Музыка мектептерін кеңестік қалыптан шығару керек
– Сіз бүгінде қазақтың біртуар ұлы Ахмет Жұбановтай дарынды тұлға негізін қалаған қазақ музыкасының қара шаңырағын басқарып отырсыз. Өнерді – қызметке, сахнаны директордың орындығына айырбастау сізге қиындау тиген болар?
– Әрине, бұрын ойын-сауық, жиын-тойларға жиі бармасам, ән салмасам тұра алмайтынмын. Алайда қазіргі таңда маған білім ордасын басқару секілді жауапты іс жүктелгеннен кейін аздап өнерді ысыра тұруға тура келді. Кейде тіпті осы басшылықты қойып, өнеріме кетсем деген ойлар да келеді. Болашақта осы білім ошағына қатысты алға қойған біршама жоспарларымызды жүзеге асырсақ, жеке өнеріме қайта оралатын шығармын. Сахнаны сағынамын. Көңілім жабырқаған сәтте жұмыс бөлмемде отырып қолыма домбырамды ала салып, айғайлап ән салып аламын.
– Дегенмен саз мектебін өнерге жанашыр, музыканың қыр-сырын жете меңгерген адам басқарғаны жөн ғой. Қазіргі кезде еліміздегі саз мектептерінің, жалпы, хал-ахуалы туралы не айтар едіңіз?
– Дәл қазіргі кездегі білім саласындағы ең басты кемшін тұсымыздың бірі – мұғалімдердің жалақысының аздығы. Мектеп басшысы болғандықтан, осындағы мұғалімдердің жанкешті еңбегін көріп отырып, жалақыларын берерде тіпті жүрегің ауырады. Дегенмен бұл мәселе де бірте-бірте шешімін табар деп ойлаймын. Өйткені аздап болса да алға жылжушылық бар. Келер жылы жалақымыз 30 пайызға артпақ. Ал саз мектептеріне қатысты мәселеге тоқталар болсам, біздегі оқу стандарты «Дарын» орталығының жалпы оқу стандарттарына сәйкес келмей жатады. Еліміздегі ірі музыка мектептері әлі күнге дейін кезіндегі кеңестік оқу стандартымен оқытып келеді. Осы қалыптан шығуымыз керек. Осыған орай таяуда Республикалық К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің директоры Ақан Абдуллаұлы жалпы музыка мектептеріне арналған оқу стандартын жасады. Бұл стандартты Білім және ғылым министрлігі бекітетін болса, осы жаңа стандартқа ауысып та қаламыз.
– Еліміздегі республикалық дәрежедегі екі мектептің бірі – кезінде осы сіздердің мектеп-интернаттарыңыз, екіншісі – К.Байсейітова атындағы музыка мектебі болатын. Ал қазіргі кезде А.Жұбанов атындағы мектептің республикалық емес, қалалық болуына не себеп?
– Иә, бір кездері бұл мектеп Мәдениет министрлігіне қарады, кейіннен Білім министрлігінің қарамағына ауысты. Мұның да өзіндік себептері болса керек. Қазіргі кезде белгілі бір азаматтардың араласуымен мектебімізге «республикалық» деген мәртебесін қайтаруға тырысудамыз. Жуырда менің алдымда осы мектепке басшылық еткен Нұрлан Өнербаев ағамыз А.Жұбанов атындағы мектептің республикалық болу керектігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Сәті келсе, жақын болашақта қайта республикалық мектепке айналмақпыз. Жақында мектептің ауласына белгілі меценат Болат Назарбаев ағамыз Ахмет Жұбановтың бюсін орнатып берді, ауламызды көгалдандырдық. Тіршілік жасаймын деп ниеттенген адамдардан әкімшілік те, демеушілер де ақша аяп жатқан жоқ. Тек игерілмей жатқан ақшаны орнымен жұмсау керек. Қазір зар-заманды айтатын кез емес.
– Қазір мектептеріңізде тек Алматы қаласының балалары білім алады ғой? Ауылдың балалары ше?
– Әу баста, Ахмет ағамыздың осы мектепті ашқандағы ең басты мақсаты – еліміздің түкпір-түкпірінен қазақтың дарынды балаларын тауып, оларды кәсіби музыкаға үйрету болатын. Бас кезінде 50 бала оқыған мектепте бүгінде 465 бала білім алады, 200 балаға арналған интернатқа 227 бала жатқызып отырмыз. Интернатта жатып оқитын балалардың көбінің әлеуметтік жағдайы мәз емес. Бірінің – әкесі, бірінің шешесі жоқ, тіпті кейбіреуі – тұл жетім, енді бірі – көпбалалы отбасынан шыққан, ал кейбірінің ата-анасы – жұмыссыз. Мұндай балаларды, егер бойында дарыны болса, алмауға дәтің шыдамайды. Мектебіміз қалалық болғандықтан бізге басқа облыстардан, аудандардан оқушы алуға тыйым салынған. Алайда қазір Алматының айналасындағы «Ұлжан», «Әйгерім», «Қалқаман», «Шаңырақ» секілді шағынаудандарға алыс ауылдардан нағыз қазақтың қаймақтары көшіп келіп, орналасып жатыр. Міне, сол шағынаудандарда тұратын балалар бізде көп оқиды.
– Жалпы, бүгінде музыка мектептеріне деген халықтың сұранысы қандай деңгейде?
– Сұраныс өте жоғары. Балаларын музыка мектебінде оқытқысы келетіндердің көптігіне тіпті қуанасың. Биыл мектебімізге оқуға түсу үшін 270 бала емтихан тапсырды. Ал біздің қабылдайтынымыз – 30-34 бала ғана. Бес күн бойы осы балалардан емтихан қабылдағанда басы-қасында өзім болып, кіп-кішкентай бүлдіршіндердің бар ынтасымен мектепке қабылданғылары келетінін көргенде қатты қуандым. Биылғы оқу жылына 35 бала алдық. Алуын алып алып 465 баланы қайда сыйғызарымызды білмей есіміз шықты. Келесі оқу жылында 20-ақ бала аламыз. Себебі мектеп бітіретін түлектеріміздің саны да сондай.
– Бірде белгілі күйші ағамызбен сұхбаттасқанымда, ол кісі «саз мектептерінде скрипкада ойнайтын балалар домбырада ойнайтын балаларға мұрнын шүйіре қарайды, өздерін басқалардан бір табан жоғары санайды» деген еді. Осыған сіз не айтар едіңіз?
– Еуропалық цивилизацияға еліктейтіндер, расында, ұлттық өнерге «ауылдағының аузы сасық» дегендей қарайды. Өз ұлттық өнеріміз басқалардан асып тұрса да «е, бұл өзіміздікі ғой, шетелге жету қайда» деген менсінбеушілік танытады. Жалған намыс, жасанды болмысты көрсеткісі келгендер ғана еуропалық өнерді жоғары қоюы мүмкін. Бірақ біздің мектепте әр салада білім алатындардың барлығы бір-бірімен тең дәрежеде. Ал біздің ұлттық аспаптарымыз ешкімнің аспабынан кем емес. Таяуда мектебіміздің «Ақ желең» фольклорлық ансамблі Түркияға барып, сол елдің халқын таңғалдырып қайтты. Біздің ұлттық аспаптармен кез келген елдің музыкасын ойнауға болады.
Жақында менің «Жетісу ақындарының жыр-сарындары» деген кітабым жарық көрген болатын. Оған Жетісу жерінің әр өңірінен жинап-терген 60 жаңа ән енді. Бірақ сол әндерді терең зерттей алмадым. Кітабымды кітапханаларға үлестіріп бердім. Біздің елімізде авторлардың кітаптарын электронды түрде кітапханаларға тарату жолға қойылса, жақсы болар еді. Шетелдерде болып, кітабымның екі данасын бір кітапханаға апарып бергенімде, ондағылар кітабымды сөреге қойды да, электронды нұсқасын интернет арқылы демде басқа кітапханаларға таратып жіберді. Міне, осындай әдіс, бір жағынан, елдің экономикасы үшін де тиімді болар еді.