Музыка салтанат құрған кеш
Кеше Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында қазақ өнерінің қарашаңырағы А. Жұбанов мектеп-интернатының мерекелік кеші өтті. Әйгілі музыкатанушы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектебіне биыл 50 жыл толып отыр. «Күй құшағын тербеткен, ән қойнауын» деген атаумен өткен кешке білім ошағының ұжымынан бөлек, мектеп түлектері, билік өкілдері мен өнерсүйер қауым қатысты.
Ұрпақ тәрбиелеу мен білім беру ісінде сүбелі үлес қоса білген мектеп-интернаттың іргетасы 1964 жылы қарашада Қазақ ССР министрлер кабинетінің қаулысымен қазақ музыкасын зерттеуші-ғалым, Қазақстанның халық әртісі, академик Ахмет Жұбановтың бастамасымен ашылған болатын.
Ал жалпы алғанда бұл білім ордасының толықтай қалыптасуына «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ КСР мәдениет қайраткері, профессор Түркістан Өзбеков, Пернебек Момынов, Валерия Мавриди, Арнольд Винтерголлер, Ғазиз Лұқпанов, Самархан Егізбаев пен Сағиолла Жәкеев зор еңбек сіңірді.
Ахан ӘБДУӘЛІ, әнші-жыршы, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мекте-интернатының директоры:
-Бүгінгі күн біздер үшін шынында да толғанысқа толы. Бұл жүрек тулайтын, көңіл шарықтайтын күн. Себебі осыдан тура 50 жыл бұрын, қарашаның 8-і күні ауыл балаларын оқыту мақсатында білім ошағының салтанатты ашылуы болған еді. Мектеп-интернат ашылғалы бері бір мың жиырма тоғыз түлек білім алса, олардың жеті жүзге жуығы республикалық және халықаралық байлаулардың лауреаты атанған. Мектептің жеткен жетістіктері туралы үздіксіз айта беруге болады. Ал бұл педогогтардың тынбай еңбек етуінің жемісі іспетті. Сондықтан бұл барша қазақтың тойы, Қазақстан республикасындағы өнер саласының үлкен тойы деуге болады.
Жалпы, ақиқатында да қазақтың аспаптық төл өнер түрлері бірте-бірте шегіндеп, жетімсіреп, кәдімгі қазақтың өз топырағында өгей бала сияқтанып, ешқандай пайдаға аспай, құрып кетудің көріністері басталған кезде Ақаңның (Ахмет Жұбанов) білек сыбана кірісіп қолға алғанын осы музыка мектебінің өзі-ақ дәлел. Ақаң қазақта бар аспап түрлерін жинаған. Қамыс сырнай мен үскіріктен бастап, скрипкаға дейінгі екі аралықта жүздеген музыка аспабын пайдаланған халықтың тарыдай шашырап кеткен өнерін бір ізге түсіруінің нәтижесінде халық аспаптары оркестрі құрылып, қазіргі Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің негізін қалған еді. Сөйтіп, Ахаң қазақ музыкасын әлемдік профессионалдық деңгейге көтеруге болатынын осындай ізденісінің арқасында жеткен. Иә, ұлы композитор қазағы үшін, қазақтың өнері үшін жанын берген біртуар перзенті еді.
Халқымызда «Арманы биік асыл ер, ұрпақтың қамын ойлайды» деген сөз бар. Мемлекет тарапынан болған қолдаудың арқасында мектеп ұжымы тынбай еңбек етіп, мектеп қабырғасында халықаралық жас орындаушылар байқаулар, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар жүйелі түрде өткізіп келеді.
Кезінде бұл мектеп-интернатын ашудағы мақсат – шалғай ауылдардағы дарынды балаларды жинап, қазақ тілінде кәсіби деңгейде мызыкалық білім беру болатын. Бүгінде ол асқақ арман орындалды да. Соның айғағы бүгінгі мектеп ұжымы мен түлектерден құралған өнерпаздардың мерейтойға арнап дайындаған мерекелік осы концерт.
Кештің ресми бөлімін ашу үшін сахнаға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова көтеріліп, қала әкімі Ахметжан Есімовтың, ал ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері комитетінің төрайымы Ақтоты Райымқұлова ханым болса ҚР Мемлекет хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқып берді.
Комитет төрайымы қатысуымен осы білім ошағында ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет көрсетіліп, ілтіпат білдірілді. Олардың бірқатары ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері және Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.
Кеш барысында қазақтың ұлттық аспаптарынан бөлек үрмелі және ұрмалы аспаптар, фортепьяно, скрипка, альт, виолончель мен контрабас секілді сан түрілі аспаптармен қазақы әуендермен қатар әлемдік, классикалық туындылар орындалды.
Айта кеткен жөн, осы мектептің түлектері ретінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның директоры Мұхтар Өтеуов, Б. Байқадамов атындағы хор капелласының көркемдік жетекшісі Бейімбет Демеу, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Жанат Бақтаева, Ерхат Нұрғалиев пен Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Пернебек Шегебаев есімін атап өтсек те жетіп жатыр.