"Мыстандар ғана өзгермейді": Айгүл Елшібаева елу жасында жиырмадағы қыздай көрінетін әйелдерді сынға алды
Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева "Таңшолпан" бағдарламасында қонақ болып, шамадан тыс жас көріну үшін пышақ астына түсетін, түрлі ота жасататын әйелдерге шүйлікті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Елшібаева бағдарлама студиясында өзінің жас әрі арық кезіндегі суреттерін көріп, қазіргі 45 жасындағы мүсініне көңілі толатынын айтты. "Қазір арық адамның бәрі стандарт деген түсінік шықты. Өзің жасың үлкен болып, қылдырықтай, қыздай болып отырсаң не болды, сонда? Сенің жас ерекшелігіңе сипатың сай болмай тұрса? Қазір қыз қайсы, кемпір қайсы, келіншек қайсы, ажырата алмай қалдық қой... Сондықтан әр жастың өзіне тән сипатымен жүргенге не жетсін?!
Елу жастағы адамның 18-дегі қыздай көрінуі қасиет емес, қасірет. Бұл адамның физикалық жетілмеуі, табиғатқа қарсы шығуы. Әр жастың биологиялық өзгешеліктерін сақтай білу керек. Әр жастың өз қалпын сақтай білу керек. Мен еш жерімді кестірмегем, бүлдірмегем, табиғи түрім - осы. Еш жерімді қидырып көрмедім. Халық өнер адамдарын 20 жасында сахнадан көрсе, сол түрін 50-60 жасқа жеткенше көргісі келеді. Әрине, сахнада сәніңмен, сымбатыңмен, салтанатыңмен жүрген дұрыс. Өзімнің мұндайға қатты қызығушылығым жоқ. Бірақ Роза, Бибігүл апамның жасына барғанда ойланатын шығармын. Мыстандар ғана арықтамайды, семірмейді, өзгермейді", - деді дәстүрлі әнші.