі мүлде басқа. Біз өмірге келмей тұрып біздің тағдырымызды жазып қояды. Біз сол бойынша жүреміз. Мен сондай бір уақытта Алланы таптым десем болады. Ешкім көмектесе алмайтын кездер болады. Жақындарың да, басқа да. Тіпті сенде ешкім жоқ екенін түсінесің. Сонда Алланы таныдым. Исламды мойындап, дінге келдім. Бұл менің дінге бет бұруыма жасалған әрекет шығар. Алланың менің тура жолға салғанына тек қуанамын. Бұл менің шығармашылығыма түк әсер етпейді. Керісінше мен енді елге пайдалы туындылар түсіремін. Көрермендер шығармашылыққа кері әсер етпей ме деп сұрап жатады. Мен бәрі тек жақсы жағына қарай өзгергенін айтамын”, – деді Адамбай.
Актер әйгілі “Келинка Сабина” туындысын біржола өшіріп тастағысы келгенін айтады. Себебі, дінімізде ерлерге ұқсаған әйелдер, әйелге ұқсаған ерлерге лағнет болсын делінген. Кейін ойлана келе бұдан тек сабақ алуды жөн көрген.
“Келинка Сабинаны” мүлде өшіріп тастағым келді. Сондай жоспарым болды. Бірақ ойландым. Сабақ алу керек деп шештім”, – дейді ол.
Режиссер Нұрлан Қоянбаевпен болған аздаған өкпе-реніштің неден туғанын баяндап берді.
“2017 жылы “Казахи” КВН командасымен өнер көрсететін болдық. Маған Қоянбаев хабарласты. КВН-ге ойнауға шақырды. Біріншіден, менің уақытым тапшы еді. Түсірілімде жүрген едім. Олардың барлық дайындығына қатыса алмайтын болдым. Сондықтан тек өзім ғана шығатын бір сценарийге келіскенмін. Бірақ кейіннен маған хабарласпады. Мен соған аздап ренжігендей болдым. Кейін Қоянбаев хабарласып, ренішін айтты. “Сені мен емеспін бе шақырған?” деп ренжіді. Болмайтын дүние. Қазір ойласам, адам ренішпен өзінің өзімшілдігін көрсетеді. Олар неге мені шақырмады деген өзімшілдік. Шақырмады ма, яғни солай болу керек болған. Мүмкін, мен ол жаққа барсам, мына жақтағы жұмысым аяқсыз қалар еді. Солай болу керек болды. Соған көну керек. Қазір сондай көзқараспен қараймын”, – деді режиссер.
Актер әйелімен екі жаққа кетіп, жақын күндері қайта табысқанын жасырмайды. Актер жақында жарымен бірге кіші қажылыққа аттанып, парызын өтеп келген еді.